Тағылымды іс-шара барысында ақынның өмір жолы мен шығармашылығы кеңінен насихатталып, нәзік лирикаға толы жырлары оқылды.
Кеш қонақтары мен қатысушылар ақынның рухани мұрасы туралы тебірене ой бөлісіп, жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Кеште Күләш Ахметова туралы алғаш кандидаттық диссертация қорғаған М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің қауымдастырылған профессоры, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті Жазира Абдуалиева ақын шығармашылығы жөнінде ғылыми тұрғыда пікір білдіріп, қазақ әдебиетіндегі орны ерекше екеніне тоқталды.
– Күләш Ахметова лирикасындағы ізденіс арналары – ауқымды да ағысты. Тақырыптары да іргелі әрі мәнді. Көзқарас пен қолтаңба мәнеріненақиқатты ту етіп, шынайы шындыққа табан тіреу айқын байқалады. Мазмұндық құрылымы жағынан да ұлт пен ұрпақ мұратына адалдық сезіледі. Ел мен жерге берілгендік, адамдық істі ардақтау, кісілік пен кішілікке ден қою, тарих пен танымға, дәстүр мен дінге, діл мен тілге ерекше мән беріп, көркем де кемел, шебер де шешен жырлайтыны айқын танылады, – дей келе, бүгінгі таңда университетте ақынның құрметіне арнайы ғылыми-зерттеу кабинеті жұмыс істейтінін де айтты.
Сыр-сұхбат форматында өткен іс-шарада Сарыкемер ауылының мектебінен келген ұстаз Алтынай Баймамырова да ақын шығармашылығы туралы өз ізденістерін ортаға салды.
Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің студенттері ақын жырларын нақышына келтіре оқып, көрермен көңілінен шықты. Іс-шарақатысушыларына ақынның өз сұхбаттарынан үзінділер қойылып, фотокөрме де ұсынылды.
Ұлттық поэзия әлеміне өзіндік өрнекпен келген Күләш Ахметова адамдық пен ізгілік иірімдерін нәзік лиризммен, терең толғаммен жырлады. Уақыт талабын жіті зерделеп, әр тақырыпты тереңнен қозғап, ақыл мен сезім үндестігін көрсетті. Ақынның «Қоғаммен біте қайнасқанда ғана өлең өрісі кеңейеді» деген пікірі оның шығармашылық ұстанымын айқындайды.
Жиын барысында ақынның сыршыл поэзиясы, әйел болмысы мен адамзаттық құндылықтарды терең толғаған туындылары ерекше аталып өтті. Күләш Ахметованың жырлары оқырман жүрегіне жол табатын, уақыт өткен сайын мәні тереңдей түсетін асыл мұра екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Кеш соңында қатысушылар ақын рухына тағзым етіп, оның мәңгілік мұрасы саналатын жырлары ұрпақтан ұрпаққа жалғасатынын атап өтті.
Назым ҚОЖАМАР,
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі



