«ОЛ КЕЗДЕ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫН БІТІРГЕНДЕР ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ ЕДІ»
Бүгінде не көп – ұстаз көп. Ал шын мәнінде шәкірт жүрегіне жол тауып, оны талант ретінде танып, көкірек көзін аша білген адам ғана ұстаз деген атқа лайық. Шетте жатқан Мойынқұмда жүріп-ақ білім саласына көп жаңалық алып келген, шәкірттері шетінен ғалым, профессор атанған Сағынбек Әшірбековті жұрт нағыз педагог деп біледі. Ұлт ұрпағын ұлылар жолына жетелеуде еңбегі еш кетпегенін оның он бір шәкіртінің мектеп директоры атануы айғақтайды. Әулиета өңіріне есімі белгілі, ғалым, ұстаздардың ұстазы атанған кейіпкеріміз бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Осы орайда ҚР «Білім беру ісінің үздігі», Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Құрметті профессоры Сағынбек Әшірбековпен жүздесіп, өнегелі өмірі ұрпаққа үлгі боларлық тағылымды әңгімесін тыңдаған едік.
– Сіздің қырық жылдан астам ұстаз, оның ішінде 30 жыл мектеп директоры болғаныңызды естіп таңдандық. Еңбек жолыңызды бастаған сәттеріңіз, қызықты оқиғалар есіңізде болар?
– 1966 жылы Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) физика және химия пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірдік. Ол уақытта ондай оқу орнын күндізгі бөлімде бітіріп шығу – ілуде біреудің басына қонатын бақыт еді. Ауыл мектептерінде жоғары оқу орнын сырттай оқып жүргендер, мықтағанда училище мен техникум (қазіргіше колледж) бітіргендер сабақ беріп жүрген. Тіпті орта мектепті жоғары үлгеріммен бітірген түлектер де бастауыш сыныптарға білгенін үйрете беретін жағдайлар да кездесуші еді. Ал осыдан алпыс жылға жуық уақыт бұрын мыңның ішінде біреудің қолы жететін үлкен оқуды өмірлік жарым Айсұлу Тәнекеқызымен бірге қатар бітіріп келгенімде әкем Әшірбек қария қандай қуанды десеңізші! Ерлі-зайыпты екеуміз Мойынқұм ауданының Құмөзек ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке мұғалімдікке жіберілдік. Ол кездегі мұғалімнің беделі деген қандай биік. Екеуміз де химия мен физика пәндерінің мұғалімі екенімізді жоғарыда айттым. Дегенмен сол кезеңдердегі маман тапшылығына байланысты математика, биология пәндерінен де сабақ беріп жүрдік. Бір сөзбен айтқанда, шалғайда жатқан Құмөзекке жарқырап жанған жарықшам болғымыз келді. Бола алдық па, бола алмадық па, оны басқалар айта жатар. Мен жөнінде беріректе Білім беру ісінің үздігі Кәрішал Дәуренбеков «Мойынқұмның Алтынсарины» деп атап еді. Осы сөз бекер болмаса керек.
– Мектеп басқарған жылдарыңыз да сәтті болған секілді. Мойынқұмдықтар жыр қылып айтып жүр. Ол кезде мектеп директоры болу қалай еді? Директорлыққа қызмет деп қарадыңыз ба, ұстаздық деп қарадыңыз ба?
– Осылай үлкен сәттілікпен басталған еңбек жолы абыройлы қызметке ұласты. Жеті жыл аталған мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде жақсы тәжірибе жинадым. Оның екі жылында директордың міндетін уақытша атқардым. Осыны ескерген аудандық партия комитеті мен білім бөлімі қазіргі Қарабөгет ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепке директор етіп жіберді. 36 жастан енді асқан маман едім. 200 оқушысы, 27 мұғалімі бар ұжымды басқаруға тәуекел еттім. Өз алдына жауапкершілік алып, мекеме басқару оңай шаруа емес. Ал білім саласына басшылық жасау – өте күрделі. Аталған мектепті де аз жылда алдыңғы қатарға шығардым. Онан соң өзім еңбек жолымды бастаған Ы.Алтынсарин орта мектебін табаны күректей 15 жыл басқардым. Мен директор болғанда мектептегі оқушы саны 300 бала болса, оншақты жылдың ішінде 630 оқушыға көбейді. Осы жылдар ішінде аталған мектептен 9 мұғалім одақ, республика деңгейіндегі ірі марапаттарға ие болды. Олардың ішінде КСРО Білім беру ісінің үздігі атанғандар да, орден-медальдармен марапатталғандары да болды. Ал Ы.Алтынсарин орта мектебі республикадағы үздік он мектептің қатарына енді. Республикадағы он мектептің қатарына ену деген қандай ерен еңбек, уақытпен санаспау, маңдай тердің жемісі екенін көз алдыңызға әкеле беріңіз. Сол жылдары аталған мектепте жоғары сынып оқушыларын еңбекке баулу үрдісі ерекше белең алды. Мектептің қосалқы шаруашылығында 200 мүйізді ірі қара, 200 қой болды. 100 гектар жерге егілген жүгеріні де күтіп-баптау осы орта мектеп ұжымына жүктелді. Жазғы еңбек демалысында жоғары сынып оқушыларын еңбекке тарта отырып, аталған мектеп ұжымы бұл жұмыстың да үдесінен шықтық. Әрине, бұл да ұйымдастырушылық қабілеттің жоғарылығын көрсетеді. Сол кездегі «Құмөзек» кеңшарының директоры Несіпбай Есілбаевпен берік байланыс орнатып, мектептің қосымша қаржы табуына жол аштық.
Кейіннен Айдарлы ауылындағы артта кенжелеп қалған Кеңес орта мектебін басқарып, төрт жылда жақсы білім ошағының қатарына қостым. Ол уақытта көгілдір отын жоқ. Мектептер пешпен жылытылады. Қыстыгүні білім ошағын жылыту оңай емес. Бұл жұмыстың қиындығына да төтеп беріп, жолға қойдық. Кейіннен аудан орталығындағы Жамбыл орта мектебін 6 жыл басқарып, мектеп-гимназия статусын алып бердік. Осы мектептен сол жылдары бірнеше оқушы «Алтын белгі» жоғары марапатына ие болыпты. Түйіндеп айтқанда, 65 жасыма дейін 30 жыл үздіксіз мектеп директоры қызметінде болдым. Оны ұстаздық деп те, қызмет деп те түсінемін. Мектептерге осылайша ұзақ жыл бірінші басшы болған мамандар көп емес шығар. Бұл орайда төл шәкіртім, филология ғылымдарының докторы, облыстық мәслихаттың депутаты, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының президенті Ерболат Саурықов «Сағынбек Әшірбекұлы ағайым жайлы өте көп естелік айтуыма болады. Мыңдаған оқушылармен бірге менің де қалыптасуыма ерекше ықпал еткен мұғалім сол кісі. Сағынбек ағай Құмөзектегі Ы.Алтынсарин орта мектебінен білім алған жылдарымда мектеп директоры болды. Ағай жүріс-тұрысымен, елгезектігімен, әр оқушыны танып тұратын асыл қасиетімен де ерекшеленді. Балалық жылдарымда осындай білікті ұстаздың алдынан сабақ алғанымды, тәрбиесін көріп өскенімді мақтан тұтамын» деп облыстық газетке сұхбат беріпті. Оқып қуанып қалдым.
– Таразда Мойынқұм көшесінде тұрады екенсіз. Сәйкестік пе, әлде ауылға деген сағыныш па?
– Рас, тұратын көшеміздің аты – Мойынқұм. Осындай көшеде тұрайын деп ойлап, армандаған емеспін. Сәті осылай болып тұр. Бұл жағдайға қуанбасам ренжімеймін, әрине.
– Қырық бес жыл ұстаз болған кісінің шәкірттері де аз болмайды. Биік қызметтерде жүргендері бар ма?
– Шәкірттерім шетінен дарынды болды. Бір шәкіртім Гүлмира Исаева ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі болса, Болат Еспенбетов – биология ғылымдарының докторы. Алдымнан тәлім алған Абзал Бейсенбекұлы Әділет министрлігінде жауапты қызметте. Ел алдында сан алуан еңбегімен көрініп жүрген Ерболат Саурықов та, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Нұрлан Саурықов та – төл шәкірттерім. Бұл тізімді жалғай беруге болады.
– Зейнетке шыққан соң немен айналыстыңыз? Ұзақ жыл басшы қызметте жүрген кісіге үйде отыру оңайға соқпаған болар?
– Зейнетке шыққаннан кейін де қарап отырмадым. Алматы қаласының Алатау ауданында тұратын кіші балам Қанаттың қолына бардым. Сол жақта да мектеп басшылары маған жабысты. Алматыда да қарап жүрмей мектептерде мұғалім болып, шахмат үйірмесін басқардым. Осы жылдары шәкірттерімнің арасынан Алматы қаласының, тіпті республиканың чемпиондары шықты. Алматыда оқушыларды патриоттық рухқа тәрбиелеу жөніндегі қалалық комиссия құрылып, оған қоғам қайраткері, Қазақстанның Чехиядағы елшісі болған Бижамал Рамазанова басшылық жасады. Бірнеше жыл осы комиссия мүшесі болып, Алматы қаласы мектептерін түгелге жуық араладым. Бұл да бір қуанышты һәм ерекше сәт. Кейінірек Мойынқұм ауданына сіңірген еңбегім үшін Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы атандым. Халықаралық Тараз инновациялық институтының құрметті профессорымын. Оны да сол институтта студенттерге лекция оқығаным үшін алдым. Ерболат маған ұстазым екен деп құр әншейін бере салған жоқ.
– Ұл-қыздарыңыз жайлы айта кетсеңіз. Бәрі де өмірден өз жолдарын тапты ма?
– Асыл жарым Айсұлу Рахметова екеуміз бес ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Бәрі де жоғары білімді, үйлі-баранды. Әттең ҚР Білім беру ісінің үздігі атанған білікті ұстаз, өмірімнің алтын шырағына айналған Айсұлу Тәнекеқызы бұл күнде бақиға озды. Өкініш сол, әйтпесе бәрі жақсы. Үлкеніміз Ләззат Талғар қалалық ауруханасында бөлім басшысы, балалар дәрігері болса, Жанатымыз – Алматы қаласындағы экономикалық колледжде аға оқытушы. Манат – Алматы қаласындағы №98 орта мектебінің директоры. Санат – Қордай ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы болса, Қанат Алматы қаласы, Алатау ауданы әкімінің орынбасары. Немере-шөберелерім де білімді, заманға лайық қалыптасып келеді. Қариялық жасқа жеткенде елге өсиет айтып, жастарға бата беріп жүргенді мұрат тұтамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала