Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жанарды арбаған жасанды қызғалдақтар қайда?

Жанарды арбаған жасанды қызғалдақтар қайда?
Автор
Наурыз айы туып, әне-міне жер бусанады, дүние жаңарып, жасарады деп жүргенде жұрт назары Тараз қаласының көшелеріне орнатылған жасанды қызғалдақтарға ауды. Жасандылықты жаны сүймейтін тұрғындардың кейбірі бұған сын көзбен қарап, әлеуметтік желіде қызу талқылап жатты. Осымен бұл тақырып жабылар ма еді кім білсін, егер бізге Жұмақыз Бекеева есімді қала тұрғыны хабарласпағанда?

– Жамбыл облысын қызғалдақтың отаны дейміз. Сөйте тұра жол жиегін жасанды қызғалдақпен көмкергеніміз көзге қораш көрінеді екен. Мен бұл көрініске 22 наурызда куә болдым. Пластиктің қоршаған ортаға зияны болмаса, оның пайдасы жоқ екені белгілі. Жасандылыққа құмарту жақсы емес, оның орнына неге табиғи гүл екпеске?! – деді зейнеткер.

Осы орайда біз экология мәселесінде өзіндік айтары бар «Жабағылы-Манас» Тау клубы қоғамдық бірлестігі жобаларының үйлестірушісі Рауф Сәбитовке хабарласып, пікірін тыңдаған едік.

– Жамбыл облысы қызғалдақтың отаны екенін ескерсек, қоршаған ортаны пластикпен көгалдандыру дегеніңіз – нағыз масқара. Осыдан жиырма жыл бұрын ең алғашқы қызғалдақтар фестивалі өткен еді. Ол фестифаль былтыр да ұйымдастырылды. Өңірімізде қызғалдақтың көптеген түрі өседі. Сөйте тұра пластиктен жасалған гүлге қызығып, жұрттың жанарын жасанды қызғалдақпен арбау ақылға сиымсыз. Қала көшелеріне орнатылған жасанды қызғалдақтарды алғаш көргенде «Бұл не үшін керек, бұл кімге керек болды екен?» деп таңғалдым. Табиғатты жасанды заттармен көгалдандырып әуреге түскенше жасыл шөптің өзін қалдырған мың есе артық. Жақында ғана «AMANAT» партиясы облыстық филиалының экологиялық сараптамалық кеңесінде де осы мәселені көтердім. Қаратаудың бөктерінде, егістік алқаптарында табиғи қызғалдақтардың әлі күнге дейін сақталып қалуы жаратылыстың бір кереметі. Қызғалдақтың түп тамыры, яғни пиязшықтары 40 сантиметрден аса тереңде болады. Сондықтан да ол жерлер қанша жыртылып, соқамен айдалса да оған соқа тимей, аман қалады. Бірақ жердің бетіне жақын орналасқан майда пиязшықтар мен себілген тұқымдар жерді жырту кезінде оталып, құрып кетеді. Бұл дегеніңіз – адамның өз қолымен еккенінен ондаған, жүздеген есе артық зор байлық қой. Ол жердегі қызғалдақтар ешкімнің қарауынсыз өсіп жатыр. Олардың тұқымының өзі үлкен құндылық, тіпті әлемге экспортқа шығаруға да болады. Бірақ бұл үшін облыс әкімдігі тарапынан тиісті шешім шығарылуы қажет. Сондай-ақ аталған жиында «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін қалпына келтіріп, ол жаққа да осы гүлдерді егуді ұсындым. Әрине, «Қызғалдақ тек көктемде ғана гүлдейді, жазда қурап қалады» дейтіндер табылады. Бірақ оларды басқа уақытта гүлдейтін өсімдіктермен араластырып егуге, бір жолын табуға болады ғой. Ең бастысы Жамбыл облысы табиғаттың берген осы мүмкіндігін пайдалану керек. Ал пластик деген – бір жағынан жұтаңдық, екінші жағынан арзанқол дүние. Бүйте берсек, ол қаланың шынайы беделін жермен-жексен етеді. Бұл пластиктің қоршаған ортаны қоқысқа толтыратынын айтпағанда, өз табиғи байлығымызды бағаламай жатқанымыздың белгісі. Сонымен қатар Сиверс және Недзвецкий алмалары туралы да айтарым бар. Бұл жайында да сол жиында тағы бір мәрте еске салдым. Маған жауаптылар «Біз тек рұқсат етілген ағаш көшеттерін егеміз, жеміс-жидек ағаштарын екпейміз» деді. Біле білсек, алма ағаштары жүз жылдан аса өмір сүреді. Өкінішке қарай, әлі бірде-бір жоспар, не істің жөн-жобасы жасалған жоқ. Сондықтан мына мақала арқылы осы мәселені көтеріп, алғашқы қадамдарды жасау керектігін айтуым орынды деп есептеймін. Бұл өсімдіктерді заңдастырып, Қызыл кітапқа енген Сиверс, Недзвецкий алмаларын, Регель алмұртын жинау, өсіру және қала көшелеріне егу жұмыстарын қолға алуымыз керек. Өйткені жеміс ағаштары болмаса, қалада құстар да азайып кетеді. Мысалы, пластик қызғалдақтарға аз қаржы жұмсалмағаны анық. Одан да сол қаражатты қоғамға, адамға пайдасы бар жобаларға неге жұмсамасқа? – деді Рауф Сәбитов.

Ал керісінше, «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғыны, зейнеткер Тынышкүл Ақылова қала көшелерінің пластик қызғалдақпен безендірілуін құптайды.

– Заман жаңарып жатыр. Жаңа заманға сай жаңа технологиялар қолданысқа енуде. Мұны да бір жаңашылдықтың көрінісі деп қабылдауымыз керек. Өз басым қаланың көркін осылай да кіргізуге болатынына көз жеткізгендей болдым. Мерекеден кейін оны бірден жинап алғанша, жаздай тұра берсе де болатын еді ғой. Қызылды-жасылды қызғалдақтардың кеш батқанда жанып, түнгі қаланың сәнін келтіруі кімге ұнамай қалғанын түсінбедім, – деді ол.

Осыдан кейін біз Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай коммуналдық-шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бардық. Өзін Бағдаулет Жексентай деп таныстырған осы мекеменің қызметкері жасанды қызғалдақтар мереке қарсаңында егіліп, мерекеден кейін жиналып жатқанын сөз еткенімен, мандырымды мәлімет бере алмады. Пластик қызғалдақтарды сатып алуға қанша қаржы бөлінгенін сұрағанымызда ондағы мамандар «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарай жол сілтеді. Бұл мекеменің де бірнеше қызметкеріне хабарласып жатып, Төле көшесінің бойындағы 125 шаршы метрді құрайтын клумбаларға 9 962 дана жасанды қызғалдақ орналастырылғанын білдік. Қазіргі таңда олар жинастырылып, «Жасыл Ел – Тараз» мекемесінің қоймасына жеткізілген. Ал табиғи гүл – Петунияның 630 мың данасын егу жұмыстары сәуір айында басталып, олар қаланың негізгі көшелеріне, саябақтары мен скверлеріне егілмек.

Біз Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Нұрдос Сембекпен де сөйлесіп, жасанды қызғалдақтарды сатып алуға қанша қаржы қарастырылғанын анықтай алмағанымызбен, оның қай кезде орнатылып, не себепті жиналғанын білдік.

– Барлығы 10 мың дана жасанды қызғалдақ орналастырылды. Бұл әз Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар орнын безендірудің бір бөлігі ғана. Мереке қарсаңында ұлттық нақыштағы ою-өрнектер, балбал тастар қойылды ғой, бұл да сол секілді. Ал оның 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай орнатылуының негізгі мақсаты – нәзікжанды аруларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Қызғалдақтар Наурыз мерекесінен кейін жиналып алынды. Дегенмен жасанды қызғалдақтар жыл сайын көктемде осылай орнатылатын болады. Қазір оның орнына қаланы көркейтуге арналған жазғы гүлдерді егу, абаттандыру жұмыстары қолға алынуда, – деді Н.Сембек.

Негізінде қаланы көркейтуде табиғи гүлге назар аударылмай жатқан жоқ. Биыл жалпы ауданы 10500 шаршы метр гүлзарларға және 669 қазандыққа жаздық гүлдер отырғызу және «Ұлы дала» ықшамауданы мен «Барысхан» алқабына 5 мың дана көпжылдық раушан гүлін отырғызу жоспарланған. Наурыз айының соңына дейін қаладағы гүлзарлардың топырағы қопсытылып, тыңайтқыш енгізу жұмыстары жүргізіліпті. Қала аумағында бұрын отырғызылған 35 мың түп көпжылдық раушан гүлдерін көктемгі ашу және күтіп-баптау жұмыстары атқарылған. Қазіргі таңда «Жасыл Ел – Тараз» мекемесінің жылыжайында 1 миллион жаздық гүл көктеп тұр. Осы ретте біз «Жасыл Ел – Тараз» ЖШС көгалдандыру учаскесінің меңгерушісі Гүлнара Оразалинамен сөйлескен едік. Ол жазғы гүлдерді отырғызу жұмыстары басталғанын сөз етті.

– Жаздық гүлдерді отырғызу жұмыстары наурыз айынан басталды. Қазіргі уақытта гүзарлардың жерін аудару, топырағын қопсыту жұмыстары аяқталуға жақын. Жаздық гүлдерді егуге 25 адам жұмылдырылады. «Жасыл Ел – Тараз» мекемесінің жылыжайында өсірілген 1 миллион жаздық гүлдің 630 данасын бұрыннан бар гүлзарларға, көше бойына, саябаққа егеміз. Ал қалғаны жаңадан ашылған саябақ, скверлерге орналастырылатын болады. Жалпы гүлзарлар мен көше бойындағы гүлге арналған қауашақтарға гүл отырғызу мамыр айына дейін жалғасады. Осы екі айда гүл егу науқаны аяқталады. Мекемеде 20 су таситын (водобоз) көлік бар. Гүлдерді егу, оларды күтіп-баптау, суаруда осы көліктер пайдаланылады. Одан бөлек, Тұңғыш Президент саябағы, «Жеңіс» саябағы секілді демалыс орындары мен облыс әкімдігінің аумағына отырғызылған гүлдер тамшылатып суарылады. Шілденің шіліңгір ыстығында гүл суаратын қызметкерлер екі ауысыммен жұмыс істейді. Мәселен, гүлдер күніне таңертеңгі сағат 6.00 мен 10.00 және кешкі 18.00 мен түнгі 22.00 арасында суарылады. Биыл қала көшелеріне 15 мың дана қызғалдақ көшеттерін отырғыздық. Олардың түбін қопсыту, арамшөбін жұлу, суару, күтіп-баптау жұмыстары жаз бойы жүргізіледі, – дейді Гүлнар Бейсенбайқызы.

Жұртшылықтың есінде болса жасанды қызғалдақтар шаһардың шығыс, батыс қақпалары мен Төле би көшесінің бойында осыдан 5 жыл бұрын да пайда болған. Сол кезде де мәселе дәл осылай әлеуметтік желіде қызу талқыланған. Қазір сол пластик гүлдердің қай қоқыста жатқаны бір Аллаға ғана аян. Бастысы биыл жұрт назарына іліккен, қазынадан арнайы қаржы жұмсап, сатып алынған пластик қызғалдақтар табиғаттың ыстық-суығына төтеп бере алмай, бір-екі жылдан соң іске жарамсыз болып қалмаса болғаны.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар