«Тілші менен сұрайды:
– Жұрттың көбі қалада тұрады. Сіз неге ауылды аңсай бересіз? – дейді.
Мен:– Наурызкөк, қарлығаш, тағы да басқа құстар ерте көктемде сонау жердің түбіндегі Африкадан біздің елге мыңдаған шақырым ұшып жетеді. Немене, сонда Африкада ұя салатын жер жоқ па? Құс екеш құс та туған жеріне жер түбінен ұшып жетеді. Ал мен адаммын ғой. Кейбіреулер туған жерінен жерісе, бұл да бір кем дүние. Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас, Үйірінен безінген тұлпар оңбас». Иә, біздің ауладағы ағаштарда сайрап жүрген мына бір жыл құстары да қай жерден, қанша қашықтықтан оралды екен? Біз үшін жұмбақ дүние... Аулада асыр салып ойнап жүрген немерем бір кезде:
– Ата, ата, қарлығаштар келіпті, қараңызшы, анау бағана басында екеуі отыр, – деп жерден алтын тапқандай қуанып, ентіге сөйледі. Еріксіз немерем саусағымен көрсеткен бағана басына қарадым. Шынында да шықылықтап қос қарлығаш отыр екен. Бастарын жан-жағына жалт жалт бұрып, арагідік көздерін аудармай қарап бізбен шиқылдап сөйлескендей болады. Біраз жылдан бері осы екі қарлығаш шаңырағымызға ұя салып, балапандарын қанаттандырып, «өргізіп» жүр. Міне, биыл да адаспай, жолдың ұзақтығына, шалғайлығына қарамай, кері қайтып келіпті жарықтықтар.
Ауылымыздың көнекөз қариялары: «Құс төресі қарлығаш қой, жарықтық. Қарлығаш – адам баласының досы, киелі құс. Өзі ұя салған шаңырақтың ақжолтай тілекшісі, ырысы мен ынтымағының белгісі іспетті. Көпшілік оны тек қуаныш пен ырыс әкеледі деп ырымдайды. Бесіктегі баланың уіліне ол би билейді екен деген де сөз бар. Алыс сапарға жол алған жолаушының аман-есен оралуына ізгі сапар тілейді, майданға аттанған солдаттар кезінде қарлығашпен де қоштасқан екен», – деп отырушы еді. Онысы, сірә, рас болуы керек. Халық айтса – қалт айтайды.
Екі қарлығашқа көз алмай қарап отырған немеремді сөзге тартып:– Қарлығаш туралы қандай өлең білесің? – дедім.
– Әрине, ата, білемін. Мектебімізде ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай әдеби кеш өткен болатын. Сонда сынып жетекшіміз маған ақынның «Қарлығашым, келдің бе?» деген өлеңін жаттатып, кеш барысында оқытқан болатын. Оқып берейін бе?
– Тыңдайын, жақсылап оқы, – дедім көздері қуаныштан күлімдеген немереме. Бағана басында отырған қарлығаштарға қарап тұрып, жаттаған өлеңін бастап кетті.
«Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың?
Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау-құсым?
Оралдың ба, тағы да өзің өскен ұяға,
Оралдың ба, сүйіктім, екеуің де бармысың?
Қарлығашым, бұ қалай, қайда кеткен серігің?
Зияны жоқ зиялым, өкпелетті сені кім? ...
Түсінікті, сүйіктім, түсінікті айтпа енді,
Тұмар құсым кеткен-ау тырнағында перінің.
(О жылы біз ауылда оңаша үйде тұрғанбыз)
Жаз да өтіп барады, қарлығашым жүр жалғыз.
Көзді ашып-жұмғанша көсеуін ап қолына,
Жетіп келді бір күні жел үрлеген сырдан күз
Ғанибет қой, шіркін-ай, шуылдасаң ұлардай,
Қиын екен жалғыздық – қияда өскен шынардай,
Жалғыз қайтты сол жылы, жалғыз қайтты жыл құсы,
Жұмыртқа да таба алмай, балапан да шығармай.
Қарауытып көз алдым, қарап тұрмын досыма,
– Қарлығашым, қайта орал мекеніңе, шошыма.
Әжем менің күйбеңдеп, күбірлеп жүр аулада,
– О, бәтшағар, өмір-ай, өмір дейтін осы да!..» – деп екпіндете оқып берді. Екеуара әңгімеміз әрі қарай да қазақ үшін қастерлі құс саналатын қарлығаштар төңірегінде өрбіді. – Қалай, ата, сізге өлең ұнады ма?– Жарайсың, жақсы екен. Өлеңің анау отырған қарлығаштарға да ұнаған болуы керек. Шүйіркелесіп, қанаттарын қағып, көңілді шықылықтап отыр.
– Ата, қарлығаш туралы аңыз да білемін. Қаласаңыз, айтып берейін. Баяғы жаугершілік заманда елге жоңғарлар шауып, ауыл адамдары үйлерін тастай қашады. Сонда тек Төле би ғана түтінін бұзбастан орнында отыра беріпті. Ауылға басып кірген жоңғар қонтайшысы жалғыз үйді көреді. Ел үдере көшкенде жаудан қорықпай отырған адамның кім екенін білмекке кісі жібереді. Баса-көктеп үйге енген жоңғарлар жөн сұраспастан, бірден жауап алмаққа дүрсе қоя береді. Сонда Төле би жоңғарларға амандықсыз сөз бастағанын айтып бір тұқыртса, көшпеуінің себебін айтып екінші рет тұқыртқан екен. Жұртпен бірге бас сауғалап, үйін тастамағанының себебін түсіндірген би: «Биыл шаңырағыма қарлығаш ұя салған екен. Балапандары қанаттанғанша үйімді бұзбайын деп шештім. Жау жағадан алды екен деп ұясын бұзып, балапандарды шырылдатқым келмеді», – депті.
Төле бидің жауабын естіген жоңғар қонтайшысы Төле биді әулие деп танып, әскеріне би шаңырағына да, оның ауылына да шаппауын бұйырады. Содан бері Төле би «Қарлығаш әулие» атанып кеткен екен.
– Төле би бабамыздың «Қарлығаш әулие» атануы жайлы аңызды білмейтін қазақ жоқ шығар. Қарлығаш құстың қасиеті талай аңыз-әпсаналарда айтылған. Балам, қарлығашты және басқа да құстарды құрметтеулерің керек. Қарлығаш адамға жақын жүреді. Адам өмір сүрген аймақта тіршілік етеді, яғни ұясын адам жүрген жерге салады. Қарлығаш – өте еңбекқор құс. Ата-бабаларымыз қарлығашты ежелден жақсы көрген. Қарлығаштай сүйкiмдi, еңбекқор, ақылды болсын деп, қыздарына Қарлығаш деп ат қойған. Әлі де қазақ қыздары арасында Қарлығаш есімді қыздар аз емес. Қасиетті құсқа қатысты аңыз-ертегiлер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, өлеңдер де көп. Аңыз-ертегiлерде қарлығаштың адамдарға жасаған көмегi айтылады. Мысалы, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегiсi бойынша мультфильм бар екенін білесің ғой. Сол секілді ырым жорамалдар да жетерлік. Мысалы, қарлығаш биiктеп ұшса – күн ашық болады, жер бауырлап ұшса – жаңбыр жауады. Қарлығаш жылы жақтан оралған кезде қораға қонса, қой егiз туады, ақ мол болады. Ал үй жақтауына немесе шатырына қонса, сол үйдiң жан басы көбейедi. Түсiңде қарлығаш көрсең, бақытқа кенелесiң. Міне, осылай жалғасып кете береді. Ал сен қарлығаштың қасиеті жайлы не білесің?
– Иә, ата, кітаптан оқыдым, қарлығаш сүйкімді, пайдалы құстар қатарына жатады екен. Зиянды жәндіктерді, әсiресе шыбын-шiркейдi өте көп жеп, ауылшаруашылығына пайда келтiредi дейді. Қарлығаш тіршілігінің көп уақытын ауада ұшып жүріп өткізеді екен. Мысалы, сұр қарлығаш сағатына 170 шақырым жылдамдықта ұшатын көрінеді. Су үстінен ұшып бара жатып-ақ су іше береді. Ұшып жүріп қорегін – шыбын шіркейлерді ұстап жейді. Ашық күндері биіктеп ұшады да, ауа райы жауын шашынды болар алдында жер бауырлап ұшады. Сондықтан да қарлығаштың ұшу ерекшелігіне қарап ауа райының өзгерісін алдын ала болжауға болады екен. Дауысы да құлаққа жағымды, онша қатты емес.
Қарлығаш ұясын сазбалшықтан сілекейімен араластырып, бекем етіп жартас қуыстарына, жағалаудағы жарға, үй ішіне, кейде ағаш басына да салады. Ұясы жарты ай немесе түбі кең, аузы тар құмыра пішінді. Ұясының түбіне қауырсыннан немесе басқа да заттардан жұмсақ төсеніш жасайды. Ашық ұядағы жұмыртқа қара теңбілді шұбар, жабық ұядағы жұмыртқа ақ түсті болады. Жылына 1, кейде 2 рет 3-7 жұмыртқа салып, балапан басып шығарады. Балапандары қызылшақа болып туады. Қарлығаш балапанын 24 күн бойы ұядан шығармай жетілдіреді екен. Сондай-ақ қарлығаштардың ұя салуы, қоректенуі туралы кітаптардан көп нәрсе оқыдым. Ата, білесіз бе, қарлығаш қанаттанбаған сарыауыз балапандарын ұядан абайсызда түсіп кетпесін деп аяқтарын қылмен тұзақтап қояды екен. Сол рас па?
– Естігенім бар. Қарлығаш өте ақылды құс қой. Қыран да сөйтеді дейді. Ата-бабамыздың айтуынша, қарлығаштың ұясын бұзу үлкен сәтсіздікке душар етеді. Бұл құстың бүкіл өмірінің басым уақыты ауада өтеді. Басқа құстардан ерекшелігі, аспанда ұшып келе жатып маса-шіркейлермен тамақтана алады, кейбірі ұйықтауға да қабілетті келеді екен.
– Оның ұясына басқа құс кіріп кетсе, оған шабуыл жасамай, өзге ұяға көшіп кетеді делінеді. Сол рас па, ата?
– Иә, дұрыс. Қарлығаш туралы біраз оқығаның, білімің бар екен. Білім адамға еш артық болмайды. Сондықтан уақытыңды бос өткізіп, білім алмай, ізденбей, ой-санаңды жетілдірмей жүре бермей, әр күнді, әр мезгілді пайдаңа жаратуың керек. Уақыт – қымбат, қайта оралмайтын дүние. Осыны ұқ. Ал қарлығашқа оралсақ, өкініштісі, байқап жүрміз, қарлығаштар сиреп барады. Ол бізден, адамдардан қамқорлықты қажет етеді.
Соңғы жылдары қарлығаш көзге көп шалына бермейді. Әсіресе қалада тым сирек. Ұя салуға қамданған қарлығашты, есігін айқара ашқан үй иесін де көрмейтін болып барамыз. Есіктер жабылды, құс та өз жөніне кетті. Ал бұрын қандай еді? Дарқан көңілді қазақтың қай шаңырағы болмасын, барлық жанға ашық болған. Бір-бірінің үйіне еркін кіріп-шығып жүретін. Қарлығашқа да орын табылатын. Қазір адамдардан мұндай кеңдікті, жанашырлықты көрмейсіз. Пейілдері тарылып, қатігездік дендеп барады. Мұны құс та сезгендей. Жанашырлық, аяу деген ұғымдардан алшақтап кеттік. Дәл осылай кете берсек, алдағы уақытта қасиетті құсымыздың «Қызыл кітапқа» еніп кетуі мүмкін-ау деген ойға келесің. Ол да ғажап емес. Сол себепті де табиғатты қорғап, қолда бардың қадірін түсінетін, оларға назар аударатын, қорғауға күш салатын кез жеткен секілді.
– Ата, рақмет. Біраз пайдалы нәрсені ұқтырдыңыз. Әлі де оқитын, үйренетін, зерттейтін дүние аз емес екен, – деп немерем шабыттанып, ризашылығын білдірді.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі




