Жамбыл облысында 395 кәмелетке толмаған анықталып, ондаған ата-ана жауапкершілікке тартылды
- author AR-AY
- Бүгін, 15:12
- 1
Үш күн ішінде полиция бөлімшелеріне түрлі заң бұзушылықтар жасаған 395 кәмелетке толмаған жеткізілді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған төрт жасөспірім Облыс әкімдігі жанындағы балаларды қолдау орталығына орналастырылды.
Рейд барысында ата-аналардың және ойын-сауық орындары иелерінің жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 51 ата-анаға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар сағат 22:00-ден кейін кәмелетке толмағандардың болуына жол берген 16 ойын-сауық орнының иесі жауапкершілікке тартылды.
Іс-шара барысында заңды өкілін ертпей, беймезгіл уақытта өзі жүрген 313 жасөспірім және түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 22 кәмелетке толмаған анықталды.
Сондай-ақ 21 жасқа толмаған тұлғаларға алкоголь өнімін сатқаны үшін 9 адам жауапкершілікке тартылды. Жасөспірімдер жасаған ұсақ бұзақылық деректеріне байланысты 10 ата-анаға әкімшілік шара қолданылды.
Ювеналдық полиция қызметкерлері 21 кәмелетке толмағанды және 23 қолайсыз отбасын профилактикалық есепке қойды.
Өткізілген іс-шаралардың негізгі мақсаты — жасөспірімдер қылмысының алдын алу, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
Аталған бағыттағы профилактикалық жұмыстар жалғасуда.


