Осы мәселенің нақты көрінісі ретінде Алматы қаласында көтерілген жағдай қоғамда кең резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде тараған бейнеүндеуде көпбалалы ана мектеп бітіру кешіне байланысты жиналып жатқан қаражат көлеміне ашық түрде наразылық білдірген. Оның айтуынша, кейбір мектептерде әр оқушыдан жиналатын сома 200 мың теңгеден асып кетіп, бұл қарапайым отбасылар үшін ауыр жүктеме болып отыр.
– Біздің мектепте әр бала үшін бітіру кешіне 200 мың теңгеден ақша жиналып жатыр, кей жағдайларда одан да жоғары. Бұл кез келген отбасы үшін оңай шығын емес. Мен қаржы саласында 30 жылдық тәжірибесі бар адам ретінде айта аламын: мұнда нақты смета, ашық есеп жоқ. Қаражаттың қайда жұмсалатыны толық көрсетілмейді. Ата-аналарға көбіне «баланың болашағы үшін» немесе «баланы қатарынан қалдырма» деген қысым жасалады. Бірақ менің ойымша, біз балаларды ақша жинау қалыпты нәрсе деген түсінікке бейімдеп бара жатқан жоқпыз ба? Бұл жағдай жыл сайын қайталанады, бірақ жүйелі шешім табылмай келеді, – дейді ол.
Аталған үндеуден кейін қоғамда пікір екіге жарылып, мәселе тек әлеуметтік желі деңгейінде қалып қоймай, ресми органдардың да назарын аударды. Оқу-ағарту министрлігі бітіру кештерін өткізу тәртібіне қатысты бірқатар шектеу енгізілетінін мәлімдеп, бұл бағытта нақты регламент дайындалып жатқанын хабарлады.
Қазақстан Республикасының Оқуағарту министрлігінің сайтында: «Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп орта білім беру ұйымдарында бітіру кештерін өткізуге байланысты талаптарды нақтылады. Осы мақсатта бірлескен бұйрық қабылданатын болады.
Қабылданған шаралар білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, олардың құқықтарын қорғауды және құқықбұзушылықтардың алдын алуды қарастырады.
Аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында ұйымдастырылады.
Білім алушылардан, олардың атааналарынан немесе заңды өкілдерінен қаражат және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынады.
Белгіленген талаптарға сәйкес, бітіру кештерін білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде ұйымдастыруға жол берілмейді. Жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығындарды талап етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық ісшараларды ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Ішкі істер органдары тарапынан құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар тапсырылды», – деп жазылған.
Министрлік өкілдері бұл шешім бітіру кештерінің мазмұнын түбегейлі өзгертпесе де, олардың форматын қарапайым әрі тәрбиелік бағытқа бейімдеуге ықпал ететінін атап өтеді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға мектептерде түсіндіру жұмыстарын күшейту және артық шығынға жол бермеу тапсырылған.
Алайда ата-аналар арасында бұл мәселеге қатысты пікірлер әртүрлі болып отыр. Бір бөлігі шығынның шектен тыс өсіп кеткенін айтып, нақты цифрлар мен мысалдар келтірсе, екінші бөлігі бұл күннің баланың өміріндегі ерекше рөлін алға тартады. Дейтұрғанмен осы тақырыпқа байланысты сұрақтарымызға жауап берген ата-аналар аты-жөндері және балалары оқитын мектепті атамауымызды өтінді.
– Биыл қызым мектеп бітіріп жатыр. 11 жыл оқыған мектебінде қатарластары сияқты барлық іс-шараға қатысқысы келеді. Мектеп бітіру кешіне дайындықты 4 ай бұрын бастадық. Қазір мектеп бітіру дегеннің өзі түгелдей ақшаға тіреліп тұр. Ұсақ-түйек деп жүргеннің бәрі жинала келе қомақты қаржы болды.Бүгінде бір балаға шығын кем дегенде 200 000 теңгеден асады. Тіпті 200 000 теңге жетсе, жақсы, кейде одан да асып кетеді. Әрине, аз ақша емес. Бірақ баланы қатарынан қалдырмау үшін біз сияқты атааналар амалсыз келісіп, сұраған ақшаны тауып береміз.Мектеп бітіруге арналған лента алдық, арнайы форма тіктірдік. Одан кейін бітіру кешінен соң болатын банкетке бөлек ақша жинадық. Мейрамхананы алдын ала броньдап қойдық, бір оқушыға шамамен 30 000 теңгеден шықты. Оның үстіне банкетке тағы да бөлек киім алу керек болды. Қыз бала болған соң көйлегі, макияжы тағы бар. Сұлулық салонына жазылдық, оның өзі – кемі 20 000 теңге.Естелік болсын деп виньеткаға түседі. Бір ғана фотосессия үшін, бірнеше образ ауыстырады. Соған киімге шамамен 100 000 теңге кетсе, фото түсіретін зал, фотографтың қызметі қосылып тағы 200 000 теңгеге жуық шығын шықты.Оған қоса сынып жетекшісіне сыйлыққа деп ақша жинаймыз. Онымен тоқтамай, бұрын сабақ берген мұғалімдеріне де сыйлық жасау керек дейді. Әрқайсысына бөлек жинап, тағы да шығын көбейеді.Сонда қарасаң, мектеп бітіру кеші бір күндік шара болғанымен, оған кететін шығынды ата-ана шығарады. Бір жағынан, бұл баланың өміріндегі маңызды сәт, атаана ретінде қолдау көрсеткің келеді. Бірақ екінші жағынан, бәрі шектен тыс қымбаттап кеткендей. Кейде бұл расымен де естелік үшін бе, әлде бір-бірінен қалмау үшін жасалып жатқан дүние ме деп ойланып қаласың, – дейді Тараз қаласының тұрғыны.
Тағы бір ата-ана шығындардың қалай жиналатынын егжей-тегжейлі сипаттап берді.
– Басында бәрі ұсақ-түйек сияқты көрінеді. Мысалы, мектеп үшін лента алдық – шамамен 1 000 теңге. Ағаш егуге және символикалық сыйлықтарға 10 000 теңге жиналды. Мейрамханаға екі адамнан шамамен 25-30 мың теңге шығып отыр. Вальс үйрету үшін хореограф жалдадық, оның еңбекақысы 5 000 теңге болды. Виньетка мен фотосессияға 16 000 теңге кетті. Сонымен қатар бірнеше локацияда түсіреміз деп түрлі киім алдық, ол шамамен 30 000 теңге болды. Оған аяқкиім, макияж, қосымша шығындарды қоссаңыз, жалпы сома тез өсіп кетеді. Ер балаларда да шығын аз емес, ал қыз балаларда бұл тіпті жоғары деңгейге жетеді, – дейді ата-ана.
Ата-аналардың айтуынша, шығынның ең үлкен бөлігі мейрамхана мен фотовидео түсірілімге кетеді, ал соңғы жылдары мобилограф, асаба, музыкант сияқты қосымша қызметтер де міндетті элементке айнала бастаған.
Сонымен қатар бітіру кешінің маңызын жоғары қоятын ата-аналар да бар. Олар бұл күннің тек шығын емес, баланың өміріндегі ерекше эмоциялық сәт екенін айтады.
– Министрліктің талаптарын білеміз, бірақ біз алдын ала дайындалып қойғанбыз. Мейрамханаға тапсырыс беріп, бәрін жоспарлап қойдық. Бұл – баламыздың өміріндегі бір-ақ рет болатын күн. Сондықтан оны қарапайым өткізгеніміз жарамас. Біз үшін ақша емес, баланың қуанышы маңызды, – дейді тағы бір ата-ана.
Осылайша мектеп бітіру кеші мерекелік шара ғана емес, әлеуметтік теңсіздік, қаржылық қысым және қоғамдық бәсеке мәселелерін қатар көтеріп отырған күрделі құбылысқа айналып отыр. Бір тарап оны қарапайым форматта, мектеп қабырғасында өткізуді құптаса, екінші тарап салтанатты дәстүрді сақтауды маңызды деп санайды. Бұған қоса өткен жылдан бері аттестат тапсыру салтанатына мектеп бітіруші қыздар қауымы гүл алуды үрдіске айналып отыр. Яғни іс-шараға келген атаанасы немесе бауыр, туыстары міндетті түрде үлкен букет әкелуі тиіс. Гүлдің саны көп болған сайын қатарластарының арасында мәртебелері көтеріліп қаладымыс. Бұл «дәстүр» де ата-аналардың қалтасына кәдімгідей салмақ болмақ.
Ягодный, вишневый, рыночный...
Ұқсас жаңалықтар
Тараздағы ҚАЖ мекемесінде Ұлттық кітап күніне орай тағылымды шара өтті
- авторAR-AY
- 23 сәуір, 2026



