Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ойнақтап жүріп, от баспа, от баспа, күнім

Ойнақтап жүріп, от баспа, от баспа, күнім
Автор
Қызыл гүлдей құлпырып өскен қызбаланың өмір жолы қаншалықты жіңішке болса, соншалықты ауыр. Кекілінде күн сәулесі ойнап, жанары оттай жанып, күлкісіне бұлақтың сыңғыры ғана тең келетін сұлулардың тағдырын тосыннан қырсық шалмаса дейсің. Әсіресе ер адамның қолымен қасақана қастандық жасалмаса деп тілейсің. Көзге жарқырап көрінген көзмоншақтай қылықты қыздардың жалт-жұлт еткен жалғаннан сағы сынбай өтсе екен деп армандайсың.

Ақын Ақұштап Бақтыгереева алданған, сезімі тапталған бойжеткендердің мұңлы тағдыры мен жастық қателіктерін суреттейтін «Қыздардан келген хаттардан» топтамасын құрастырған болатын. «Бірінші хат» атты өлеңінде сүйгеніне алданып, баласымен жалғыз қалған арудың жан сырын жеткізеді.

«Сүйемін» деді ол, құшағын жайды,
Көбелек болып ұштым мен.
Сонымен мендік махаббат айы,
Аспады, апа, үш күннен.
Хабарды салып, ата-ана барып,
Той жасап алып кетем деп.
Төртінші күні киімін алып,
Сапарға кетті секеңдеп.
Торына сезім қамалып қалғам,
Жазамын сізге мұңлы сыр.
Мен сүйген жаннан бір аумай қалған, Іңгәлап жатыр тұңғыш ұл.
Өзегін өкініш өртеп, мұңға батқан қыздың жанайқайы бұл.

Ақын осы шығармаларында жас қыздарды аңғалдықтан сақтандырып, жігіттердің жауапкершілігін, қыз тағдырының ауырлығын, махаббат пен жастықтың қателігін толғайды. Өмірдің ащы шындығын көрсете отырып, оқырманын сезімге ұқыпты қарауға, қателіктерден сақтандыруға ұмтылады. Сөйтіп, ақын өз жыры арқылы қыз балалардың тәрбиесі мен олардың өміріне ерекше мән береді.

Жалпы ерте жүктілік – қоғамды толғандырған өзекті мәселелердің бірі. Ерте жүктілік – тек бір сәттік шешімнің салдары емес, тұтас өмірге әсер ететін күрделі мәселе. Сондықтан жастарға дұрыс бағыт беру – қоғамның ортақ міндеті. Ақпараттандыру, тәрбие және қолдау арқылы ғана біз бұл мәселенің алдын ала аламыз. Сайып келгенде, әрбір қыз бала өз болашағының иесі екенін түсінуі керек. Денсаулыққа ұқыпты қарау, білімге ұмтылу және саналы шешім қабылдау – жарқынболашақтың кепілі. Өмірдің әр кезеңі өз уақытымен келгенде ғана адам толық бақытқа жете алады.

Осы тақырып аясында біз мәселені тереңірек түсіну мақсатында акушер гинеколог дәрігер, балалар гинекологі Ақерке Тоқбергеноваға жүгінген едік. Маманнан қыз балалар арасындағы ерте жүктіліктің зияны мен қаупі туралы сұрадық. Сұхбат барысында ол бұл мәселенің медициналық және әлеуметтік қырларын жан-жақты түсіндіріп, ерте жүктіліктің қыз баланың денсаулығына тигізетін әсеріне тоқталды.

– Бұл мәселені тек биологиялық тұрғыдан емес, тұтас өмірлік процесс ретінде қарастыру аса маңызды. Қыз баланың ағзасы толық жетілмей тұрып ерте жыныстық қатынасқа түсуі немесе ерте жүктілікке тап болуы көптеген қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Себебі жасөспірім кезеңде репродуктивті жүйе әлі толық қалыптасып үлгермейді. Жамбас сүйектері мен ішкі мүшелердің дамуы аяқталмаған жағдайда жүктілік пен босану процесі ана үшін де, бала үшін де күрделі өтеді. Мұндай жағдайда босану барысында әртүрлі асқынулар жиі кездеседі. Табиғи жолмен босану қиынға соғып, медициналық араласуды қажет ететін жағдайлар көбейеді. Сонымен қатар босану жарақаттарының қаупі жоғарылап, әйел ағзасының қалпына келуі ұзаққа созылады.

Ерте жүктілік тек босану процесімен шектелмейді. Ол жүктілік кезеңінде де анемия, түсік қаупі, шала туу сияқты түрлі асқынуларға себеп болуы ықтимал. Мұның барлығы ананың да, баланың да денсаулығына тікелей қауіп төндіретін факторлар.

Медициналық тәжірибе көрсеткендей, жас организм жүктілікке толық дайын болмаған кезде иммундық жүйе де әлсірейді. Бұл өз кезегінде инфекциялық ауруларға бейімділікті арттырады. Жүктілік кезінде ағзаның қосымша жүктемені көтеруі қиынға соғып, жалпы әлсіздік пен түрлі физиологиялық өзгерістер байқалады. Сонымен қатар ерте жыныстық қатынас жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралу қаупін де арттырады. Бұл тек бірреттік мәселе емес, болашақта бедеулікке дейін әкелуі мүмкін ауыр салдарларға себеп болады. Қабыну процестері жиі қайталанса, репродуктивті жүйенің табиғи қызметі бұзылады. 

Жасөспірім шақта жатыр мойнының тіндері де толық жетілмеген күйде болады. Уақыт өте келе бұл дисплазия сияқты патологиялық жағдайларға, ал кейбір жағдайларда онкологиялық тәуекелдерге дейін әкелуі мүмкін деген ғылыми деректер бар.

Психологиялық тұрғыдан алғанда да ерте жыныстық қатынас немесе ерте ана болу қыз бала үшін үлкен сынақ. Жас организм тек физиологиялық тұрғыдан емес, эмоционалдық және психологиялық жағынан да толық қалыптасып үлгермейді. Мұндай жағдайда жауапкершілік, отбасылық өмір және ана болу секілді ауыр міндеттерді қабылдау қиынға соғады.

Көбіне бұл жағдай стресс, ішкі күйзеліс және депрессиялық ахуалға алып келеді. Жас қыздың өмірлік жоспарлары үзіліп, білім алу мүмкіндігі шектелуі ықтимал. Бұл оның болашақ әлеуметтік жағдайына да тікелей әсер етеді.

Дайындықсыз қабылданған шешімдер жас жұптар арасында түсінбеушілікке, эмоционалдық қақтығыстарға әкеледі. Сондықтан медицинада және қоғамдық денсаулық сақтау саласында ерте жүктіліктің алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстары, ашық әңгімелер мен ақпараттық кездесулердің маңызы зор. Жастардың дұрыс ақпарат алуына жағдай жасау көптеген қауіптің алдын алады.

Репродуктивті денсаулық үшін ең қауіпсіз және қолайлы кезең ретінде жиырма мен отыз жас аралығы қарастырылады. Бұл уақытта ағза толық жетіліп, жүктілік пен босану процесі ана үшін де, бала үшін де салыстырмалы түрде қауіпсіз өтеді. Сонымен қатар әйел ағзасы физиологиялық тұрғыдан тұрақты болады және гормондық тепе-теңдік қалыптасқан күйде сақталады.

Мұндай жағдай жүктіліктің жеңіл өтуіне және баланың дұрыс дамуына оң әсер етеді.

Сондай-ақ психологиялық дайындық та маңызды рөл атқарады. Бұл кезеңде адам өмірлік тәжірибе жинақтап, жауапкершілікті тереңірек түсіне бастайды. Отбасылық өмір мен ана болуға деген көзқарас та қалыптасады.

Сондықтан әрбір жас қыз өз болашағына бейжай қарамауы тиіс. Денсаулықты сақтау тек медициналық талап емес, ол өмірлік мәдениет пен саналы таңдаудың көрінісі. Қыз баланың денсаулығы қоғамның да денсаулығы екенін ұмытпауымыз қажет. Осындай мәселелерді ашық талқылау, дұрыс ақпарат тарату және жастарға қолдау көрсету арқылы ғана біз саналы әрі дені сау ұрпақ қалыптастыра аламыз. Дәрігер ретінде айтарым, әрбір шешім өмірге әсер ететін маңызды қадам екенін естен шығармау қажет, – деді Ақерке Ахметқызы.

Қазіргі таңда дәрігерлер мен психологтар бірлесіп жұмыс істеп, жасөспірімдерге өз денсаулығын қорғаудың маңызын түсіндіруге ерекше мән беріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тек құрғақ ақпарат берумен шектелмей, жас буынның санасына терең ой салуды көздейді. Әрбір кездесу мен түсіндіру сабағы олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Мамандар жасөспірім кезеңнің нәзік әрі жауапты уақыт екенін жақсы түсінеді. Сондықтан олар әрбір сөзін ойланып, жүрекке жететін тілмен жеткізуге тырысып бағуда. Жас қыздар мен ұлдарға денсаулықтың қадірін ерте ұғындыру болашақтың берік іргесін қалау деген сөз. Бұл жұмыс тек медицина аясында ғана қалып қоймауы керек. Ол адамның өзін-өзі тануына, ішкі мәдениетін қалыптастыруына жол ашады. Өзін құрметтеген адам ғана өз денсаулығына бейжай қарамайды. Ал бұл саналы ұрпақ тәрбиелеудің басты негіздерінің бірі.

Осы орайда бір оқиға ойға оралып отыр. Таразда ойнап-күлемін деп от басқан, аяғы ауыр, барар жері, басар тауы қалмаған қыз келіншектерді қарамағына алып, қамкөңіл жанға қамқорлық танытатын «Аналар үйі» бар. Сол үйді мекен етіп жатқан аналар мен сәбилердің жағдайымен жақынырақ танысу мақсатында ат басын бұрған едік. Бұл үйде тұрып жатқандардың барлығы дерлік сүйген жігітінен опық жегендер екен.

Әңгімелері ұқсас, бөпелері де, жастары да бір-бірімен шамалас өрімдей қыздардың анаға айналғандағы мұңы ортақ. Құндақтаулы баласын омырауына қысқан сайын өткеніне өкініп, өзегін өкініш өртегендердің бәрінің дерлік ата-аналары уыздай қыздарының бұл халінен бейхабар. Бірі ауылдағы ата-анасын колледжде оқып жүрмін деп алдаса, енді бірі қолы тимей жүргенін айтып ақталады. Бірақ күндердің күні есін жиып, етек-жеңдерін жинаған күні жолдан тапқан жиенді нағашыларымен таныстыратын сәт те туар.

Көбелектің қанаты секілді үлбіреп, жауқазын гүлдей енді ашылар шағында сезімнің торына қамалған қарлығаштар беймезгіл шақта бейшара күйге түскеніне кімді кінәларын білмей, көз жастарына ерік берді. Арын таптап кеткен жігіттерінің артынан жүгіруге дәрмен жоқ, ата анасына айтуға батылы жетпейді, сөйтіп, құндақтаулы бөпесін құшағына басып, «Аналар үйін» мекендеп қала береді. Ал ерте жүкті болған қыз бала тұңғышын алдырып тастаса, одан кейін сәби сүюі екіталай...

Қоғамда өз еркімен ерте тұрмыс құрып, ана атанып жатқан қыздар да аз емес. Олар өмірдің жауапкершілігін ерте сезініп, отбасылық жылылықтың ортасында жетіліп ақ кетеді. Мұндай жағдайда жас ана бала тәрбиесін үлкендердің көмегімен бірге атқарып, өзі де сол үдерісте есейеді. Уақыт өте келе олар өмірдің түрлі сынақтарына төтеп беріп, өз бақытын таба білген жандарға айналады. Ерте гүлдеп, ерте ана атанса да жүрегінде мейірім мен төзім бар қыздардың тағдыры солай сәтті қалыптасып жатады.

Дегенмен бұл құбылыстың екінші қыры да бар екенін естен шығаруға болмайды. Әлі толық қалыптаспаған сана мен жетіле қоймаған ағза үшін мұндай жағдайдың салмағы ауыр болуы мүмкін. Жастық шақ – адамның өзін табатын, білім алып, болашағын айқындайтын кезең. Осындай маңызды уақытта асығыс жасалған таңдау кейбір мүмкіндіктерді шектеп тастауы ықтимал. Сондықтан әрбір қадам ойланып, саналы түрде жасалуы тиіс. Қыз баланың денсаулығы мен тағдыры – тек жеке мәселе емес, тұтас ұлттың болашағымен астасып жатқан құндылық.

Құралай Сейсенбек

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар