Биыл да елімізде Наурыз мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Төл мерекеміз қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсті.
Халықты ұйыстырған мереке Үшарал ауылында да кең көлемде тойланды. Ауылдың іргесіндегі алаңқайға ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алыс-жақыннан келген қонақтарға сый-құрмет көрсетіліп, думанды той ұйымдастырылды. Қазақы нақыштағы ұлттық киім, бозкілемде белдескен балуандар, алтыбақан тепкен жастар мерекенің әрін аша түсті. Ал мерекелік іс-шаралардың өз деңгейінде өтуіне демеушілік жасаған «Harvest Grour» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екенін де атап өткен жөн.
Жалпы аталған серіктестік өңірде агроиндустриалды кластер құруды көздейді. Компания елімізде су үнемдеу технологияларын енгізумен қатар, агроөнеркәсіптік жобаларды жүзеге асырады. Серіктестік аудандағы 40 мың гектар суармалы алқапқа егін егуді, 656 дана орталық жаңбырлатқыш қондырғы орнатуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар астық инфрақұрылымын дамыту бойынша тың жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Салынатын инвестиция көлемі 95 миллиард теңгені құрайды. Жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. 2029 жылы толығымен пайдалануға берілетін жоба аясында 170-тен астам жұмыс орны ашылмақ.
Мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі және Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков, «Harvest Kazakstan» «Харвест агро Холдинг» ЖШС-ның директоры Дәулет Увашев қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Өз кезегінде ол алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Мұнан кейін жасы тоқсаннан асқан ауыл ақсақалы Бекбосын Әбдімәлік ақ батасын беріп, мерекелік іс-шаралар легі Жер-ана мен Қыдыр атаның сахналанған көрінісімен басталды.
Шара елге белгілі тұлғалардың есімін иеленген киіз үйлердің шеруіне ұласты. Наурыз мерекесіне арнап тігілген киіз үйлерді бекітілген қазылар алқасы бағалап, жеңімпаздарды анықтады.
Ортақ ниетпен жиылған көпшілік сәті түскенде естелік суретке түсіп, қол алысып, бір-біріне жылы лебіздерін арнап жатты.
Мерекеге қатысушылар ұлттық киім шеруі, киіз үйдің нақышы және ауылішілік көше тазалығы сынды кезеңдер бойынша сайысқа түсті.
Нарбол ҚАШАҒАН,
журналист,
Талас ауданы




