Жоғары сападағы камералары бар алғашқы смартфондар пайда болғаннан бері мобилография Қазақстандағы көптеген адамдар үшін танымал хобби және өзін-өзі көрсету құралына айналды. Смартфондарды пайдаланудың қарапайымдылығы мен қолжетімділігі барлығына фотограф болуға, өмірінің маңызды сәттерін түсіруге және оларды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы басқалармен бөлісуге мүмкіндік береді.
Осы орайда жуырда ауданда қызмет етіп жүрген мобилографтарға қолдау көрсетіп, шығармашылығын жетілдіру мақсатында жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өңірде тұңғыш рет мобилографтар байқауы өтті.
Өрнек, Қаракемер, Көлқайнар, Ерназар, Аса, Жамбыл ауылдық округтерінен қатысқан 10 үміткер 2 кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезеңде үміткерлер белгілі бір жанр бойынша көлемі 1-2 минут аралығындағы сюжет дайындап, ұсынды. Ал екінші кезеңде жастар ресурстық орталығы жүзеге асырып жатқан «Aуыл Bay» жобасы аясында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастаған жас кәсіпкерлермен сұхбат жүргізіліп, бейнематериал монтаждалды. Бұл бағытта түсірілім кадрларын дұрыс алу, әртүрлі ракурста, жалпы, орта, үлкен пішінді көрсете білуі бойынша шарт қойылды.
Қазылар алқасының құрамында болған аудандық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Бақытжан Кикбаев пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Ақпараттық медиа орталығының директоры Мархабат Көпбосынова ауданда IT-саласын дамытып, тың технологияның тілін білетін жастардың санын көбейту керектігін ерекше атап өтті.
Байқау қорытындысы бойынша I орынды Байеш Мухаммед-Али иеленсе, II орын Бәйдібек Туғанбекке бұйырды. Ал III орынды Нұрай Садық жеңіп алды. Сонымен қатар «Креативті идея» номинациясымен Ғаламат Оңал марапатталды. Жеңімпаздарға диплом және қаржылай сыйлықтардың сертификаттары табысталды.
Ақмарал ҚАЙСАР,
Жамбыл ауданы әкімдігі жастар ресурстық
орталығының жастармен жұмыс жөніндегі маманы


