Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Тараз» маусымды сәтті бастады

«Тараз» маусымды сәтті бастады
ec-sport.kz
Өткен аптада футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының бірінші туры мәресіне жетті. Алғашқы тур аясында жұма күні «Тараз» футбол клубы өз алаңында Екібастұздан келген «Батыр» командасын қабылдап, 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Маусымға дайындық барысында әулиеаталық ұжымда біраз өзгеріс орын алды. Атап айтсақ, клуб директоры болып экс-футболшы Дидар Сыдықбек тағайындалса, бас бапкер қызметі Руслан Эсатовқа сеніп тапсырылды. Сонымен қатар құрама сапына жаңадан ойыншылар қосылды. Тарқатсақ, қазақ футболының аңызы Ұлан Қонысбаев өз мансабын қайта жандандырды. Бұрын премьер-лигада чемпион атанып, ел кубогын иемденген 36 жастағы аяқдопшы енді 7-нөмірлі жейдемен әулиеаталық клубтың намысын қорғамақ. Сондай-ақ 33 жастағы танымал жартылай қорғаушы Бауыржан Байтана клуб сапына қайта оралды. Бұдан бөлек жуырда жергілікті академия түлектері Асылбек Асан мен Еркебұлан Тойбеков команда сапына қосылды.

Ал орталық стадионда өткен маусымның алғашқы ойыны тартысқа толы болды. Екі команда да жан алысып, жан берісті. Дегенмен Бауыржан Байтана бастаған жігіттер ойынның алғашқы минуттарынан бастап қарсыластарынан басым екендіктерін көрсетті. Жиі-жиі қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, сәт сайын «Батыр» командасының қақпашысы Cтанислав Самойловты допты ойынға қосуға мәжбүр етті. Қорғаныс пен шабуылдан шашау шығармауға тырысқан жамбылдықтардың қақпасына да соққылар бағытталып, қарсылас команданың жоспары сәтсіз аяқталып отырды. Алғашқы 45 минуттықта қанша талпынып, жанкүйерлерге үміт сыйлағанымен, «Тараз» командасы қарсылас қақпасының кілтін таба алмады.

Екінші таймның басы «Тараз» командасының шабуылшысы Ерсұлтан Төреқұлдың алаңға қосылуымен басталды. Ол капитандық белгімен алаң ортасында ойқастаған Бауыржан Байтанаға демеу болды. Осылайша ойынның жетпісінші және сексен тоғызыншы минуттарында мергендігімен көзге түсіп, екі бірдей голдың авторы атанды. Ал үшінші голды 77-минутта «Батыр» командасының ойыншысы Илья Демин өз қақпасына абайсызда соғып алды.

«Тараз» командасының сапындағы сол қапталды қорғау міндетіне алынған Данил Соболев пен оң қапталда қорғанысқа жауапты болған Егор Алишаускас та өз ойынымен жанкүйерлерді тәнті етті. Ал Диас Лесбек пен Ерасыл Кеулімжай болашақтарынан үлкен үміт күтуге болатынын аңғартты. Тәжірибелі Бабаханов қақпада сенімге селкеу түсірмеді.

Қақпа маңында талай сәттерді мүлт жіберіп, «қап, әттеген-ай» дегізгеніне қарамастан футболшылардың аяқ алысы қалың жанкүйерлердің көз қуанышына айналды. Матчқа келген жанкүйерлердің қарасы қалың болды. Орталық стадионға еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жиылып, команданы соңына дейін қолдады. Айрықша сәттерде қол шапалақтап, «Тараз, Тараз!» деп айқайлаған дауыстар тұла бойды шымырлатып, ойыншыларға жігер бергені сөзсіз.

Осылайша әулиеаталық клуб қарсыласын 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Бір айта кетерлігі, аталмыш ойынды «Youtube» арқылы тікелей эфирде тамашалау мүмкіндігі ұсынылды. Ойынды 13 мыңнан астам адам тамашалаған.

Матчтан кейін команданың бас бапкері Руслан Эсатов ойынға қатысты пікірін білдіріп, жанкүйерлерге алғыс айтты.

– Ең әуелі, команданың таныстырылымы мен бүгінгі ойында ерекше қолдау білдірген жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Олардың ыстық ықыласы мен қолдауы командаға жігер беріп, ерекше күш сыйлады. Ал ойынға тоқталсам, бірінші тайм барысында айтарлықтай нәтиже көрсете алмадық. Гол соғудың сәті түспеді. Екінші таймда жанкүйерлердің қолдауы бізді рухтандырып, алға жетеледі. Бұл – біздің ортақ жетістігіміз. Баршаңызды жеңіспен және жаңа маусымның басталуымен құттықтаймын, – деді ол.

Сондай-ақ ойын соңында команданың демеушісі «Altec» компаниясы маусымның ашылуы қарсаңында ұтыс ойынын өткізіп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етті.

Осылайша алғашқы турдың қорытындысы бойынша 3 ұпаймен жамбылдық ұжым көш бастады.

«Тараз» командасы келесі ойынын 9 сәуір күні ел кубогының 1/16 финалы аясында «Ұлытау» командасына қарсы өткізеді.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар