Осы мақсатта бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жуырда қазақтың ұлттық киімдерін заманауи үлгіде дәріптеп жүрген «Хан» бренді таныстырылды.
Аталған брендтің негізін қалаушы – көпбалалы ана, кәсіпкер Малика Құлахметова. Оның айтуынша, ұлттық киім тігу кәсібін бастау идеясы осыдан сегіз жыл бұрын декреттік демалыс кезінде келген. Бүгінде «Хан» бренді патенттеліп, Тараз қаласында тігіледі. Ал киімге қажетті маталар Түркиядан арнайы тапсырыспен жеткізіледі.
Сондай-ақ, Малика Құлахметова Францияда өткен халықаралық конкурста Жамбыл облысының атынан қатысып, қазақтың ұлттық киімдерін таныстырған.
Кәсіпкердің айтуынша, ұлттық нақыштағы киімдерге еліміздің әр өңірінен сұраныс жоғары. Қазіргі таңда кәсіпкер 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу – тек мәдени миссия ғана емес, сонымен қатар қоғамның рухани дамуына қосылатын маңызды үлес. Қазақтың салт-дәстүрін, қолөнерін, ұлттық тағамдары мен киімін, тілін насихаттап жүрген кәсіпкерлер мәдениет пен экономиканы ұштастырып отырған маңызды буын.
Мұндай кәсіпкерлердің еңбегі тек бизнес жүргізумен шектелмейді. Олар ұлттық болмыс пен тарихты сақтап, оны келесі ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келеді.
«AR-AI»-ақпарат


