Бұл рәміздеріміз мәні жағынан да, сәні жағынан да бәріміздің көңілімізден шығып, жүрегімізге қуаныш ұялатқаны жасырын емес. Және аталған үш рәмізімізге өзге елдер де оң бағаларын беріп, жақсы пікрлерін білдіргендерін ақпарат құралдары арқылы білеміз. Ал олардың авторлары елеусіз қалмай, лайықты сый-құрмет пен марапатқа бөленіп, есімдері ел тарихына алтын әріптермен жазылды.
Егемендік алған жылдан бастап, бүгінге дейін спортшыларымыз түрлі байрақты бәсекелерде туымызды жеңіспен желбіретіп, Әнұранымызды әуелете шырқатқанда кеудемізді шаттық кернеп, жанарымызға жас үйірілгені әлі есімізде. Спортшыларымыздың ел абыройын асқақтатқан мұндай жеңісті жолдарының жалғаса беретініне сеніміміз мол.
Менің негізгі айтпағым мемлекетіміз бен ұлтымыздың құрметіне ме, әлде тауарым жылдам өтсін деген оймен жарнама үшін бе екен білмеймін, әйтеуір тәттілер шығаратын «Рахат» кондитерлік фабрикасы орама қағазында көк туымыз бейнеленген «Қазақстан» деген атпен шоколад шығарды. Аталмыш шоколадтың саудада жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Ал дәміне келсек, сөз жоқ, керемет. Тіпті, тіл үйіреді. Бүгінде бұл шоколад елімізден шығатын тәттілердің арасынан № 1-ші болып, брендке айналды.
Сондай-ақ, бұл шоколад елімізге ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де шығарылуда. Бұл, әрине, біз үшін мақтаныш әрі қуанарлық жәйт. Айтпақшы, қазіргі уақытта ол шоколадты Қазақстанға арнайы келген оңтүстіккореялық кәсіпкерлер сатып алып, өндіріп жатыр екен.
Бірақ, өмірде ақ пен қара қатар жүретіні секілді осы шоколадтың сыртқы қағазының кез келген жерде жататыны жаныңа батады екен. Себебі, жоғарыда айтқанымдай, ол қағазда байрағымыздың суреті салынған және мемлекетіміздің аты жазылған. Оның жерде жатқаны былай тұрсын, кейбіреулердің оны көрсе де көрмегендей болып, аяқтарымен басып өтіп жатқандары одан сайын намысқа тиеді.
Дәлірек айтсам, аталмыш қағазды жаяу жүргіншілер жүретін жолдардан (тротуар), аялдамалардан, дүкендер мен мектептердің, дәмхана, мейрамханалардың аумағынан сан мәрте көрдім.
Сонда қалай? Олардың мұндай жағымсыз іс-әрекеттеріне қарағанда Отанға, мемлекеттік рәміздерге деген потриоттық сезімдері жоғалған ба, әлде көк туымызды көрмейтін көздерімен қатар көкіректері де соқыр ма? Әлде олардың ішіндегі дәмін жеп, қағазын кез-келген жерге тастағандары «Асыңды іштім, ыдысыңды тептім» дегенге келтіріп тұрғандары ма? Қалай болса да дұрыс емес. Құрметтемеу әрі қорлау. Имансыздықтары да бой көрсетіп тұр.
Бұл сонымен қатар, қоғамдық орындардағы тәртіпке де, мәдениетке де сай келмейді әрі тазалыққа кері әсерін тигізеді.
Мұндай шоколад қағаздарының жерде жатқандарын өз облысымыздан ғана емес, өзге де өңірлерден көріп жүрмін.
Мен осылай кезкелген жерде табанға тапталып жатқан аталмыш шоколадтың қағазын туымызға деген құрмет пен жанашырлық танытып, бірнеше рет жерден алып, жол бойындағы арнайы қоқыс салатын жәшікке тастағанмын және биікке көтеріп қойғанмын. Сонымен қатар, рәміздеріміздің суреті бар қағаздар мен заттарды аяқ астына тастамау керектігін үйдегілерге де, өзгелерге де айтып жүрмін. Бірақ олай істеу не істемеу әркімнің санасы мен мәдениетіне байланысты деп ойлаймын.
Тағы бірде шоколадтың қағазын жерден көтеріп, биікке қойып жатқанымда жасы 75-тен асып қалған орыс халқының бір қариясы маған рахмет айтып: «Жарайсың, балам! Сен өз Отаның мен оның рәміздерін құрметтейтін азамат әрі патриот екенсің.
Қазақстанда туып-өскен қарт тұрғындардың бірі ретінде мен де сен сияқты осындай шоколадтың қағазын жанашырлықпен бірнеше рет ерінбей әрі ұялмай жерден көтеріп алғанмын» деп, арқамнан қағып, одан сайын Отанымызға деген құрметім мен сүйіспеншілігімді арттыра түскен еді.
«Сыйға сый, сыраға бал» демекші, сосын мен де ол кісіге өзге ұлт өкілінен болса да еліміз бен жерімізге деген ізгі ниеті мен ізеті үшін іштей риза болып, алғысымды жаудырдым.
Сосын осы мәселеге байланысты аздап зерттеу жүргізіп көріп едім, деректер мен мәліметтер бойынша және өзімнің білуімше де әзірге бізден басқа ешбір ел мемлекеттік тулары мен елтаңбаларының суреті салынған ешқандай кәмпит те, шоколад та шығармапты. Тек америкалықтар бастаған бірнеше мемлекет қана туларының суретін түрлі спорттық киімдер мен үлкенді-кішілі көліктерге салған. Солардан көргеннен кейін бе, әйтеуір қазір біздің елде де туымыз бейнеленген спорттық киімдер шығып, жеңіл көліктер мен автобустардың алдыңғы немесе артқы терезелеріне жапсырыла бастады. Мемлекеттік туды кез-келген жерге жапсыра берудің қаншалықты дұрыс не бұрыс екенін анық білмеймін. Дегенмен, ол жөнінде сол салада еңбек етіп жүрген мамандар пікірлерін білдіре жатар.
«Ойды ой түртеді» демекші, осындайда есіме түсіп отырған туымыз туралы көңіл көншітпеген бір көріністі айта кетсем деймін. Осыдан бірнеше жыл бұрын мейрамханалардағы той-томалақтарда бір күнде бірнеше тойға кіріп, өнерлерін көрсетіп шығатын брейк билейтін жігіттер қонақтардың назарын өздеріне аудару үшін бе, әлде билерін ажарландыра түсу үшін бе әйтеуір билерінің соңында көк туымызды көтеріп, алып шығатын. Олардың бұл іс-әрекеттері бірте-бірте құзырлы органдардың құлағына жетіп, солардың ескертулерінен соң еліміздің барлық жеріндегі тойларда туды алып шығуға тыйым салынған болатын.
Ол былай тұрсын кейбір тойларды асабалар мемлекетіміздің ресми әнұранымен аяқтайтын. Бұл олқылық та ел шағымынан кейін тоқтатылды. Тіпті кейбір тойханаларға осы әрекеттерінің кесірінен әкімшілік айыппұл да салынды. Оған өзім де куә болғанмын. Сонда кейбіреулер (олардың арасында үлкендер де, жастар да бар): «Біз қойсақ өзге елдің емес, өзіміздің әнұранымызды қойып жатырмыз ғой. Онда тұрған не бар екен? Қашан және қай жерде қойылса да бола беретін шығар...» деп, реніштерін білдірген еді.
Осы орайда болашақта біліп жүрулері үшін әнұранды орындаудың тәртібі жайлы бейхабар ересектер мен кейінгі жас балалар үшін де айта кеткенді жөн көрдім. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні Қазақстан Республикасының Президенті қызметке кіріскен кезде ол ант бергеннен кейін, ҚР Парламенті сессияларының ашылуы және жабылуы сәтінде, ұлттық және мемлекеттік мерекелерде, сондай-ақ өзге де салтанатты іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістерде шырқалады. Сонымен қатар әнұран теле-радио арналар эфирге шыққан кезде тәулік сайын, олардың хабар таратуы басталғанда және аяқталғанда, Қазақстан Республикасы халқының өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметіне ескерткіштерді, монументтерді, құлпытастарды және басқа да ғимараттарды ашу сәтінде, ұлттық құрама командамыз қатысатын спорттық іс-шараларда және басқа да маңызды мезеттерде орындалады.
Ақыры осы тақырыпқа қалам тартқан соң тарихи тұлғаларымыздың суреттері бар кішігірім шоколадтар туралы да айтпай кетуге болмас. Абай, Жамбыл, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсарин суреттері бейнеленген тәттілер де «Рахаттың» өнімдері.
Біз көпұлтты мемлекет болған соң мүмкін «Ұлтымыздың мақтаныштарын өзімізбен қатар, өзге халықтар да тани білсін» деп, суреттерін насихат үшін де салған шығар. Ол жағын құптауға болады, әрине. Бірақ, олардың қағаздары да аяқ астында немесе түрлі лас жерлерде жатқандары толғантады.
Ләжі болса алдағы уақытта аталмыш шоколадтардың қаптама қағаздарындағы туымыз бен тұлғаларымыздың суреттерінің орнына көбіміз біле бермейтін әрі көзден де, көңілден де таса қалған көне дүниелерімізді бейнелесе шоколад арқылы да оларды көріп, білуге оң ықпалын тигізетін әрі сынға ілінбейтін игі іс болар еді.
Жүрегімізді тебіренткен бұл мәселені көзбен көріп, көңілге түйген соң қолға қалам алдым. Дегенмен, аталған суреттерді өзгерту не өзгертпеу осындай отандық тауарларымызға тікелей бақылау жасайтын басшылардың еншісінде.
Сөз соңында айтқым келгені көркі көз сүйсінтетін көк туымызды және асыл тұлғаларымыздың суреттерін табанға таптамайықшы, ағайын!
Егер осындай мәселелерге байланысты тәрбиелік мәні зор әңгімелер әрбір отбасында және мектептер мен мекемелерде де айтылып тұрса, онда көңілге мұң ұялататын мұндай келеңсіз істерге жол берілмес еді.
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
журналист



