Ол ол ма, арада бір жыл өткенде жаңадан ашылған облыстық жастар газетіне әуелі тілші ретінде жұмысқа орналасып, екі-үш айдан соң бөлім меңгерушісі болып тағайындалдым.
Содан облыстық жастар газетіндегі қызыққа толы күндер өтіп жатты. Журналист ретінде облыс әкімінің жиындарына қатысып тұрамын. Кейде әкіммен бірге аудандарды аралап кетеміз. Әкімнің қатысуымен өткен жиындар кешке облыстық телеарнаның жаңалықтарынан көрсетіледі. Ал сол жаңалықтардан арагідік біз де төбе көрсетіп қаламыз. Облыстық телеарнадан жылт етіп түріміз көрініп қалғанға ауылдастарым басқаша ойлайды екен. «Оу, пәленшенің баласы ауылдан кеше ғана кетіп еді. Облыс әкімінің қасында жүр. Жақында жақсы қызметке тағайындалады екен» деп те сөз таратады. Ал көзі ашықтары: «Олай емес ау. Журналист болған соң ақпарат тарату үшін жүрген шығар. Әйтпесе, бара салып қандай қызмет береді?» деп дұрысын айтатын көрінеді.
Ол уақытта жаңадан оқу бітірген жастардың жұмыс табуы қиын еді. Содан не керек, ауылдастарым «облыс әкімінің қасында жүрген Есет көмектесе алатын» шығар деген оймен мені іздей бастады. Негізі өзімнің туған қарындасым мен жиеніме, ініме жұмыс тауып бере алмай жүрмін. Олар болса, мен туралы мүлдем басқаша ойлайды. Кабинетіме қуанып келеді. «Қызметің құтты болсын! Ауылдан шыға алмаймыз. Сен туралы естіп жатырмыз. Мына қарындасың оқу бітіріп, жұмыссыз жүр. Жұмысқа орналасуына жәрдем берсең. Біз де жөн-жоралғысын жасаймыз» деп құттықтауларының соңын бұйымтаймен аяқтайды.
Сонша мақтап тұрған соң амал жоқ «Айтып көрейін, ыңғайына қараймын» деп үміттендіріп шығарып саламын. Қолымнан келмейді десем ешкім сенбейді. Олар үшін мен облыстық жұмыспен қамту орталығының бастығы секілдімін.
Талай ауылдас келді, таныс келді. Әйтеуір маған келген ауылдастардың басым көпшілігі баласын немесе қызын жұмысқа орналастыру мәселесімен келуші еді. Кейбірі жолы жеңіл болып жұмысқа орналасып кетті. Жолы ауырларына жұмыстың ыңғайы келмей, өз жолдарын басқа жақтан іздеп кетті.
Қазір ауылдастарда біліп алды. Балаларын заман талабына сай – ағылшын, ІT-мамандықтарына оқытады. Маған да дұрыс болып қалды. Бұрынғыдай көп мазаламайды. Бірақ, сол кісілердің жұмыс іздеп келетін кезін сағынып жүрмін.
Есет ДОСАЛЫ,
журналист


