Ерекше атап өтерлік жайт, Қазақстан Қытайда өндірілген автокөліктерді ең көп тұтынатын әлемдегі алғашқы он елдің қатарына енді. Соңғы жылдары елімізде «Аспан асты» елінің брендтері қаптап, нарықтағы үлесін айтарлықтай нығайтты.
Қытай жеңіл автокөліктер ассоциациясының (CPCA) соңғы мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылы еліміз Қытайдан барлығы 211 мың 545 автокөлік импорттаған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 103 пайызға өскенін көрсетеді, яғни сұраныс бір жыл ішінде екі еседен астам артқан. Бүгінде қытайлық автоөндірушілердің Chery, Jetour, Haval, Changan, JAC және Geely секілді брендтері қазақстандық тұтынушылар арасында үлкен танымалдылыққа ие болып, нарықтағы позицияларын нығайта түсуде.
Деректерге сүйенсек, Қытайдың автокөлік нарығында 500-ге жуық марка мен стартап жобалар пайда болғанымен, бүгінде 150-і ғана белсенді жұмыс істеп жатыр. Қалған 300-ден астам брендтің жабылып қалуы немесе басқа компаниялармен бірігіп кетуі – нарықтағы бәсекелестіктің белгісі. Бұл көрсеткіш бір жағынан саланың қарқынды дамуын көрсетсе, екінші жағынан тұтынушы үшін белгілі бір қауіп тудырады.
Осы жағдай кез келген көлік иесінің көкейіне «Қаптаған қытай көліктерінің сапасы шын мәнінде сын көтере ме?» деген сауалды ұялатады. Осы мәселе төңірегінде белгілі көлік сарапшысы Өтеген Асылбеков өз ойын ортаға салды. Сарапшының болжамына сүйенсек, егер осы қарқын сақталса, алдағы 10 жылда халықтың 90 пайызы қытай көліктерін тізгіндеуі мүмкін.
– Мұның пайдалы жағы да бар. Халық еуропалық стандарттарға мүлдем сай келмейтін, өткен ғасырда шыққан ескі көліктерден арыла бастады. Қытайдың гибридті қозғалтқыштар мен шағын көлемді агрегаттарға басымдық беруі экологиялық тұрғыдан тиімді екені даусыз. Дегенмен, қытай көліктерін сатып алмас бұрын оның кемшін тұстарын да біліп алған жөн. Ең басты мәселе – бағаның тұрақсыздығы. Салоннан жаңа алған көлігіңіз бір айдан соң құнын 20-30 пайызға жоғалтады, ал 3-4 жыл жүрілген көлікті екінші деңгейлі нарықта сату өте қиын. Бағаны төмендету мақсатында қолданылатын арзан бөлшектер көліктің сапасына тікелей әсер етеді. Сырты жылтыраған жайлы көлік болғанымен, қауіпсіздік жағынан еуропалық стандарттардан әлдеқайда төмен. Мәселен, еуропалық краш-тесттерде қытай көліктері орташа 10-нан 4 балл жинаса, неміс көліктері 9, жапондықтар 8 балл иеленіп отыр, – дейді Ө.Асылбеков.
Сарапшы өзінің жеке тәжірибесіне сүйене отырып, қытай көліктерінің дыбыс оқшаулағышының нашарлығын, беріліс қорабының баяулығын және қосалқы бөлшектердің тапшылығын алға тартты. Тіпті кішігірім жол апатынан соң қажетті детальды Қытайдан бір жарым ай күтуге мәжбүр болғанын айтады.
Тұжырымдай келгенде, қытайлық көліктердің басты артықшылығы – олардың қолжетімді бағасы, заманауи жайлылығы. Алайда, сарапшының пікірінен ұғатынымыз – «арзанның сорпасы татымас» деген тәмсіл әлі де өзекті.
Серіжан ТЕМІРБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 4-курс студенті




