Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ана болмысы

Ана болмысы
А.Қартабай
Кеңес үкіметінің идеологиялық тәлім-тәрбиесінің шет жағасын көрген буынның арасында біз де бармыз. Осы күні ойласам, сол кездегі көзқарас бойынша Кеңес үкіметі орнағанға дейін билік қазақ халқын барынша қараңғы етіп көрсетуге тырысқан екен-ау. Соның ішінде әйел-анаға деген құрметті де біздің Кеңес үкіметінен үйренгендей кейіпте болуымыз ашындырады. Ол кездің ұғымына салсақ, бұрын қазақ қоғамы әйелді адам құрлы көрмегендей күйге түсесің. Қызды малға айырбастап, әйелді күңше жұмсаған, «төмен етекті» деп төрден орын ұсынбай, «Қатын басқарған көш қараң қалады» дегеннің керімен билікке араластырмағандай көрінеді. Қазақтың бабалары руна жазуын пайдаланғаны, өздері шама-шарқынша арабша хат танып, оқымыстылары шығыстық білімді игергені, кириллицаға дейін латынша хат танығаны мүлде ескерілмеді. Осындай әр заманда түрлі жазу-сызу мәдениетін бойына сіңірген халықты қалайша «қараңғы, әйел сыйлауды білмеген, еркегі әйелін өзінен кем санаған» деп айтуға болады? Біле-білсек, ақылы асқан аналардың ел басқарғанын, әулетіне бас-көз болып, әділ сөздің төрелігін айтқанын, қажет кезінде әйел ерінің ақылшысы болғанын ертедегі сақтардың патшасы Тұмар ханшайымнан бастап бері қарай тізе беруге болады. Қазақтың «Қабырғаңмен кеңес» деген сөзі де бүгін пайда болған жоқ.

КСРО дәуіріндегі ақын-жазушылардың қазақ әйелінің, қазақ қызының ауыр тағдыры туралы жазған түрлі шығармалары да сол кездегі идеологиялық жұмыстың жемісі екені анық. Ал адамның анасына, жарына, қызына деген құрметі біреу үйретпей-ақ әркімнің жүрек түкпірінде сақталған, бойындағы бүлкілдеген қан тамырында бұғып жатқан құдірет күштілігі құндылыққа негізделген өзгеше ұғым екені әмбеге аян. Бұл өз отбасыңдағы әйел адамдарға деген ілтипат. Ал қоғамдық өмірде жалпы әйелдер қауымы, яғни қыз-келіншектер мен ақ жаулықты анаға, ақ кимешекті әжеге деген ізгі ниет ше? Оны да бізге біреу сырттан келіп үйреткен жоқ. Жалпы қоғамда әйел-аналарға сый-құрметпен қарау, қадіріне жету сол асыл аналардың ақ сүті, айтқан ақылы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәрбие тетігі арқылы берілді. Оның ішінде перзенттің өз анасына деген құрметі алабөтен екені даусыз. Сондықтан да болар кез келген адамның қолына қалам ұстатып, аналар қауымы туралы ой толға десең, сөз жоқ өзінің шешесінің не әжесінің бейнесін шамасы жеткенше сөзбен сомдап шығады. Әркім тілі жеткенше ана отбасының ұйытқысы, балаға жарық дүние сыйлаушы ең жанашыр жан екенін баяндайды. Расында да ана бала үшін кез келген құрбандыққа бара алатын болмысы бөлек жаратылыс.

Бірде марқұм, белгілі композитор Орынбасар Әбжапаровпен бірге ауылға жолым түсті. Көлік ауылға кіргеннен кейін алдымен шешесі сырқаттанып жатқан бір жігіттің үйіне тоқтадық. Науқастың көңілін сұрап болған соң, көлікке келіп отырғанымызда О.Әбжапаров «Ана деген осындай болуы керек» деді. Бірден ұға қойдым. Ол апамыз біздің бала күнімізде өмірлік серігі өмірден озған бір кісінің шаңырағын жар ретінде аттаған еді. Бірінен кейін бірі шекесі торсықтай екі ұл сүйдірді (олар қазір ер жеткен). Бұрынғы анадан туған балалардың алды бұған дейін бас құраса, кейінгілері әлі мектеп жасында, ортаншылары салт еді, ешқайсысын бөліп-жармады. Кейін отағасы да өмірден озып, шиеттей бала-шағаны бағып-қағу әйел иығына салмақ боп артылды. Ретімен қыздарды ұзатты, ұлдарын аяқтандырды. О.Әбжапаровтың пікірі ананың бала атаулыға деген мейірімі қандай болатынын көрсеткен ақжаулықтыға деген берген оң бағасы еді.

Негізінде менің балалық шағым ауылда өтті ғой. Ойын баласы кезімізде әженің тәрбиесін көп көрдік. Әжеме еріп, талай жиын-тойға да бардық. Көрші кемпір-сампыр бірігіп жүн сабаған, текемет басқан, ши тоқыған сәтіне жиі куә болдық. Бірінің қайғы не қуанышын бірге көтеріскен ақжаулықтылардың ауызбіршілікке негізделген іс-әрекеті де әлі көз алдымда. Көбісі бүгінде өмірден озса да олардың көп алдындағы әдебі мен әрекеті, біріне деген бірінің қалжыңы, істің ыңғайына қарай дөп басып айтқан мақалы күні кешегідей санамда сайрап тұр.

Ауылдың біз көрген аналары баладан дана, пендеден парасат-пайымы биік тұлға шығарған жандар еді. Өз анамды өзгенің анасынан қанша жерден артық санап, қанша жерден жақсы көріп тұрсам да өсе келе бір нәрсені түйсіндік. Ол – баланы адамдық қалыптан айнытпай өсіру, ұрпақ жалғастыру, бейнетінен қашпай оларға берілетін тәрбиені ешқандай іс-шарасыз алға ілгерілету, қазақы болмысымызға тән дәстүр мен салттың сақталуы секілді басқа да ортақ іске өлшеусіз үлес қосып жатқан аналардың бірін жоғары, бірін төмен қоя алмайтынымызда. Бүгінгі қыз, ертеңгі келін де осы жолмен жүріп, қоғамдағы өзінің рөлін осылай айқындайды, басқаша болуы мүмкін емес.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар