Онлайн сауданың тиімділігі – ең алдымен уақыт үнемдеуден байқалады. Адамдар кептелісте тұрмайды, дүкен аралап шаршамайды, барлығын үйінде отырып-ақ шеше алады. Әсіресе жұмыс басты адамдар мен студенттер үшін өте ыңғайлы. Сонымен қатар интернет-дүкендерде таңдау әлдеқайда кең. Бір ғана тауардың бірнеше түрін, бағасын, сапасын салыстырып, өзіңізге ең қолайлысын таба аласыз. Кәдімгі дүкенде мұндай мүмкіндік әрдайым бола бермейді.
Интернет-дүкендерді пайдаланушылардың таңдауы көбіне отандық емес, шетелдік маркетплейстерге түседі. Шетелдік платформаны тұтынушылардың қатарында өзім де бармын. Мен қолданатын маркетплейс «Pinduoduo» деп аталады. Бұл платформа арқылы қалағаныңды алуға болады. Тіпті киім-кешек, түрлі ұсақ-түйектерге ғана емес, жануарлар мен жәндіктерге де тапсырыс беріп жатқандар бар.
Кейінгі кезде осындай тапсырыстардың жиілеп кеткенін байқап жүрміз. Шетелдік тапсырыстарды жеткізумен айналысатын компаниялар болса барынша тұтынушыларды жануарларға, жәндіктерге тапсырыс бермеуге үгіттеуде. Сонымен қатар тасымалдау кезінде оларға ешқандай жағдай жасалмайтынын айтып дабыл қағуда. «Kargo.kz» компаниясының жетекшісі Динара Айтбаеваның айтуынша, бұл жануарларға жасалып жатқан үлкен қиянат.
– Соңғы кезде қоғамда онлайн платформалар арқылы тірі жануарларға тапсырыс беру мәселесі жиі талқыланып жүр. Адамдар бұл ретте көбіне сатушыларды кінәлап жатады. Алайда мәселені біржақты қарастыру дұрыс емес. Қытайдан жіберілетін тауарлардың қаптамасы кейде талаптарға толық сай келмейді. Бұл қаптамалар қысқа мерзімді жеткізілімге арналғанын ескерген жөн. Сатушы өз тауарын Қытай аумағындағы мекенжайға жеткіземін деп ойлайды. Ал тапсырыс берушінің жүздеген, мыңдаған шақырым қашықта орналасқан басқа қаладан немесе мемлекеттен екенін есепке алмауы мүмкін. Жүк тасымалдау жүйесі де мұндай жағдайларды толық бақылауға мүмкіндік бермейді. Кеден қызметі тауарларды жеке-жеке емес, ірі көлемде, жинақталған күйде тексереді. Сканерлер негізінен қауіпті немесе тыйым салынған заттарды анықтауға арналған. Қорап ішіндегі тірі жануарды ажырату қиын. Жеткізу қызметімен айналысатын компаниялардың көпшілігі жануар тасымалдауға рұқсат бермейді. Бірақ соған қарамастан әрбір қорапты ашып, ішін тексеру іс жүзінде мүмкін болмайды. Шекарадан ресми түрде өткізілетін жануарларға қойылатын талаптар мүлде бөлек. Мысалы, ит пен мысық секілді үй жануарлары арнайы ветеринарлық тексерістен өтіп, құжаттары толық болған жағдайда ғана өткізіледі. Арнайы мамандар олардың жағдайын бақылап, талаптарға сәйкестігін қарайды. Ал онлайн маркетплейстер арқылы келетін сәлемдемелер ағыны өте көп болғандықтан, бақылау жүргізу қиынға соғады. Нәтижесінде қорапқа салынған тірі жануар бірнеше күн бойы ауасыз, күтім, қозғалыссыз қалып, жолда өліп қалуы мүмкін. Сонымен қатар жануар тасымалдаудың нақты ережелері бар. Арнайы жәшік, жеткілікті ауа, қауіпсіз жағдай жасалуы керек. Алайда бұл талаптар халықаралық онлайн саудаға әрдайым жүре бермейді. Оның үстіне сатылып жатқан жануарлардың көпшілігі сирек кездесетіндер және жойылып кету қаупі төнгендер санатына жатпайды. Сондықтан олардың саудасы заңмен шектелмеген, – дейді Д.Айтбаева.
Динара Әбілқасымқызы осы ретте ақпараттандыру жұмыстарын күшейтіп, қоғамда жануарларға деген жауапкершілікті қалыптастыру аса маңызды екенін жеткізді.
– Жұмыс барысында командамызбен осындай келеңсіз жағдайды бастан өткергенбіз. Қытайдан келетін тапсырыстарды күтіп, әдеттегідей жүк көліктерін қарсы алдық. Көптен күткен ауыр жүк көліктері келіп, тауарларды қоймаға кіргізе бастадық. Барлық жұмыс қалыпты жүріп жатқан болатын. Алайда кезекті жүк көлігін ашқан сәтте қолқаны қабатын жағымсыз иістен демалу мүмкін болмай қалды. Иістің қайдан шығып жатқанын іздеп, қораптарды тексере бастадық. Біраз уақыттан кейін күлімсі иістің бір қораптан шығып тұрғанын байқадық. Аса сақтықпен арнайы маска тағып, қорапты аштық. Ашқан сәтте өз көзімізге өзіміз сенбедік. Қораптың ішінде аквариум балықтары болған екен. Бірақ олар ұзақ жолға шыдамай, жолда бәрі өліп қалыпты. Сатушы балықтарды жай ғана целлофан қалталарға салып, қорапқа орап жіберген. Балықтар толық өліп, Қазақстанға жеткенше шіри бастаған. Соның салдарынан тек сол қорап қана емес, оның жанындағы басқа тапсырыстар да бүлінген. Жағымсыз иіс басқа қораптарға сіңіп, ал төгілген су кейбір тауарларды жарамсыз күйге түсірген. Бұл жағдай сатушы мен тапсырыс берушінің немқұрайдылығының нақты көрінісі болды. Тірі жануарға осылайша жауапсыз қараудың салдары тек бір тапсырыспен шектелмей, бірнеше адамның затына зиянын тигізді. Осыдан кейін балықтарға тапсырыс берген тұтынушыны жеке шақырып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Келтірілген шығынды өтеуі тиіс екенін айттық. Сонымен қатар тапсырыстары бүлінген басқа клиенттерден кешірім сұрап, жағдайды түсіндірдік. Бұл оқиғадан кейін тұтынушыларымызға арнайы ескерту жасалып, тірі жануарларға тапсырыс бермеу керектігі түсіндірілді. Себебі бұл тек ережеге қайшы емес, сонымен қатар адамгершілікке де жат әрекет, – деді Д. Айтбаева.
Қалаған затыңды үйден шықпай-ақ таңдап, сапалы әрі қолжетімді бағаға сатып алуға мүмкіндік беретін интернет-дүкендер жақсы-ақ. Уақыт үнемдейсің, таңдауың кеңейеді, өзіңе ең тиімді нұсқаны еркін салыстырып аласың. Дегенмен онлайн маркетплейстерді дұрыс әрі саналы пайдалану маңызды. Кез келген тауарға тапсырыс бермес бұрын оның мазмұнына, жеткізілу шарттарына және қауіпсіздігіне мән беру керек.
Сымбат ҚУАНЫШ




