Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ғасырлар қойнауында жетілген қойылым

Ғасырлар қойнауында жетілген қойылым
Автор
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының репертуары тағы бір тағылымды туындымен толықты. Театр ұжымы көрермен назарына жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» шығармасы желісімен сахналанған жаңа қойылымды ұсынды.

Қойылымның режиссері – Гауһар Адай. Ал сахналық кеңістікті үйлестірген қоюшы-суретшісі – Мәдениет саласының үздігі Гүлдана Алина. Шығармашылық топ тарихи кезеңнің тынысын дәл жеткізіп, көрерменді ғасырлар қойнауына жетелейді.

«Сұлтан  Бейбарыс» шығармасы – орта ғасырда Мысыр, Иордания, Сирия, Ливан, Израиль, Палестина, Хижаз жері мен Ирактың Ефрат өзенінің батыс өңірін, Түркияның оңтүстікшығысындағы жерлерді қамтыған Мәмлүк мемлекетін 132 жыл басқарған қыпшақ династиясының негізін салушы, жат жерде 17 жыл сұлтандық құрған Бейбарыстың күрделі, күреске толы тағдырын баяндайды.

Сұлтан Бейбарыс – ішкі әлемі мен бітім-болмысы ерекше, рухы күшті күрескер. Ол – Дешті Қыпшақ даласында дүниеге келіп, он жасында құлдыққа өзге елге сатылып, қатардағы құлдан Мысыр елінің кемеңгер билеушісі дәрежесіне көтерілген күрделі бейне. Атақ пен даңқ және билік шыңына жету жолында ұлы мақсаттар мен міндеттер үшін құрбандыққа барған жан. Қарамақайшылыққа толы ғұмырында ол небір соқпақтардан өтеді.

Спектакль желісі Бейбарыстың әділ басшы, алғыр дипломат әрі қайсар қолбасшы ретіндегі болмысын ашып көрсетеді. Оның өміріндегі күрес пен жеңіс, достық пен сатқындық, тағдыр мен таңдау сынды мәңгілік тақырыптар көрермен көңіліне терең ой салады. Қойылым барысында қазақ халқының бай мәдени мұрасы – ұлттық музыка, әуен, би және салтдәстүр көркем үйлесім тапқан.

Басты рөл – Сұлтан Бейбарыс бейнесін театрдың тәжірибелі актері, Мәдениет саласының үздігі Кенен Ақүрпеков сомдады. Ал Алтын Орда елшісі рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан жоғары кәсібилікпен алып шықты. Тарихшы Тәңірберді образын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков шебер жеткізсе, Хуан Пірадар к ейіпк ерін Мәмбет Қожалиев сахнада сәтті бейнеледі. Қалауын рөлінде Жандар Қырықбаев, Сұлтанның анасы образында Гаухар Сұлтанбекова, ал Фатима рөлінде жас актриса Ақнұр Елемесова көрермен ықыласына бөленді. Құтыс бейнесін Жандос Ильясбеков сомдады.

Премьера соңында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының атынан шығармашылық ұжымға ықылас гүлі табысталып, кештің көркін айшықтай түсті. Сонымен қатар Асқар Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры Ақылдос Тәжиев қойылымның қоюшы-режиссері Гауһар Адай мен қоюшы-суретшісі Гүлдана Алинаға ерекше ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыс етті.

Тарихи-драмалық қойылым көрерменінің жүрегіне жол тауып, ыстық ықылас пен зор қошеметке ие болды. Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі

Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар