Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жасөспірімнің еңбегін пайдалану да заңмен реттеледі

Жасөспірімнің еңбегін пайдалану да заңмен реттеледі
Автор
Қазақ халқы ерте заманнан баланы еңбекке баулуды тәрбиенің маңызды бөлігі деп санаған. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақыл сөздің өзі еңбекқорлықтың адам өміріндегі орнын айқындайды.

Көптеген ата-ана баласын кішкентайынан үй шаруасына араластырып, жауапкершілікке үйретеді. Бұл – баланың еңбекке бейімделіп, үлкен өмірге дайын болып өсуіне көмектеседі. Алайда соңғы жылдары көшеде сауда жасап жүрген немесе түрлі кәсіпкерлік нысанда жұмыс істеп жүрген кәмелетке толмаған балаларды жиі кездестіреміз. Қабырғасы қатпаған баланың бірі базарда ұсақ-түйек зат сатып ақша тапса, енді бірі дәмхана мен дүкенде жұмыс істеп жүреді. Мұндай жағдайда «Бала еңбегі қалай қорғалады?» деген сұрақ туындайды.

Осы сұраққа жауап табу мақсатында ізденіп көрген едік. Бұл мәселеге қатысты облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы, бас мемлекеттік еңбек инспекторы Жарылқасын Айтақовтың пікіріне жүгінуді жөн көрдік.

– Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, 14 жастан бастап жасөспірімдер ата-анасының немесе заңды өкілінің рұқсатымен жеңіл жұмыс істеуге құқылы. Бірақ ол жұмыс баланың денсаулығына зиян келтірмеуі және оқуына кедергі болмауы тиіс. Ал 16 жастан бастап еңбек шарты негізінде жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Дегенмен олардың жұмыс уақыты ересектерге қарағанда қысқартылған, – дейді аталған басқарма басшысы.

Ж.Айтақовтың айтуынша, кәмелетке толмағандарды ауыр жұмысқа, түнгі уақыттағы еңбекке немесе денсаулығына қауіпті қызметке тартуға заңмен қатаң тыйым салынған. Егер жұмыс беруші бұл талаптарды бұзса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

– Кәмелетке толмағандарды заңсыз жұмысқа тартқан кәсіпкерлерге айыппұл салынады. Сонымен қатар баланың еңбегін пайдалануға жол берген ата-аналар да жауапқа тартылуы мүмкін, – дейді Жарылқасын Әбдіғапарұлы.

Дегенмен кейбір жасөспірімдер бос уақытында жұмыс істеп, өз еңбегімен табыс табуға қызығушылық танытады. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Әлихан Төлеген былтыр жаз шыға сала оқушыларға арналған ұзақ демалысты босқа өткізбей, шағын дәмханада жұмыс істеп көргенін айтады.

– Жасым 16-да болғанымен бойшаң едім. Сондықтан мені елдер 16 жастан ересек деп ойлайды. Соны пайдаланып, былтыр жазғы демалыста бос уақытымды ұтымды пайдалануды жөн көрдім. Ол кезде 15 жаста болсам да өз еңбегіммен ақша тауып көргім келді. Осылайша бір дәмханада даяшының көмекшісі болып жұмыс істедім. Көбіне үстел үстін жинастыруға, орындықтарды реттеуге көмектестім. Жұмыс уақыты да ұзақ болған жоқ. Есесіне ата-анама салмақ салмай, оқуыма қажетті құрал-жабдықтың кейбірін өз ақшама сатып алдым. Ал биыл заңды түрде жұмыс істей беруіме болады, – деді ол.

Ал Тараз қаласындағы дәмханалардың бірінің иесінің (аты-жөнін айтудан бас тартты) айтуынша, кәмелетке толмағандарды жұмысқа алғанда заң талаптарын сақтау өте маңызды.

– Жасөспірім жұмыс істегісі келсе, міндетті түрде ата-анасының рұқсатын сұраймыз. Жұмыс уақыты қысқа болады. Негізінен жазғы демалыс кезінде ғана жеңіл жұмыстарға көмектеседі, – дейді кәсіпкер.

Жалпы мамандардың пікірінше, баланы еңбекке баулу – дұрыс тәрбие. Бірақ ол баланың құқығын бұзбауы тиіс. Ең бастысы – жасөспірімнің оқуына кедергі келтірмей, денсаулығына зиян тигізбеуі керек.

Қорыта айтқанда, баланы еңбекке тарту – тәрбие құралының бір түрі болғанымен, оның заң талаптарына сай болуы маңызды. Ата-ана да, жұмыс беруші де кәмелетке толмағандардың құқықтарын сақтаған жағдайда ғана бала еңбегі пайдалы тәжірибеге айналады.

Аяулым РАХЫМБЕК,

М.Х.Дулати атындағы Тараз

университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар