Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ерте отбасын құру бақытқа бастар жол ма?

Ерте отбасын құру бақытқа бастар жол ма?
Автор
Адам өмірінде отбасын құру өмірдің ең жауапты әрі мағыналы кезеңдерінің бірі. Негізінен бұл көп ортада үлкен талқыға түсетін әлеуметтік мәселе. Бүгінгі таңда да ерте тұрмысқа шығу мен ерте үйлену тақырыбы қоғамда жиі көтеріліп жатады. Бұл құбылыс тек жеке адамның өміріне ғана емес, тұтас қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық ахуалына әсер ететін маңызды фактор екені даусыз.

Күн шұғыласымен шағылыса жүгіріп, көбелек қуып өскен бүлдіршін қыздың әп-сәтте бойжетіп, етек-жеңін жинап, қылықты бойжеткенге айналып шыға келуі қандай жылдам?! Талшыбықты иіп, тақымына ат қылып мініп, көшенің шаңын аспанға көтере шапқан достарымен тай-құлындай тебісіп өскен балақайдың да бозбалаға айналуы неткен тез?! Бұған кеше ғана қырдан қызғалдақ теріп өскен өзіміздің де алыста қалған балалығымыз куә.

Қазақ баласы ұл-қызы дүниеге келген сәттен-ақ: «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деп бірден айтқан. Сөйтіп «Алты жастан жинасаң – асады, жеті жастан жинасаң – жетеді» деп топшылаған. Тапқан-таянғанын тойға шашылсын деп, ертеден жинағаны да сондықтан. Бұл біздің ұлт үшін өзгермейтін заңдылық. Уақыттан жақын көршінің жоқтығын еске салатын қағиданың бірі. Оның үстіне «қамшының сабындай» деп баға берілген қас-қағым ғұмыр қазақта ұрпағымен өлшенген. Сондықтан кей ата-ана баласының да ертерек отбасы құрып, сәби сүйгенін қалаған. Өйткені немере бағу – ең ұлы бақыт саналады.

Расында ерте отбасы құру кейбіреулер үшін бақыттың бастауы болып көрінсе, енді біреулер үшін асығыс жасалған шешімге айналуы мүмкін. Ерте тұрмысқа шығу немесе ерте үйлену бір қарағанда қарапайым өмірлік таңдау сияқты көрінгенімен, оның астарында үлкен жауапкершілік пен сан түрлі мәселе жатыр. Сондықтан бұл жағдайды жеке жан қалауы деп қана емес, жан-жақты қарастырып көру қажет.

Көне дүниетанымда әрбір жас кезеңінің өз орны, өз жауапкершілігі болған. Сол түсініктің ішінде ерекше айтылатын тіркестердің бірі «он үште отау иесі» деген сөз. Бұл ғасырлар бойы халық жадында сақталып, ер-азаматтың ерте есейіп, шаңырақ көтеруге дайын болуын меңзейтін ұғым ретінде қалыптасты. Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ қоғамында балалық пен жастық шақтың шекарасы басқаша өрбіген.

Жасөспірім ұл бала ерте жастан еңбекке араласып, жылқы қайырып, мал бағып, ел ісіне араласқан. Сондықтан он үш жасқа келген бала көбіне бала емес, өмірдің жауапкершілігін түсіне бастаған жас азамат ретінде қабылданған. Жалпы бұл түсінік көбіне тәрбиелік мағынада айтылған нақыл ретінде түсіндіріледі. Яғни бұл тіркес әрбір ұл баланың жас кезінен-ақ жауапкершілікке дайын болуын, ертең шаңырақ көтеретін азамат екенін ұмытпауына келіп тіреледі. Байыптасақ, бұл сөз тура мағынасында емес, бейнелі мағынада қолданылған. Қазақ қоғамында шынымен де тым ерте жаста үйлену ара-тұра кездескенімен, әрбір он үш жастағы баланы бірден үйлендіріп отырған деу шындыққа жанаспайды. Көбінесе бұл жас шамасы ер-азаматтың есейіп келе жатқанын білдіретін символды білдіреді.

Жалпы отбасы құрып, шаңырақ көтеру тек екі адамның ғана мүддесі емес, екі әулеттің одағы. Бұрын баланың болашақ тағдыры ата-ананың, ру мен ауыл ақсақалдарының кеңесінде шешіліп отырған. Кейде балалардың атастырылуы олардың өте кішкентай кезінде жасалғанын тарихтан білеміз. Мұндай дәстүр «бесік құда», «бел құда» деген атаумен белгілі. Бірақ атастыру мен нақты үйлену тойының арасында жылдар өткені анық қой. Көп жағдайда жастар бой жетіп, ер жеткен соң ғана отау тіккен.

Уақыт өте келе қоғам өзгерді, өмір салты да басқа кейіпке енді. Бүгінгі күні жастар білімге ден қойып, мамандық игеруге, жеке дамуға мүмкіндік алды. Сондықтан ерте үйлену мәселесіне қазіргі қоғам басқаша көзқараспен қарайды. Оның үстіне қазіргі заманда жастардың өмірлік жолы, мақсаттары мен мүмкіндіктері мүлде басқа арнаға бұрылды. Дәл осы өзгерістер ерте үйлену мәселесіне жаңа көзқараспен қарауды талап етеді.

Біреулер ерте отбасы құру адамды жауапкершілікке тәрбиелейді, өмірдің мәнін ертерек түсінуге көмектеседі деп санайды. Ал кейбіреулер керісінше, мұндай қадам жас адамның болашақ мүмкіндіктерін шектеп, психологиялық және әлеуметтік қиындықтарға алып келуі мүмкін деп топшылайды. Шын мәнінде, бұл құбылыстың пайдасы мен зияны әр адамның өмірлік жағдайына, тәрбиесіне, дайындық деңгейіне байланысты әртүрлі болатыны анық.

Иә, ерте үйленген жас отбасы бір-біріне тірек болып, қиындықтарды бірге жеңіп, өмір мектебінен қатар өтеді. Мұндай мысалдар қоғамда аз емес. Дегенмен, бұл жолдың оңай емес екені де белгілі. Жас шаңырақ материалдық тұрақсыздық, тәжірибенің аздығы, өмірлік көзқарастың толық қалыптаспауы сияқты түрлі сынақтарға жиі ұшырайтыны анық қой. Сонымен қатар ерте тұрмысқа шығу қыз баланың білім алуына, кәсіби дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Кей жағдайда жас келіншектер отбасы мен тұрмыстың ауыртпалығын ерте көтеріп, өз армандары мен жоспарларын кейінге шегеруге мәжбүр болады. Отбасының тек қуаныш пен махаббаттан ғана тұрмайтын күрделі өмірлік одақ екенін білеміз. Ол өзара түсіністік, сабыр, жауапкершілікті талап етеді. Ал жас адамдар мұндай сынақтарға әрдайым дайын бола бермеуі мүмкін. Сол себепті кейбір ерте құрылған некелер уақыт өте келе түрлі қиындықтарға тап болып жатады. Дегенмен, барлық ерте некелер сәтсіз болады деп кесіп айту дұрыс емес. Көптеген жастар саналы шешім қабылдап, өзара қолдау мен түсіністік арқылы берік отбасы құрып отырғанын да жоққа шығаруға болмайды.

Небәрі 16 жасында тұрмысқа шыққан Айгүл Оразалықызымен тілдескен едік. Ол тұрмысқа шыққан сәттегі өзінің ішкі күйінің қызықты сәттерімен бөлісті.

– Он алты жасымда өзімнен он жас үлкен жігітке тұрмысқа шықтым. Ол кезде өмірдің бәрі маған ойын сияқты көрінді. Кейде шаршап кетсем, қонақтардың көзінше себепсіз жылай салатынмын. Сонда өзім де неге жылағанымды түсінбей қалатынмын. Енем мен атам мені баладай көріп, жұбатты. Ал мен болсам келін екенімді ұмытып, өзім құралпы қыздармен бірге далаға шығып кеткім келіп тұратын. Үлкен балам дүниеге келгенде де ана болғанымды толық сезінбедім. Сәбиімді көбіне ата-енеме қалдырып, уайымсыз көңіл көтеріп жүре беретінмін. Жастықтың желігі бәрібір басым еді. Екінші балам дүниеге келгенде ғана өмірдің салмағын шын сезіне бастадым. Сол кезде ғана ана болу дегеннің жауапкершілігі мен мейірімін жүрегіммен түсіндім. Бүгінде өткен өміріме қарасам, мен тым ерте тұрмысқа шығыппын. Қазір отыз сегіз жастамын, ал үлкен балам менен небәрі он жеті жас кіші. Кейде екеуміз қатар жүрсек, ұлымды жұрт інім деп ойлап қалады. Мен сонда жастықтың асығыс шешімі, ерте есейткен алғашқы махаббаттың шешімі мені қаншалықты ерте есейткенін іштей сеземін. Жас қыздарға, сіңлілеріме «ерте тұрмысқа шықпаңдар» деп кеңес берер едім. Өйткені мен есейіп үлгермей қалғанымды сеземін. Және көп нәрсені түсіну қиынға соғады. Сондықтан әр нәрсенің өз уақыты бар, сондықтан асықпаңдар дер едім, – дейді Айгүл.

Ал ерте тұрмысқа шығып, жыныстық қатынасқа ерте түскен қыздар туралы медицина мамандары не дейді? Бұл туралы дәрігер, акушер-гинеколог Ақерке Тоқбергенова әңгімелеп берді.

– Қазіргі қоғамда ерте жыныстық қатынас пен ерте тұрмысқа шығу мәселесі жиі талқыланып жүр. Бұл тақырып жастар арасында ғана емес, ата-аналар, мұғалімдер мен дәрігерлер арасында да үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Мен де дәрігер ретінде осы мәселені жиі көтеріп, мектептер мен оқу орталықтарында кездесулер өткізіп, жастармен ашық әңгіме жүргізіп тұрамын. Себебі көптеген жасөспірім қыздар мен ұлдар ерте қарым-қатынастың салдары туралы толық ақпаратты біле бермейді. Ал медициналық және психологиялық тұрғыдан бұл мәселенің маңызы өте үлкен. Ең алдымен, жас қыздардың ағзасы толық қалыптасып үлгермейтінін түсіну керек. Жасөспірім кезеңде жамбас сүйектері мен репродуктивті жүйе әлі толық жетілмейді. Сондықтан ерте жүктілік кезінде босану өте ауыр өтуі мүмкін. Кей жағдайда босану жарақаттары жиі кездесіп, жамбас түбі бұлшықеттері әлсірейді. Уақыт өте келе жатыр мен қынаптың төмен түсуі сияқты мәселелер де ертерек пайда болады. Мұның бәрі әйелдің алдағы уақытта денсаулығына әсер ететін маңызды факторлар. Ерте жүктілік кезінде түрлі медициналық асқынулардың жиі кездесетіні де жасырын емес. Мұндай жағдайда анемия, яғни қан аздық пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар түсік қаупі жоғарылайды, шала туу жағдайлары жиілейді. Кейде салмағы төмен бала дүниеге келеді. Мұның бәрі ана мен баланың денсаулығына қосымша қауіп төндіреді. Жас ағза мұндай ауыр жүктемені әрдайым көтере бермейді. Ерте жыныстық қатынас инфекциялық аурулардың қаупін де арттырады. Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, жатыр мойнының қабынуы сияқты мәселелер жиі кездесуі мүмкін. Егер мұндай аурулар дер кезінде емделмесе, кейін бедеулікке әкелуі ықтимал. Сондықтан жастар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Медициналық тұрғыдан тағы бір маңызды жайт – жас қыздардың жатыр мойнының эпителий қабаты өте нәзік келеді. Сол себепті қабыну процестері оңай пайда болады. Кей жағдайда дисплазия сияқты өзгерістер де байқалуы ғажап емес. Жалпы медицина ғылымында ерте жынысқа түсудің нақты пайдалы екені дәлелденген деректер жоқ. Көптеген дәрігерлер бұл мәселеде сақтықты ұстануға кеңес береді. Өз басым да осы пікірмен келісемін, өйткені ерте жаста мұндай қадамның пайдасынан гөрі қауіп-қатері әлдеқайда көп. Сондықтан жастардың денсаулығы үшін ең қауіпсіз репродуктивті жас жиырма мен отыз жас аралығы деп есептеледі. Бұл уақытта адамның ағзасы толық жетіліп, физиологиялық тұрғыдан ана болуға дайын болады. Жүктілік пен босану да көбіне қауіпсіз өтеді. Ең бастысы, бұл кезеңде әйелдің де, дүниеге келетін баланың да денсаулығын сақтау мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады – дейді Ақерке Ахметқызы.

Жалпы үйлену оңай болғанымен, үй болудың қиын екендігін бәрі біледі. Ал егер отбасы құруға асыққан жұптың екеуі де тым жас болса ше? Мектеп қабырғасында жүріп сөз байласып, кейін мектеп бітірер-бітірместен той жасап, отау тігіп жататындар да кездеседі. Олардың тұрмысы қалай өрбиді? Ыдыс-аяқ сылдырлай қалған тұста, әлі де мінезі қалыптасып үлгермеген, өмір иірімдерін енді ғана еңсеріп келе жатқан екеу не істемек? Кімнің ақылына жүгінеді? Осы орайда 17 жасында отау тігіп, отбасы құрған Нұрбек Ақжігітұлымен сұхбаттасқан едік.

– Мен он жеті жасымда үйлендім, ал жұбайым небәрі он алтыда еді. Мектепті жаңа бітірер-бітірмес шағымызда той жасап, өз алдымызға отау тіктік. Сол кезде бәрі оңай көрінгенімен, шын өмірдің салмағы біртіндеп сезіле бастады. Ыдыс-аяқ сылдырлаған күндері ол мені «әке-шешесіне айтамын» дегенде қатты қорқатынмын. Көбіне екеуміз де әлі бала екенімізді түсінбей, болмашы нәрсеге ренжісіп қалатынбыз. Сондай сәттерде үлкендерге барып ақыл сұрайтынмын. Өйткені жас отбасының ең үлкен тірегі – тәжірибелі адамдардың сөзі екенін түсіндім. Достарым сол кезде еркін қыдырып жүрді. Ал мен кешке үйге асығатынмын, өйткені күтіп отырған адам бар екенін сезінетінмін. Кейде сыртқа шыққым келетін кездер де болды. Өйткені  жастықтың буы бойда бар. Бірақ әйелімнің ренжитінін біліп, өзімді сабырға шақыратынмын. Біз екеуміз де бірге өсіп, бірге есейгендей болдық. Қиындықтар бізді ажыратқан жоқ, керісінше, бір-бірімізге жақындата түсті. Қазір артыма бұрылып қарасам, ерте үйлену бізге өмірді ертерек түсінуді үйреткен үлкен мектеп сияқты болып көрінеді. Үйленгенімізге биыл он жылдан асты. Ал біздің құрдастардың әлі жартысы отбасы құрмаған, – дейді Нұрбек.

Қазіргі қоғам үшін маңызды мәселе – жастардың отбасы құруға саналы түрде дайын болуы. Бұл қадам асығыс шешім емес, ойланып жасалатын маңызды таңдау болуы тиіс. Өйткені отбасының беріктігі тек жас мөлшеріне емес, адамдардың рухани және әлеуметтік жетілуіне байланысты. Сондықтан ерте тұрмысқа шығу мен ерте үйлену мәселесі қоғамда жан-жақты талқылауды қажет ететін тақырыптардың бірі болып қала береді. Бұл жеке таңдау мен қоғамдық жауапкершіліктің түйіскен нүктесі. Осындай күрделі мәселенің пайдасы мен зиянын саралау арқылы ғана біз жастардың болашағына қатысты дұрыс бағыт пен теңгерімді көзқарас қалыптастыра аламыз. Осы тұста психолог мамандардың ақылы ауадай қажет екені айдан анық.

 – Ерте үйлену мәселесіне біржақты қарауға болмайды деп ойлаймын. Өйткені әр отбасының тарихы, әр адамның психологиялық дайындығы әртүрлі болады. Кейбір жастар ерте үйленсе де, бір-бірін түсініп, жауапкершілікті бөлісіп, бақытты отбасы құрып жатады. Мұндай жағдайда ерте құрылған отбасы жастарды тез есейтеді, олар өмірдің мәнін ертерек түсіне бастайды. Жас жұбайлар бірге өсіп, бірге қалыптасып, бір-бірінің мінезіне бейімделіп кетуі де мүмкін. Мұндай отбасылардың берік болатынын да көріп жүрміз. Алайда ерте үйленудің қиын тұстары да аз емес. Ең алдымен, жас адамдардың мінезі мен өмірлік көзқарасы әлі толық қалыптасып үлгермейді. Уақыт өте келе олардың армандары мен мақсаттары өзгеруі мүмкін. Осындай кезде түсініспеушілік пайда болады. Жастар көбіне эмоцияға беріліп шешім қабылдайды, ал отбасылық өмір сабыр мен төзімділікті талап етеді. Егер бұл қасиеттер әлі қалыптаспаған болса, ұсақ мәселелердің өзі үлкен жанжалға айналып кетеді. Тағы бір маңызды мәселе – психологиялық дайындық. Отбасы тек махаббатқа ғана емес, үлкен жауапкершілікке де негізделеді. Ерте жастағы жұптар қаржылық қиындықтарға, тұрмыстық мәселелерге немесе туыстар арасындағы қарым-қатынасқа дайын болмай жатады. Мұндай жағдайда жас отбасы күйзеліске ұшырайды. Кейбір жастар өз құрдастары еркін өмір сүріп жүргенде, өздерінің жауапкершілік арқалағанына іштей қиналуы да мүмкін. Дегенмен ерте үйлену әрқашан қателік деп айту дұрыс емес. Егер жастар бір-бірін жақсы түсініп, үлкендердің ақылына құлақ асып, ортақ мақсат қоя алса, олар кез келген қиындықты еңсере алады. Отбасының беріктігі көбіне адамның жасына емес, оның ішкі жетілуіне байланысты. Рухани тұрғыдан дайын, жауапкершілікті сезінетін жастар ерте үйленсе де бақытты өмір сүре алады. Сондықтан ең маңыздысы жас мөлшері емес, адамның дайындық деңгейі. Өмірдің жауапкершілігін сезіне алғанда ғана отбасы берік болады. Ал қоғамның міндеті оларды кінәлау емес, дұрыс бағыт көрсетіп, қолдау білдіру. Өйткені әр отбасының артында екі адамның ғана емес, тұтас бір болашақтың тағдыры тұр – дейді психолог Айнұр Нұртуғанова.

Отбасы тек сезімге сүйенетін романтикалық әдемі әлем ғана емес. Бұл күнделікті еңбекті, түсіністікті және төзімді талап ететін орта. Сол себепті бұл қадамға асықпай, болашақты таразылап барып шешім қабылдау маңызды. Түптеп келгенде, бір-бірін тыңдай білетін, қиындыққа сабырмен қарайтын жұптар ғана шаңырағын берік ұстай алады. Қоғам да бұл мәселені тек дәстүр немесе сән ретінде емес, жастардың тағдырына әсер ететін әлеуметтік құбылыс ретінде қарастыруы тиіс. Әрбір жас отбасы қолдау мен түсіністікке мұқтаж екенін де ұмытпаған жөн. Сонда ғана құрылған әрбір шаңырақ тұрақты өмірдің тірегіне айналады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар