Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Талайды таңғалдырған тоғызқұмалақ

Талайды таңғалдырған тоғызқұмалақ
Автор
Тоғызқұмалақ – сананың салмағын арттыратын, ұтқырлықты шыңдайтын зияткерлік дода.

Аңыздарға сенсек, тоғызқұмалақ ойынын қарапайым қойшылар ойлап тапқан. Олар жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасап, тақта ретінде пайдаланған. Ал құмалақтарды дайындау үшін қойдың кептірілген 162 құмалағын қолданған. Деректерде тоғызқұмалақ шопандар үшін таптырмас зияткерлік ермек болғаны айтылады.

Облысымызда да 4 мың жылдық тарихы бар зияткерлік ойынымыз жоғары дәрежеде ұлықталып келеді. Мақаланы әзірлеу барысында біз бар ғұмырын тоғызқұмалаққа арнаған «Әулие-Ата» кәсіпқой клубының жаттықтырушысы Ербол Нұрхановпен тілдескен едік. Ол бұл спорттың өңірдегі даму қарқынына тоқталып, болашағының жарқын боларына сенім білдірді.

– Мен тоғызқұмалақ спортымен 1998 жылдан бері айналысып келемін. Спортшы ретінде облыстық, республикалық және халықаралық додаларда бақ сынап, жеңімпаз, жүлдегер атандым. Өзімнің спорттық жолымды Түркістан облысының Кентау қаласында бастадым. 2014 жылдан бері киелі Әулиеата жерінде бапкерлік қызметімді жалғастырып келемін. Қазіргі таңда халықаралық дәрежедегі төреші, сонымен бірге Тараз қаласының аға жаттықтырушысымын. Жалпы Жамбыл облысындағы тоғызқұмалақ спортының тарихы өте тереңде жатыр. Тіпті бұл ойынның республика деңгейінде дамуына біздің өңірдің ықпалы зор болды десем артық айтқандығым емес. Мәселен, Қаз ССР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбілда Ақшораев осы ойынның оқулықтарын шығарса, Серікбай Тілеубаев ағамыз тоғызқұмалақ тақтасының авторы ретінде танымал. Бапкерлік жолымда облыста айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Нақтырақ айтсам, бүгінгі күнге дейін, 6 рет Қазақстан чемпионын, 2 Азия кубогінің жүлдегерін, Азия чемпионатының күміс жүлдегерін және 1 әлем чемпионын тәрбиелеп шығардым. 5 бірдей шәкіртім «ҚР спорт шебері» атағын алды. Атап айтқанда, әлем чемпионы Айдана Молдабек, Азия кубогінің жүлдегері Әсел Сейітбекова, ел чемпиондары мен жүлдегерлері Ернұрсұлтан Боранбай, Азиз Азыралы, Нұрбол Әлдібай сынды шәкірттерім бүгінде облысымыздың мақтанышы деуге болады. Тоғызқұмалақ адамның ойлау қабілетін дамытатын зияткерлер додасы. Оны есепке қабілеті жоғары, ойы ұшқыр адамдар ойнайды. Тіпті кезінде ұлы Абай атамыз да бұл ойынды ерекше сүйіп ойнаған екен. Қазір облысымыздың әр ауданында жаттықтырушылар мен шәкірттер саны артып келеді. Өзімнің қарамағымда да 30-ға жуық оқушы бар. Менің басты мақсатым осы жетістіктермен тоқтап қалмай, «ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына қол жеткізу және еліміздің абыройын асқақтататын жаңа чемпиондарды тәрбиелеу. Ұлттық спорттың мерейін үстем ету – басты мұратым, – деді Ербол Сапарбекұлы.

Ғаламтордағы дереккөздерге сүйенсек, қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде тоғызқұмалақ спортымен айналысатындар бар. Мәселен, Қырғызстандағы мектептерде тогуз-коргоолдан олимпиадалық жарыстар өтеді екен. Ал Қытайда, Қарақалпақстанда арнайы кітаптар мен ғылыми еңбектер жарық көруде. Бұл ұлы халқымыздың ұлттық спортының әлі де алар асуының алда екенін көрсетке керек.

Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар