Әсіресе халық ауыз әдебиетінің інжу-маржаны саналатын мақал-мәтелдер мен аталы сөздердің қадірі кетіп, тіліміздің шұрайы бұзылып барады. Қазақша сөйлеудің өзін ерлік көретін немесе өз ана тілінде ойын жеткізе алмайтын жас буынның өсуі ұлттық болмыстың болашағына қауіп төндіреді. Біз техниканың тілін меңгергенімізбен, қазақы болмысымызды босаңсытып алдық.
Бүгінгі таңда әлеуметтік желі беттерін парақтап қалсаңыз, түрлі челлендждер мен трендтердің куәсі боласыз. Оның ішінде мектеп оқушылары мен бүлдіршіндердің қатысуымен түсірілген, мақалдың жалғасын табуға негізделген бейнежазбалардың соңы күлкімен аяқталып жатқаны назар аудартпай қоймайды. Әрине, мектепке дейінгі білім мен тәрбие алатын балалардың «Көз – қорқақ, қол – батыр» дегенді «...қол – жасайды» деп басқаша айтып немесе «Жүз теңгең болғанша, мың теңгең болсын» деп жаңа мәтел шығарғанына бір сәт езу тартуға болады. Алайда ес біліп, етек жиған мектеп оқушыларының осындай қателіктерге бой алдырып, аталы сөзіміздің келемежге айналуы еріксіз ойға қалдырады. Мақал-мәтел білмейтін ұрпақтың өсіп келе жатқаны біздің түп-тамырымыздан ажырап бара жатқанымызды айғақтайды. Халқымыз ұлттық кодтан айырылса, оның түбі – қасірет.
Қазақ халқы үшін мақал – тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ойдың мәйегі. Даналық сөздің құдіреті сондай, ол кезінде бітіспес дау-жанжалды тоқтатып, ел мен елді татуластырған. Біз бүгінде «Аталы сөзге арсыз ғана қарсы шығады» деп сөздің киесінен сескенген би-шешендердің өнегесін ұмытып бара жатқандаймыз. Мақал-мәтелді орнымен қолдану мәдениеттіліктің, терең білім мен парасаттың белгісі болса, оны мазаққа айналдыру, мағынасын бұрмалау – асыл қазынамызға жасалған қиянат. Мейлі, жастар білместікпен қоғамда осындай жайт көрініс тауып жатқан шығар, бірақ қаным, жаным қазақ деген адам ұрпағын білім мен тәлім- тәрбиеден бөлек, сөз байлығымен де қаруландыруы тиіс. Осындайда «Біз бүгін әзіл үшін мақалды бұрмалап жүріп, ертең рухани құндылықтарымыздан айырылып қалмаймыз ба?» деген сұрақ туындайды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақтың пайымдауынша, қазақ халқының ұрпақ тәрбиелеудегі ұлы мектебі – тамыры терең, мазмұны бай ауыз әдебиетінің кәусар бұлағынан бастау алады. Ғасырлар бойы халықтық сүзгіден өтіп, саф алтындай жарқырап бізге жеткен бұл рухани мұраның ішінде мақал-мәтелдердің алатын орны айрықша. Расында да «Сөз асылы – мақал» деп түйген бабаларымыз үшін халық даналығы өмірдің өзінен алынған бұлжымас қағидалар мен философиялық тұжырымдар жиынтығы ретінде ерекше бағаланады.
– Мақал-мәтелдер – адам баласының логикалық ойлау жүйесі мен образды бейнелеу қабілеті тоғысқан биік белес. Мұнда ұлттық этика, терең пәлсапа және ұжымдық парасат астасып жатыр. Қоғамдағы әлеуметтік құбылыстарды, адам мінезінің қатпарларын, табиғат пен тіршілік арасындағы нәзік байланысты дөп басатын бұл қанатты сөздер – сан ғасырлық өмірлік тәжірибенің мәйегі. Олар ғылыми теориялардан гөрі өмірдің сан қилы сынағынан сұрыпталып шыққандықтан, адам жанына жақын, ұғымына жеңіл, бірақ мазмұны жағынан өте салмақты болып келеді. Осындай терең мазмұнға ие халық даналығының, ең алдымен, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы ерекше. Үйдегі ата-ана өнегесі мен мектептегі ұстаз тәлімінен құралатын тәрбие үдерісінде мақалдардың орны айрықша. Ұстаздың әрбір сөзі шәкірт санасына сәуле түсіріп, түзу жол сілтейтін шамшырақ болса, сол сөзге қуат беретін – аталы сөздер. «Баланы жастан», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген тәмсілдер – жас өскіннің тұлға болып қалыптасуындағы алғашқы іргетас. Қазақ ұғымындағы ақылдылық – баға жетпес асыл қазына. Сондықтан да халқымыз «Түйедей бойың болғанша, түймедей ойың болсын» деп сыртқы пошымнан гөрі ішкі мазмұн мен парасатты жоғары қойған. Тәрбиенің бұл іргетасы баланың тек мінез-құлқын ғана емес, сонымен бірге оның тіл мәдениеті мен сөйлеу әдебін де қатар қалыптастырады. «Ойнап сөйлесең де ойлап сөйле» деген қағида адамды әр сөзіне жауапкершілікпен қарауға, зерделілікке тәрбиелейді. Шын мәнінде, шешендік өнер мен сөз тапқырлығы – адамгершіліктің, зиялылықтың белгісі. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында осы асыл қазынаны ұтымды пайдалану – әрбір педагогтың басты міндеті. Сабақ барысындағы «Мың бір мақал», «Сөз мерген» секілді интеллектуалдық сайыстар баланың тек білімін ғана емес, сонымен бірге оның рухани дүниесін де байыта түспек. Өйткені шынайы рухани-адамгершілік тәрбие – құрғақ ақыл айтумен емес, жүрекке жететін жүйелі сөзбен, әсерлі мақалмен берілгенде ғана нәтижелі болмақ. Жеке тұлғаның мінез-құлқы мен іс-әрекеті оның адамгершілік санасының деңгейіне тікелей байланысты. Ал сол сананы оятып, дұрыс бағытқа бұруда мақал-мәтелдердің атқаратын қызметі орасан. Демек халық даналығын шәкірт санасына сіңіру – ұлттық болмысымызды сақтап, болашаққа нық қадам басудың басты кепілі, – дейді С.Құлбарақ.
Жанға бататын жайттың бірі кейінгі буынның өз тегін, жеті атасын білуге келгенде тосырқап қалатыны. Бәлкім ауылда тұрып, ата мен әженің тәлімін бойға сіңіріп өскендіктен болар, біздің әулетте бұл мәселеге әрдайым ерекше мән берілетін. Үлкендер әр баланың санасына «кімнің ұрпағы екеніңді біл, қайдан шыққаныңды ұмытпа» деген ұстанымды ерте сіңіретін. Қай ортаға барсақ та қариялар алдымен «Тегің кім, руың қандай, оның ішінде кімсің?» деп жөн сұрасатын. Жауап бере алмай тосылып қалсаң, «Атаң не үйреткен?» деген бір ауыз сөздің өзі ұяттың салмағын сездіріп жіберетін.
Студент кезімде «Жазғы демалысты бос өткізбейін» деген оймен балалар лагерінде жұмыс істегенім бар. Сол жерде еліміздің әр қиырынан келген оқушылармен араластым. Қанға сіңген дағды шығар, жақын тартқан әр баладан «Қай елдің баласысың, жеті атаңды білесің бе?» деп сұрайтынмын. Жауаптары әртүрлі еді. Кейбірі мүдірмей таратып айтып берсе, енді бірі қысылып, не айтарын білмей қалатын. Бір орыс тілді қазақ жігітінің «Мен тек қазақ екенімді ғана білемін, қалғаны маңызды емес» дегені көңілге кірбің ұялатты. Бұл сөз ата мен бала арасындағы сабақтастықтың үзіліп қалғанын аңғартты.
Жеті атасын білу тек шежіре жаттау емес, ол халықтың жадымен жалғанған рухани көпір іспетті. Адам өз тегін таныған сайын тамырының тереңде жатқанын сезінеді, өзіне деген жауапкершілігі артады. Бұл ұғым ұлттың ішкі тәртібі мен мәдениетін де айқындап келген. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрінің өзі қан тазалығын ғана емес, ағайын арасындағы сыйластықты сақтаудың көреген жолы болған.
Қазіргі уақытта ақпараттың молдығы адамды бәрін білетіндей сезіндіргенімен, ең маңызды дүниеден алыстатып бара жатқандай әсер қалдырады. Өз атасын білмей тұрып, өзгенің тарихына үңілу біртүрлі көрінеді. Сондықтан бұл мәселе ешкімді мәжбүрлеумен емес, сананы оятумен шешілуі тиіс. Әр отбасы өз шежіресін әңгіме етіп, әр бала өз атасының атын құрметпен атайтын орта қалыптасса, үзілген жіп қайта жалғанар еді.
Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры, тарихшы Сауран Қалиевтың айтуынша, «Жеті ата» – ұлтымыздың ғасырлар бойы ұстанып, қан тазалығын, ұрпақ саналығын сақтауда маңызды рөл атқаратын бірегей жүйе.
– Қазақ тектіліктің тамырын тереңнен тартқан халық екені белгілі. Мұны қазақ болмысының алтын арқауы болып табылатын жеті ата ұғымынан танып білуге болады. Қазақ бұл танымды ұлттың қалыптасуы мен сақталуы, дамуы жолында жоғары қойып, сана мен сезім, денсаулық пен жігер сынды құндылықтардың негізінде жатқан құбылыс ретінде таныған. Сол себепті жеті атасын білмеуді надандықтың белгісі деп санаған. Қазақта «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөз бекер айтылмаған. Осы орайда жеті атаға дейін қыз алысуға тыйым салынуы да тегін емес. Алғаш рет бұл қағида заң жүзінде «Есім ханның ескі жолында» қатаң түрде бекітілген. Бұл заңға бағынбаушылық тек қатал жазамен ғана емес, заң бұзған адамның ұрпағына қара дақ жағылуымен, яғни күллі келешек ұрпақ өкілдерінің халық арасында беделі түсіп, ұятқа қалуымен бірге ұласатын болған. Кейін де жеті атаны білу міндеті қазақ жерінде сақталып қалғаны белгілі. Ал жеті атасын білмеген жанды тексіз деп, тіпті сақтықпен қараған, себебі ата-бабасын білмеген адамды жат елден келген деп сенген. Сонымен қатар «Тегін білмеген еліне жаны ашымас», – деп жеті атасын білмейтін адамдарды ұлт баласы ретінде санамаған.
Этнографиялық зерттеулер бойынша, жеті атаға жетпей қыз алысу келешекте дүниеге келер ұрпақтың физиологиялық тұрғыда әлсіз болуына, ақыл-есінің жетілмеуіне алып келеді. Генетикалық ғалымдар қанның араласуы нәтижесінде аутосомды-рецессивті аурулардың, мысалы, альцгеймер, қант диабеті, анемия ауруларының даму қаупі артатынын анықтаған. Ал 2011 жылы жүргізілген генетикалық зерттеулер жақын туыстар арасындағы некелерден дүниеге келген ұрпақта мутациялық аурулардың 2-3 есе жиі кездесетінін көрсеткен. Бұл жеті ата ұғымының ғылыми тұрғыда дәлелденіп, ұрпақ амандығының бірден-бір кепілі екенін айқындайды. Сонымен қатар ата-бабалардың неліктен жеті ата қағидатын ұрпақ сабақтастығының қасиетті жібі ретінде көргендігін дәлелді түрде жеткізеді.
Айта кетейік, жеті ата – тек биологиялық тұрғыда ұрпақ саулығын қамтамасыз етумен шектелмейді. Бұл таным күллі ұлттың рухани діңгегі саналады. Тарихта жеті ата туыстық жүйесінің әлеуметтік құрылымдағы рөлі зор болды. Бабалардан қалған бұлжымас заң ғасырлар бойы ағайын-туыс арасындағы татулықты сақтап, ру ішінде және руаралық ынтымақты нығайта түскен. Сол себепті қазақта жеті ата – жеті тұғыр деп саналады, яғни жеті ата жүйесі – ұлттың мызғымас жеті тірегі болып келеді. Бұл жеті атаның тек шежіре үшін емес, қазақтың рухани, әлеуметтік және мәдени тұтастығын сақтайтын негізгі қағидалардың бірі екенін білдіреді, – дейді С.Қалиев.
Бүгінгі таңда жас буынның бойынан халық даналығына деген салғырттықты, жеті ата мен ру шежіресін білмеуді көргенде, аға буынның өкпе-назы жиілеуі заңдылық. Алайда бұл мәселеге тек айыптау ретінде емес, терең әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан қараған жөн секілді. Жастардың өткеннен қол үзуі жаһандық мәдени ассимиляция мен ұрпақтар сабақтастығының әлсіреуінен туындаған ортақ мәселе.
Тамырынан ажыраған ағаш ұзаққа бармайтыны сияқты салт-дәстүр мен тілін ұмытқан халықтың да ертеңі бұлыңғыр болмақ. Осы бір асыл құндылықтарды қайта тірілту үшін тек материалдық байлыққа емес рухани тереңдікке бойлауымыз қажет. Ұлт жадының жаңғыруы келешек ұрпақтың өз тамырына, тегіне деген құрметінен басталады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




