Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жиһаз өндірісі – табысты кәсіп

Жиһаз өндірісі – табысты кәсіп
Автор
Кез келген адамның тәуір табыс тауып, тұрмысын түзеуді қалайтыны рас. Еткен еңбегіңнің өтеуі отбасыңды асырап, артық ақша жинауға мүмкіндік берсе, қанекей? Жасыратыны жоқ, қазіргі заманда жан қинамай, жоқ жерден оңай олжаға кенелгісі келетіндер ел ішінде кездеседі. Алайда, тұрақты әрі мол табысқа жеткізетін жолдың негізі адал еңбек пен табандылықта жатқанын ұмытпауымыз керек. Әрекет еткен жерде ғана береке бар. Сондықтан өз қабілетіңді бағалап, соған сай іс бастаудың маңызы зор. Кішкентай қадамның өзі үлкен нәтижеге бастайды. Осы тұрғыдан алғанда кәсіпкер Данияр Мұрбековтің еңбегі көпке үлгі. Ол жиһаз жасайтын жеке цех ашып, сапалы өнім шығаруды жолға қойған.

Бүгінде ешбір үйді, тіпті кез келген мекемені жиһазсыз елестету қиын. Жиһаз тұрмыстық қажеттілікпен қатар үйдің көркін келтіріп, жайлылық пен жылылық сыйлайтын маңызды бұйым. Оған сұраныстың артуы жиһаз өндіру саласының қарқынды дамуына жол ашып отыр. Қолынан іс келетін кәсіпкерлер бұл бағыттың өркендеуі халыққа да пайдалы екенін айтады. Себебі мұндай өндіріс орындары бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өңір экономикасына серпін береді. Бүгінгі кейіпкеріміз Данияр Жорабекұлы осындай бастамашыл жандардың бірі.

Іскер азамат М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің түлегі. Оқу орнын экономист мамандығы бойынша тәмамдап, кәсіпкерлік жолға түсуді нарықты жан-жақты зерттегеннен кейін таңдаған. Өнімнің өзіндік құнын есептеу, тұтынушы сұранысын дәл бағалау сияқты дағдыларды ерте меңгеруі оның кәсібін нық қалыптастыруына негіз болған. Жоспарлы әрекет пен табандылықтың арқасында ол өз идеясын нақты іске айналдыра алды. Тәуекелден қорықпаған жігіт «Жамбыл жиһаз фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, өңірдегі өндіріс саласының дамуына үлес қосып келеді. Кәсіпорын заманауи жұмсақ әрі корпустық жиһаздар шығарып қана қоймай, ескі бұйымдарды жаңғырту қызметін де ұсынады. Фабрика өнімдері сапасы мен дизайны жағынан тұрғындардың көңілінен шығып, жергілікті нарықта тұрақты сұранысқа ие болып отыр. Жерлес кәсіпкердің зауытынан шыққан қолөнер бұйымдары отандық өндірістің беделін арттыруға ықпал етуде.

Бір қызығы, цех жұмысын табысты дөңгелетіп отырған Данияр әуелгіде өмірлік жолын жиһаз өндірісінен табамын деп тіпті ойламаған. Кәсіпкерлік саласындағы бүгінгі жетістігі – ізденіс пен тәуекелдің жемісі.

– Шынын айтқанда, бұл саналы түрде таңдалған бағыт емес еді. Қолыма диплом алған соң біраз жыл өзімді әр бағытта сынап көрдім. Бұған дейін шетелдік жобаларда еңбек еттім. Атап айтқанда, «Теңізшевройл» компаниясының мұнай өндіру жобаларына қатысып, алтын өндіру саласындағы Ирландия мен Қазақстанның бірлескен кәсіпорнында қызмет еттім. Сондай-ақ  Түрікменстан мен Қытай арасындағы халықаралық магистральдық газ құбыры жобасына да өз үлесімді қостым.  Сонымен бірге «Jusan» банкінің республикалық деңгейдегі инкассация қызметін басқардым. Солай жүріп өз бизнесімді қолға алғым келді, бірақ неге бет бұру керегін біршама уақытқа дейін топшылай алмадым. Күндердің күні жолым түсіп, бір жиһаз цехына бас сұқтым. Сол жердегі қарбалас тірлік, ағашпен жұмыс істеудің қыр-сыры мені бірден қызықтырды. Содан бастап нарықты зерттедім. Экономикалық есептерді қарап, сұраныс пен мүмкіндіктерді сараладым. Барлығын таразыға салып, тәуекелін де, әлеуетін де ой елегінен өткіздім. Ақыры бұл істің болашағы бар екенін түсіндім. Сол сәтте күмәннің орнын сенім басты, енді көп ұзатпай істі бастау керек деген шешімге келдім. Цех ашу жолында қолайлы ғимарат табу оңайға соқпады, бұл кезеңде біршама қиындықтарға тап болдық. Дегенмен кәсіпкерлердің шынайы жанашыры Айгүл Ақшалова жобамызға үлкен сенім білдіріп, айтарлықтай қолдау көрсетті. Бизнес-жоспарымызбен танысқаннан кейін, ол кісі ісіміздің аяққа тұрып кетуіне мүмкіндік жасап, ғимаратты жалға алуға жеңілдік кезеңін (каникул) ұсынды. Бүгінгі таңда да Айгүл ханым пайдалы кеңестерімен бөлісіп, бастамамыздың алға басуына әрдайым демеу болып келеді. Алғашқы жұмысым әлі күнге дейін есімде, ескі диванды жөндеу қажет болды. Қаптамасын ауыстырып, шынтақшалары мен аяқтарын қалпына келтіру сол кезде маған өте қиын жұмыс болып көрінген еді. Дегенмен істі соңына дейін жеткізіп, нәтижесін көргенде кеудемді қанағат сезімі кернеді. Осы тапсырыс арқылы алғашқы табысыма қол жеткіздім. Сол сәтте шынайы еңбектің дәмін таттым десем де болады. Қазірдің өзінде кейде қолыма құрал-сайман алып, цех шеберлерімен қосыла жұмыс істеп кететін кезім болады, – дейді Данияр Мұрбеков.

Негізі дамыған өндіріс орнын, кәсіпорынды көргенде «Бұл нысан мемлекет қолдауы, несие қаражаты арқылы ашылған болар» деп ойлайтынымыз жасырын емес. Алайда зауыт бұл қағиданы түбегейлі жоққа шығарады. «Жамбыл жиһаз фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ешқандай несиесіз немесе дайын капиталсыз іске қосылған, тек қажырлы еңбек пен отандық бренд қалыптастыруға деген шынайы құлшыныстың арқасында пайда болған кәсіпорын. Данияр серіктесімен бірге фабрика құрылысын бастағанда қолында не дайын капиталы, жеңілдетілген несиесі, еш мемлекеттік гранты болмапты. Соған қарамастан жүрек түкпіріндегі «Отандық бренд қалыптастырсақ» деген асқақ арманы мен үлкен сенімі алға жетелеген.

– Серіктесім екеуміз алғаш рет іске кіріскенде, бар-жоғы 40 шаршы метрлік жалдамалы жеке үйдің шағын гаражын паналадық. Жұмысты бар-жоғы екі адам болып бастадық. Ол кездегі мақсатымыз сапалы өнім арқылы халықтың сеніміне ие болу еді. Адал еңбегіміз бен маңдай теріміздің арқасында тұтынушылардың сұранысын өтей алдық. Бүгінде шағын гараж 1 300 шаршы метрлік кең өндіріс алаңына айналып, 29 маманды тұрақты жұмыспен қамтып отырған ірі кәсіпорын деңгейіне жеттік. Әрине, нарықтан өз орнымызды табу мақсатындағы жолдың бәрі тегіс болған жоқ. Білікті кадр тапшылығы кәсіптің тамырына балта шаба жаздаған сәттер де болды. «Бәрін тастап, тоқтасам ба?» деген ой келгенде, көз алдыма маған сенген ұжымым мен олардың отбасылары елестеді. Осы жауапкершілік мені райымнан қайтарып, жаңа белестерге жетеледі. Кадр табу мәселесінде де кедергілер аз болмады. Қалада бұл бағытта кәсіби білім беретін арнайы орындар жоқ еді. Сондықтан фабрика жанынан меншікті оқу сыныбын ашып, жиһаз жасау ісіне қызығушылық танытқандардың бәрін оқытып, үздік түлектерді бірден жұмысқа қабылдай бастадық. Осылайша, қажетті мамандарды өзіміз даярлау арқылы кадр мәселесін түбегейлі шештік. Бүгінде біздің қатарымызда қаптаушы мен аралаушыдан бастап, бояушы мен тігіншіге, дәнекерлеуші мен қаңқа құрастырушыға дейінгі шеберлер өз ісін тікелей өндіріс басында шыңдап шығады. Өндіріс барысында мамандарды даярлау екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі – жиһаз құрастырушы мамандығын беретін бір айлық қысқа мерзімді курс болса, екіншісі – жұмсақ және корпус жиһазының шебері біліктілігін беретін үш айлық тереңдетілген бағдарлама. Мен де тек кабинетте отыратын басшылардың қатарынан емеспін. Күнделікті жұмыс барысында қолыма құрал-сайман алып, цех шеберлерімен иық тіресе жұмыс істеп, өндірістің әрбір деталына тікелей атсалысамын. Себебі шынайы бренд басшының бұйрығымен емес, әрбір қызметкердің жүрек қалауымен және маңдай терімен жасалған өнімнен құралады. Осылайша қарапайым гараждан басталған кішігірім бастама бүгінде өңірдегі өндірістің нағыз қозғаушы күшіне айналып, қажырлы еңбектің кез келген қиындықты жеңетінін дәлелдеп отыр, – дейді Данияр Жорабекұлы.

Бүгінгі таңда отандық өндірістің тынысы кеңейіп, жергілікті өнімге деген сұраныс артып келеді. Осы орайда, сапаны басты бағдар еткен кәсіпорынның жұмысы ерекше атап өтуге лайық. Өндіріс ошағы өз жұмысында отандық және шетелдік жетекші өндірушілердің материалдарын ұтымды үйлестіріп, жоғары стандарттарға сай өнім шығаруды басты назарда ұстайды. Технологиялық процесс заманауи тігін машиналарымен, дәлдігі жоғары аралау станоктарымен, қуатты компрессорлармен және дәнекерлеу жабдықтарымен толық қамтылған. Десе де, кәсіпорын басшылығы кез келген күрделі темірді тірілтетін қол еңбегі, жұмысшы мамандар екенін жақсы түсінеді. Осы ұстаныммен жүретін зауытта білікті кадрлардың еңбегіне басымдық берілген. Кәсіпкер осы тұста Евгений, Станислав, Шавкат, Азиз және Лена сынды үздік шеберлердің еңбегін айрықша атап өтті.

Кәсіпорынның сенімді серіктес ретіндегі беделі оның атқарған ауқымды жобаларынан анық көрінеді. Өндірістің алғашқы ірі жетістіктерінің бірі ретінде өңірдегі үш бірдей «Келешек мектептері» жобасы аясындағы білім ошақтарын  жұмсақ жиһазбен қамтамасыз етуін айтуға болады. Бүгінде серіктестік аясы білім беру саласымен шектелмейді, кәсіпорын дәмханалармен, мейрамханалармен, қонақүйлермен және ойын-сауық орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Сонымен қатар Тараз қаласы мен өзге де аймақтардың тұрғындарынан түсетін жеке тапсырыстарды орындау арқылы халықтың ықыласына бөленіп отыр.

Серіктестің бизнес нарықтағы алар орны да ерекше. Олар қаладағы ірі құрылыс алпауыттарын жиһазбен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдегі өзге де жиһаз және матрас шығаратын өндіріс орындарымен тізе қоса жұмыс істеп келеді. Мұндай ортақ одақ құру – аймақтың экономикалық қауқарын арттырып, нарықтағы баға мен сапа бәсекесінде алға шығуға үлкен септігін тигізеді. Бірлесе әрекет ету арқылы жергілікті өнімнің беделін биіктетіп, тұтынушы сенімін нығайта түспек. Осыдан да клиенттермен кері байланыс орнату кәсіпорын саясатының ажырамас бөлігіне айналған. Әрбір тұтынушының пікірі мен ұсынысы мұқият ескеріліп, қызмет көрсету сапасы үнемі жетілдіріліп отырады. Өнімге берілетін бір жылдық кепілдік пен сол мерзім ішіндегі тегін жөндеу жұмыстары өндірушінің өз сапасына деген сенімділігін айғақтайды. Тұрақты тұтынушылар үшін қарастырылған жеңілдіктер жүйесі де лоялдылықты нығайтуға бағытталған. Ал кәсіпорынның өнімдерін қала дүкендері мен арнайы көрме залынан (шоурум) көруге болады, бұл сатып алушылардың таңдау жасауына барынша қолайлы жағдай туғызады.

Сонымен қатар өндіріс ошағы тек табыс табуды ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті де биік қояды. Бүгінде кәсіпорын қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру мен сотталғандарды қайта әлеуметтендіру бағытындағы маңызды әлеуметтік жобаға белсене атсалысуда. Оларға жаңа кәсіп үйретіп, тұрақты жұмыспен қамту арқылы қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына зор мүмкіндік сыйлауда.

– «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мүшесі ретінде істі болған адамдарға жаңа мамандық үйретуге барынша қолдау көрсетіп жүрмін. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сотталған тұлғаларды қоғамға бейімдеу туралы тапсырмасы аясында Президент Әкімшілігінің арнайы жұмыс хаттамасына сәйкес жүзеге асырылуда. Таяуда ғана фабрикамыздың өндірістік алаңында облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті оқу орталығы түлектерінің алғашқы тобына кәсіби біліктілігін растайтын сертификаттар табыс етілді. Бүгінгі таңда оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған 12 азамат фабрикамыздан тұрақты жұмыс орнын алды. Ал 2026 жылға қарай тағы 20 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Сонымен бірге облыстық кәсіпкерлер палатасы, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, «Еңбек-Тараз» филиалы және жеке бизнес арасындағы төртжақты келісім негізінде түзеу мекемелерінде заманауи материалдық-техникалық база құрылып, кәсіпорындар үшін жеңілдікті жағдайлар жасалды, – дейді Д.Жорабекұлы.

«Жамбыл жиһаз фабрикасы» ЖШС дивандар, пуфиктар, кереуеттер мен үстелдер өндірісімен айналысады. Тікелей өндіруші болғандықтан, нарықтағы бағалары тұтынушылар үшін өте қолжетімді.

Зауыттың бүгінгі таңда бағындырған биіктері мен жетістіктері де аз емес. Кәсіпорынның іскерлік беделі мен сапалы жұмысы жоғары деңгейде мойындалып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Muz Zone» телеарнасы тарапынан берілген арнайы алғыс хаттармен айшықталған. Бұл марапаттар – атқарылған адал еңбектің лайықты бағасы ғана емес, сенімнің де белгісі.

– Отандық өндірістің әлеуетін арттыру – мемлекеттік маңызы бар стратегиялық міндеттердің бірі. Осы бағытта өңірімізде қарқынды дамып келе жатқан «Жамбыл жиһаз фабрикасы» ЖШС-ына болашағы өте зор, іргелі өндіріс ошағы деп баға беруге болады. Кәсіпорынның жұмысын бақылай отырып, олардың индустриялық мәдениетті қалыптастырып жатқанына куә бола аламыз. Фабриканың басты артықшылығы – заманауи технологиялық желілер мен білікті кадрлық құрамның үйлесім табуында. Өндіріс процесіне енгізілген инновациялық шешімдер шығарылатын өнімнің халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз етеді, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев.

Өндіріс орнының алға қойған жоспарлары да ауқымды. Кәсіпорын Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды секілді өндірісті өңірлермен қатар, Астана мен Алматы қалаларында өз филиалдарын ашуды көздеп отыр. Кәсіпкер алдағы онжылдықта фабриканы озық технологиялармен жарақтанған ірі өндіріс алыбына айналдырарына сенеді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар