1996 жылы ашылған орталық бүгінде халықаралық сапа стандарттарына сай келетін, жоғары технологиялармен жабдықталған заманауи медициналық кешенге айналған. Коммуналдық кәсіпорын деңгейінен кәсіби, көпбейінді, инновациялық орталыққа дейінгі жол – жүйелі еңбектің, стратегиялық дамудың және медицинадағы үздік тәжірибелерді енгізудің нәтижесі. Осы жылдар ішінде мекеменің басты мақсаты өзгерген жоқ. Өңір тұрғындарына және еліміздің азаматтарына қолжетімді, сапалы, қауіпсіз офтальмологиялық көмек көрсету мекеменің күнделікті жұмысының өзегі.
Баспасөз турын орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Жансая Сыдықова жүргізіп, мекеменің мол мүмкіндіктері, жаңа технологиялар мен МӘМС аясында көрсетілетін қызметтер туралы толық мәлімет берді.
Жансая Әділханқызының айтуынша, орталық қызметі профилактикадан бастап дәл диагностикаға, тиімді емдеуге және оңалтуға дейінгі толық циклді қамтиды. Заманауи диагностикалық база көз ауруларын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жоғары дәлдіктегі Verion, Argos, IOL-Master аппараттары, OCT-ангиография, электрофизиологиялық зерттеулер, лазерлік жүйелер – мұның барлығы диагнозды нақты қойып, әр пациент үшін жеке ем тактикасын таңдауға жағдай жасайды.
Бүгінде орталық офтальмологиялық көмектің барлық негізгі бағыттарын ұсынады. Пациенттер жетекші мамандардың консультациясын алып, физиотерапиялық ем қабылдай алады, заманауи лазерлік операциялар мен микрохирургиялық араласулар жасатады. Катаракта мен глаукоманы хирургиялық емдеу, рефракциялық мақсатта көз бұршағын алмастыру, факикалық линзаларды имплантациялау, кератоконус кезінде интрароговицалық сегменттер орнату, кросслинкинг, тор қабық ауруларында ангиогенез ингибиторларын интравитреальды енгізу – мұның барлығы өңір тұрғындары үшін қолжетімді.
Соңғы жылдары орталықта эстетикалық және функционалдық бағыттағы хирургия да қарқынды дамып келеді. Соның ішінде қазіргі заманғы блефаропластика ерекше сұранысқа ие. Блефаропластика – қабақтың артық терісін, май тіндерін түзету арқылы көз аймағының эстетикасын қалпына келтіретін, сонымен қатар көру аймағын кеңейтуге мүмкіндік беретін операция. Көп жағдайда жоғарғы қабақтың салбырауы көру өрісін тарылтып, адамның күнделікті өмір сапасына әсер етеді. Мұндай жағдайда блефаропластика тек косметикалық емес, медициналық көрсеткіш бойынша жасалады. Орталықта блефаропластика заманауи микрохирургиялық әдістермен, жоғары дәлдіктегі құрал-жабдықтар арқылы орындалады. Тілік сызықтары табиғи қатпар бойымен жүргізіліп, операциядан кейінгі тыртықтар барынша байқалмайтындай етіп жасалады. Кей жағдайларда трансконъюнктивалды әдіс қолданылып, теріге сыртқы тілік жасалмайды. Бұл әдіс оңалту кезеңін жеңілдетіп, пациенттің қалыпты өмірге тез оралуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар төменгі және жоғарғы қабаққа бір мезгілде кешенді түзету жүргізу тәжірибесі кеңінен қолданылады.
– Блефаропластика тек эстетикалық нәтижеге ғана емес, қауіпсіздік пен функционалдық тиімділікке бағытталған. Операция алдында толық офтальмологиялық тексеру жүргізіліп, көз жасының жағдайы, қабақтың анатомиялық ерекшеліктері, көру өткірлігі ескеріледі. Бұл кешенді көзқарас операция нәтижесінің ұзақ мерзімді әрі тұрақты болуына ықпал етеді. Орталықтың басты күші – оның кадрлық әлеуеті. Біздің орталықта 150-ден астам маман еңбек етеді. Жоғары және бірінші санатты офтальмологтар, тәжірибелі хирургтер, кәсіби мейіргерлер мен техникалық қызметкерлер бірлесе отырып, бір мақсатқа қызмет етеді. Көптеген дәрігерлер шетелдік клиникаларда тағылымдамадан өтіп, заманауи әдістерді меңгерген. Мекеменің директоры – «Құрмет» орденінің иегері, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» Қайрат Әбдікұлов. Оның стратегиялық басқаруы мен жаңашыл бастамалары орталықтың үздіксіз дамуына жол ашты. Бас дәрігер, жоғары санатты офтальмохирург Бақыт Досжанова да өңір офтальмологиясының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Кәсіби команда мен мықты басқару жүйесі – орталық табысының негізгі тірегі, – дейді бас дәрігердің орынбасары Жансая Сыдықова.
Орталық тәулік бойы қызмет көрсетеді. Травматологиялық пункт жылына 15 мыңнан астам пациент қабылдайды. Кезекші дәрігерлер тәулік бойы қызмет көрсетіп, ең күрделі жағдайларда да көру мүшесін сақтап қалуға бағытталған операцияларды жүзеге асырады.
– Соңғы жылдары орталықта витреоретиналдық хирургияның енгізілуі үлкен серпіліс болды. Көздің ең терең құрылымдарына жасалатын аса күрделі операциялар бұрын тек ірі мегаполистерде орындалатын. Енді тор қабықтың ажырауы, гемофтальм, макулярлық жыртылу секілді ауыр диагнозы бар пациенттер облыстан шықпай-ақ жоғары технологиялық көмек ала алады. 2025 жылдың наурыз айынан бастап МӘМС аясында жүзден аса витреоретиналдық операцияның жасалуы – осы бағыттың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Операциялық бөлімдерде орнатылған Centurion және Constellation жүйелері микрохирургиялық дәлдікті жаңа деңгейге көтерді. Бұл жабдықтар операция кезінде қауіпсіздікті арттырып, оңалту мерзімін қысқартады. Нәтижесінде операциядан кейінгі асқынулар деңгейі бірнеше есе төмендеп, хирургиялық белсенділік 100 пайызға жетті. Жыл сайын мыңдаған адам жоспарлы және шұғыл түрде ота жасатып, көру қабілетін сақтап қалуда. 2025 жылдан бастап орталықта витреоретиналдық хирургия енгізілді. Бұл көздің ең терең құрылымдарына жасалатын аса күрделі операциялар. Бұрын бұл қызмет өңір пациенттері үшін қолжетімсіз болған, – деді Жансая Сыдықова.
Жансая Әділханқызының сөзіне сүйенсек, жыл сайын 1500-ден астам пациент МӘМС және ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) аясында ауруханаға жатқызылады. Консультативтік-диагностикалық бөлімде 16 мыңнан астам адам тексеруден өтеді. Күндізгі стационарда 2000-нан астам, тәулік бойғы стационарда 1500-ден астам операция жасалады. Ақылы бөлімде 5000-нан астам хирургиялық араласу орындалады. Бұл көрсеткіштер – халық сенімінің және көрсетілетін медициналық көмектің жоғары сапасының айқын дәлелі.
Осылайша облыстық офтальмологиялық орталық өңірде жоғары технологиялық офтальмологиялық көмекті қолжетімді етіп, мыңдаған адамның көру қабілетін сақтауға нақты үлес қосып келеді. Заманауи жабдық, білікті мамандар және жүйелі басқару – орталық табысының берік негізі.
Айжан ӨЗБЕКОВА




