Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Табиғи сұлулық трендте

Табиғи сұлулық трендте
Автор
Қазіргі таңда сұлулық индустриясында айтарлықтай өзгерістер байқалады. Бірнеше жыл бұрын қалың макияж, жасанды кірпік, татуаж қастар сәннің негізгі трендтерінің бірі болатын. Көптеген қыз-келіншектер бетіне көп мөлшерде косметика жағып, айқын әрі көзге түсетін образ жасауға тырысатын.

Ал қазір табиғилыққа басымдық беріле бастады. Мысалы, нәзікжандылар бұрынғыдай қасты жиі жұлып, жасанды пішін жасау емес, оның табиғи формасын сақтап, тек ретке келтіріп қойғанды жөн көреді. Сонымен қатар ауыр әрі қалың макияждың орнына жеңіл, көзге аса байқалмайтын минималды макияж жасау сән әлеміне қайта оралды.Одан бөлек бұрын адамдар әлеуметтік желілердегі парақшаларында суреттерін жариялағанда түрлі маска мен фильтрлерді жиі қолданатын болса, қазір көптеген қолданушылар табиғи бейнесін өзгертпей көрсетуге тырысады. Бұл үрдіс әсіресе жастар арасында кең таралып, сұлулыққа деген көзқарастың өзгеруіне ықпал етті.

Косметология саласында да жаңа бағыттар пайда болды. Бұрын агрессивті косметикалық процедуралар жиі қолданылса, қазір көптеген адамдар теріні күтуге, оны табиғи жолмен қалпына келтіруге және денсаулығын сақтауға көбірек мән береді.

Осы ретте біз табиғи сұлулық пен жасанды сұлулықтың айырмашылығы, қазіргі сән әлеміндегі өзгерістер туралы косметолог Айнұр Әбілқасымовадан сұрап, көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап алуға тырыстық.

– Бүгінде косметология пластикалық хирургия және физиотерапия салаларымен қатар дамып келе жатқан маңызды бағыттардың бірі. Сұлулық индустриясында аппараттық түзету әдістері, жіп имплантологиясы секілді процедуралар кеңінен қолданылып, жоғары сұранысқа ие болуда. Сондай-ақ минимализм мен табиғилық басты трендке айналды. Жасанды әрі шектен тыс өзгерістер қазір сәннен шыға бастады. Бұрын көптеген әйелдер сыртқы келбетін айқындау үшін ерінге арналған ботокс, татуаж қастар, ұзын жасанды тырнақтар жасататын. Мұндай өзгерістер белгілі бір кезеңде сәнге айналып, сұлулық индустриясының басты трендтерінің бірі болды. Алайда соңғы жылдары бұл үрдіс біртіндеп өзгеріп, табиғилыққа деген қызығушылық артты. Әйелдер шектен тыс жасанды өзгерістерден бас тартып, өзінің табиғи келбетін сақтауға мән беруде. Бұрын сән болған өте қалың қастар, үлкейтілген еріндер немесе шамадан тыс ұзын тырнақтар бұрынғыдай танымал емес. Оның орнына қарапайымдылық пен табиғи сұлулыққа басымдық берілуде. Қазіргі қыз-келіншектердің басты мақсаты – бет терісінің табиғи түрде таза, жарқырап және нәрленіп тұруы. Яғни сұлулық тек макияжбен емес, ең алдымен дұрыс күтіммен және табиғи келбетпен байланыстырыла бастады. Мысалы, «Еуропалық қабақ», «Джоли пішіні», «Малифицент бет сүйектері» немесе «Түлкі көз» сияқты жасанды бейнелер бүгінде анти-трендке айналды. Себебі мұндай өзгерістер көбіне косметологияның негізгі қағидаларына қайшы келеді. Әдетте қыз-келіншектерге бет терісіне күтімді ерте жастан бастаған дұрыс. Бүгінгі заманның жастары бұл мәселені жақсы түсінеді. Дегенмен ең бастысы – дұрыс маманды таңдау. Яғни зерттеулерден өткен, сертификатталған препараттарды қолданатын және кәсіби медициналық білімі бар дәрігерлерге ғана жүгінген жөн. Жалпы алғанда, сұлулық тек косметологиялық процедураларға ғана байланысты емес. Ұйқының дұрыс болуы, теңгерімді тамақтану және салауатты өмір салтын ұстану – жастық пен сұлулықтың негізгі кепілі. Егер адам ұзақ әрі сапалы өмір сүргісі келсе, осы әдеттерді күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыруы қажет. Сондай-ақ қатаң диеталар мен вегетариандық өмір салтына да абай болуға кеңес береді. Өйткені ағзаға қажетті ақуыз жеткіліксіз болған жағдайда, дене ресурстары әлсіреп, терінің жағдайы нашарлауы мүмкін. Сондықтан дұрыс әрі теңгерімді тамақтану – денсаулық пен сұлулықтың маңызды шарттарының бірі, – деді Айнұр Әбілқасымова.

Яғни маман айтқандай шынайылық сәнге айналды. Демек, табиғилық – көпшілік назарында болудың тиімділігін дәлелдеген жаңа тәсіл.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар