Алғыс айту – қоғам мүшелерінің Алладан, адамдардан, табиғаттан алған жақсылықтарына оң жауап беру мүмкіндігін беретін игі амал. Көптеген зерттеулерде алғыс айту адам бойындағы ең маңызды қасиеттердің бірі ретінде айқындалған. Ежелгі Римнің саяси қайраткері Цицерон алғыс айтуды барлық ізгі істің бастаушысы, негізін салушысы деп түсінген. Ғасырлар бойы философтар мен ойшылдар бұл пікірмен үндесіп, ризашылықты ізгілік өлшемі ретінде қарастырған.
Бүгінгі таңда алғыс айту тек рухани немесе діни ұғым емес, ғылыми тұрғыдан да дәлелденген психологиялық, тұлғааралық және физикалық пайдасы бар құндылық. Осы орайда түрлі сала мамандарының пікіріне сүйене отырып, алғыс айтудың адам өміріндегі маңызын саралап көрдік.
ЖАНДЫ ЕМДЕЙТІН КҮШ
«Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының психологі Бану Бүрібаева алғыс айтудың адам психикасына тікелей әсер ететінін айтады.
– Адамдар көбіне жетіспейтін нәрсеге назар аударады. Ал барды бағалау саналы түрде жасалатын ішкі жұмыс. Психолог ретінде айтарым, алғыс айту – жай ғана сыпайылық емес, бұл психикалық денсаулықты күшейтетін мықты практика.
Позитивті психологияның негізін қалаушылардың бірі Мартин Селигман өз зерттеулерінде алғыс айту жаттығулары адамның көңіл күйін көтеріп қана қоймай, ұзақ мерзімді бақыт сезімін арттыратынын дәлелдеген.
Алғыс айтқанда ми «қауіп» режимінен «қауіпсіздік» режиміне ауысады. Кортизол азайып, серотонин мен дофамин бөлінеді. Бұл – табиғи антидепрессант. Адам өзін қауіпсіз сезінген кезде ғана ішкі ресурстары ашылады, – дейді маман.
Психологтың айтуынша, алғыс айту ренішті азайтып, қарым-қатынасты нығайтады.
– Отбасылық терапияда жиі байқаймын, жұптар бір-бірінің кемшілігін тез көреді де, жақсылығын елемей кетеді. Ал күнделікті кішкентай алғыстар қарым-қатынасты жұмсартады. «Рақмет!» деген сөз – эмоционалдық жақындықты күшейтетін көпір.
Адам үнемі жетіспеушілікке назар аударса, мазасыздық артады. Ал барға шүкір ету – ішкі тұрақтылықты қалыптастырады. Бұл әсіресе әйелдер үшін маңызды. Себебі әйел эмоционалды энергия арқылы өмір сүреді. Алғыс айту – қыз-келіншектердің ішкі энергиясын жұмсартады, нәзіктігін ашады.
Алғыс айту – әлсіздік емес. Бұл – саналы таңдау. Бұл – психологиялық жетілудің белгісі. Бақыт сырттан келмейді. Ол – байқап, бағалай білген жерде пайда болады, – дейді Бану Маратқызы.
РИЗАШЫЛЫҚ БАР ЖЕРДЕ ТАТУЛЫҚ БАР
Ал Байзақ ауданындағы Сарыкемер мектеп-тірек гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Гүлбағира Тәтібекова алғыс айтуды қоғамды біріктіретін маңызды құндылық деп санайды.
– Қоғамда адамдар бір-біріне ризашылық білдіріп, жасаған жақсылығын бағалай білсе, өзара сыйластық пен сенім артады. Сенім бар жерде татулық пен тұрақтылық болады.
Алғыс ретінде айтылатын сөздер адамдар арасындағы қарым-қатынасты жақсартады. Қарапайым «рақмет» деген сөздің өзі адамға жігер беріп, жақсылық жасауға ынталандырады. Осылайша қоғамда мейірімділік көбейіп, немқұрайдылық азаяды.
Алғыс айту – бірлік пен ынтымақтың белгісі. Қанағатшыл қоғамда қызғаныш пен алауыздық аз болады. Ислам дінінде де шүкіршілік үлкен мәнге ие. Қасиетті Құран Кәрімде шүкір еткен адамның нығметі артатыны айтылған. Бұл – ризашылықтың қоғамға береке әкелетінін көрсетеді, – Гүлбағира Қыстаубайқызы алғыс айту қоғамға бірлік, сенім, мейірімділік және тұрақтылық беретінін жеткізді.
КІШІПЕЙІЛДІКТІҢ КӨРІНІСІ
Сондай-ақ облыстық «Һибатулла-Тарази» мешітінің наиб имамы Нұрлан Мұрат алғыс айтудың діни және рухани маңызына тоқталды.
– Қазақ халқы ертеден кез келген игі іске алғыс айтуды әдетке айналдырған. Пайғамбарымыздың хадисінде «Адамдардың жақсылығына алғыс білдіре алмаған адам, Аллаға шүкіршілік еткен болып саналмайды» делінген. Бұл өзгеден көрген жақсылыққа алғыс айту Аллаға шүкіршілік етумен теңестірілгенін көрсетеді, – дейді Нұрлан Мұрат.
Имамның айтуынша, алғыс айту белгілі бір күнмен шектелмейді. Ең әуелі адам баласы өзіне өмір сыйлаған, сансыз нығмет берген Жаратушысына алғыс айтудан бастау керек. Одан кейін ата-анасына, ұстазына, туған-туысына, жалпы өмірінде кездескен әр адамға ризашылық білдіру қажет. Өйткені әр адамнан белгілі бір сабақ аламыз.
Нұрлан Мұрат алғыс айтудың адам өміріне әсерін нақтылап өтті.
– Біріншіден, адам өзіне берілген жақсылықтардың қадірін түсінеді, өмірдің мәнін терең сезінеді. Екіншіден, адамдармен қарым-қатынасы нығайып, өзі де тартымды бола түседі. Үшіншіден, көңіл күйі жақсарып, жақсы өмір сүруге талпынады. Төртіншіден, туыстық қарым-қатынас нығайып, ерлі-зайыптылар арасында сыйластық пен махаббат артады.
Алғыс айту – кішіпейілдіктің көрінісі. Ал кішіпейілділік – мұсылман бойынан табылуы тиіс ең негізгі сипаттардың бірі, – дейді имам.
РУХАНИ ТЕПЕ-ТЕҢДІКТІҢ ТІРЕГІ
Ал Тараз қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Нәлібаева медицина саласындағы алғыс сөзінің маңызына байланысты ойын ортаға салды.
– Осы салада 20 жылға жуық еңбек етіп келемін. Ана мен баланың амандығы – жай ғана жұмыс емес, бұл – бізге жүктелген үлкен аманат. Әр босану – үлкен жауапкершілік, әр сәт – толғаныс пен үмітке толы. Біз тек кәсіби міндетімізді орындап қана қоймаймыз, әр отбасының қуанышы мен алаңдаушылығын жүрегімізден өткіземіз. Сәби дүниеге аман-есен келгенде, ананың көзіндегі қуаныш пен жеңіл тынысты көргенде, өз еңбегіміздің нәтижесін сезінеміз. Ал сол сәттен кейін ананың шынайы ықыласпен айтқан «Рақмет, доктор» деген бір ауыз сөзі – біз үшін ең үлкен марапат. Ол барлық шаршағаныңды ұмыттырып, мамандығыңның қадірін тереңірек сезіндіреді. Кейде бір ғана алғыс сөзі тұтас ұжымның еңсесін көтеріп, жаңа күш береді. Өйткені біздің еңбегіміздің басты бағасы – аман-есен ана мен дені сау сәби.
Қазіргі заманда әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер жазылады. Кейде бір сәттік эмоциямен айтылған теріс көзқарастар да кездеседі. Әрине, орынды сын бізге ой салып, жұмысты жетілдіруге көмектеседі. Бірақ медицина саласында бір жағдайға қарап тұтас еңбекті жоққа шығару оңай, ал сол еңбектің артында күндіз-түні тынымсыз жұмыс, үлкен жауапкершілік, адам өмірі үшін күрес тұрғанын көбіне ескере бермейді. Біз әр ана мен әр сәбидің тағдырына бейжай қарай алмаймыз. Сондықтан шынайы ризашылық сөздері бізге ерекше рухани тірек болады. Адам алғыс алған кезде оның сенімі артады, жігері күшейеді, өз ісіне деген жауапкершілігі тіпті тереңдей түседі. «Рақмет, доктор» деген сөз – бұл жай ғана сыпайылық емес, ол дәрігерге күш беретін, жүрекке жылу сыйлайтын үлкен қолдау. Алғыс – рухани тепе-теңдіктің тірегі. Адамдар бірігіп қоғамды құрайды. Олардың бірі ұстаз, бірі шәкірт, бірі дәрігер, бірі науқас, бірі сатушы, бірі сатып алушы. Осындай өзара тәуелділік жағдайында адамдар арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұратын рухани құндылықтар қажет. Сол құндылықтардың бірі – алғыс айту мәдениеті, – дейді Айнұр Әбдіманапқызы.
Алғыс айту адамды ішкі тұрақтылыққа жетелейді, қарым-қатынасты нығайтады, қоғамда сенім қалыптастырады, мейірімділік пен бауырмалдықты арттырады, тәкаппарлық пен көреалмаушылықты азайтады.
Алғыс айту – әлсіздік емес, керісінше, рухани кемелдіктің белгісі. Ризашылық бар жерде сенім бар. Сенім бар жерде татулық бар. Ал татулық орнаған қоғамда береке мен тұрақтылық салтанат құрады.
Айжан ӨЗБЕКОВА




