Облыстық тексеру комиссиясы мемлекеттік аудит объектілерінің 2025 жылға арналған тізбесіне сәйкес, «Жергілікті атқарушы орган қызметінің Талас ауданының дамуына әсер ету тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиті» бойынша мемлекеттік аудит жүргізген. Тексеру комиссиясының мүшесі Асылхан Шаймерденовтің айтуынша, 9 мемлекеттік мекеме және 1 кәсіпорынға үстеме тексеру жүргізілген. Нәтижесінде бірқатар олқылық анықталған. Олардың жалпы сомасы 20 204 469,7 мың теңгені құрап отыр.
– Жүргізілген мемлекеттік аудит Талас ауданындағы жергілікті атқарушы органдар жұмысының нақты ахуалын айқын көрсетті. 2022-2025 жылдар аралығында 32 477,4 миллион теңге қаражат қамтылып, оның 20 204,5 миллион теңгесі бойынша бұзушылықтардың анықталуы, қаржылық тәртіптің 62,2 пайыз деңгейде болуы көңіл көншітпейді. Анықталған бұзушылықтардың 18 009,9 миллион теңгесі қаржылық сипатта. Оның ішінде бюджетке түсуі тиіс 55,7 миллион теңге болса, өтелуге жататыны 231,9 миллион теңге, ал 17 722,3 миллион теңге қалпына келтірілуі қажет. Бұдан бөлек 2 194,7 миллион теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланып, пайдаланылған. Рәсімдік бұзушылықтардың саны 228-ге жеткен.
Аудит барысында бюджет қаражатын игермеу, негізсіз жоспарлау және тиімсіз пайдалану фактілері анықталған. Бірқатар мекемеде бухгалтерлік есеп талаптары сақталмай, негізгі құралдар уақытылы есепке алынбаған, амортизация жүргізілмеген. Сондай-ақ негізсіз есептен шығару деректері тіркелген. Нәтижесінде қаржылық есептіліктің бұрмалануына жол берілген. Мемлекеттік сатып алу саласында да заң талаптарының сақталмауы байқалады. Тапсырыс берушілер тарапынан мердігерлерге қатысты өсімпұл есептелмеген, жосықсыз қатысушы деп тану үшін сотқа жүгіну шаралары қолданылмаған. Сонымен қатар бір көзден сатып алу тәсілі негізсіз қолданылып, әлеуетті өнім берушілерге тең мүмкіндік берілмеген.
Құрылыс саласында жобалау-сметалық құжаттамадан ауытқулар, жұмыстарды қабылдау тәртібінің сақталмауы және сапаға қатысты ескертулерге қарамастан нысандарды пайдалануға беру фактілері анықталған. Бұл өз кезегіндеинфрақұрылымның сапасына және халық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Талас ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында жүргізілген аудит нәтижесінде 55,7 миллион теңге көлемінде қаржылық бұзушылыққа жол берілген. Бұл салықтық әкімшілендіру жұмыстарының жеткіліксіз деңгейде жүргізілгенін көрсетеді.
Аудит қорытындысы бойынша 82 материал уәкілетті органдарға жолданып, оның 57-сі ішкі мемлекеттік аудит департаментіне, 25-і мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасына берілген. Сонымен қатар 3 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған. Жалпы алғанда жүргізілген аудит нәтижелері атқарушы органдар қызметінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белгілі бір деңгейде әсер еткенін көрсетеді. Алайда жол, инженерлік-коммуникациялық және әлеуметтік нысандардағы сапа мәселелері, сондай-ақ бюджет қаражатын жоспарлау мен игерудегі кемшіліктер оның тиімділігін төмендетіп отыр. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «жергілікті атқарушы орган қызметінің тиімділігі жеткіліксіз» деп бағалауға болады. Ал кірістер басқармасының қызметі «қанағаттанарлық» деңгейде деп танылғанымен, бұл бағытта да жұмысты жетілдіру қажет. Қорытындылай келе, жергілікті атқарушы орган қызметініңтиімділігін әлі де арттыра түсу керек, – деді Асылхан Әуесханұлы.
Осы мәселелерге қатысты Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков жауап берді.
– Аудит барысында айтылған сын ескертпелермен келісеміз. Көтерілген әрбір мәселе бойынша нақты шаралар қабылданып, кемшіліктерді жою бағытындағы жұмыстар жүйеленіп атқарылатын болады. Сонымен қатар алдағы кезеңде мұндай олқылықтардың қайталанбауы үшін бақылау мен жауапкершілік күшейтіледі. Қазіргі таңда жобаларды қайта қарап, бюджет қаражатын үнемдеуге басымдық беріп отырмыз. Жалпы 100 миллион теңгеге дейін қаражатты үнемдеу көзделуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді Нұрбол Әбдімәжитұлы.
Мамандардың айтуынша, қаржыны дұрыс басқармаудың салдары осылайша сан соқтырып отыр. Айта кетерлгі, Талас ауданында 1 қала, 23 ауылдық елді мекен бар. Бүгінде 50 мыңға жуық халық тұрады. Бюджеттің дұрыс басқарылмауы тек сол қарашаның тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, күллі облыстың дамуына теріс әсер етері анық.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ




