Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Хрущев пен Қуанышбаев қалай кездесті?

Хрущев пен Қуанышбаев қалай кездесті?
Автор
1958 жылдың қаңтар айы. Әлем жұртшылығы жарты әлемді алып жатқан алып держава КСРО-ның басты жиынына тағатсыздана назар аударған. Иә, 1958 жылғы 27 қаңтар Кеңес елінің, бүкіл дүниежүзілік коммунистік және жұмысшы қозғалысының тарихына ұлы күн болып енді. Бұл күні Мәскеуде, Үлкен Кремль сарайында Кеңес Одағы Коммунистік партиясының кезекті ХХI сьезі ашылды. Бұның алдында 1957 жылы өткен ХХ сьезде көтерілген жеке басқа табынушылық салдарынан мәңгі мызғымастай болып тарихқа енген Сталинге тағылған айыптардан әлі арыла қоймаған коммунистердің бұл басқосуға қандай үміт-күдікпен келгенін бағамдай беріңіз.

Сьезд әдеттегідей Н.С.Хрущевтің «КСРО Халық шаруашылығын өркендетудің 1959-1965 жылдарға арналған бақылау цифрлары туралы» баяндамасымен ашылған. Онда кеңес халқының ұлы жеңістері кеңінен паш етіле келе, социалистік қоғамның ендігі жоспары түзіледі.

Екі аптаға созылған сьездің соңғы күндерінің бірінде қазақстандық делегаттардың бір тобы Жамбыл облысының сол кездегі басшысы Махмуд Сапарғалиевпен бірге таңертең Үлкен Кремль сарайына беттегенде аллеямен жайлап жүріп келе жатқан Никита Хрущевті көреді. Делегаттар үлкен кісімен жапатармағай амандасады.

– Бұл біздің қазақстандық шопан, Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған Жазылбек Қуанышбаев, – деді Махмуд Сапарғалиұлы Жазекеңді таныстырып.

– Қазақстаннан келген шопан деңіз. Өте жақсы, – деп жылы шырай білдірді Никита Сергеевич.

Сөйтіп екінші рет қолын алып, қатты-қатты қысып, ризашылығын білдірді.

Бұл кезде маңайдан өтіп жатқан Орта Азия елдері делегаттарының үлкен бір тобы Кеңес елі басшысын жақыннан бір көріп қалмаққа үйіріле қалды. Н.Хрущев бір сәтке оларға назар аударып, сьезд жайлы әңгіме-дүкен құрады. Ер тұлғалы Жазекеңе тағы бір назар аударып: «Дала батыры. Қазақстаннан келген шопансыз ба?», – деп құшақтайды.

Одан әрі фотоаппараттармен жабыла суретке түсірген баспасөз өкілдеріне кезек тиді. Адам өмірінде сирек кездесетін бұл сәтті «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінің сол кездегі редакторы, сьездге қатысушы Ғайса Сармурзин Мәскеуден келген бетте облыстық басылымның бетінде жария етеді.

Суретте: КПСС Орталық комитетінің бірінші хатшысы

Н.С.Хрущев мәжілістер аралығындағы үзіліс кезінде сьезд делегаттары арасында. Сол

жақтан үшінші – Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған

«Көктерек» қой кеңшарының шопаны Жазылбек Қуанышбаев.

 

Әділбек БАҚҚАРАҰЛЫ,

облыстық архивтің архивисі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар