Осынау берекесі мен бірлігі жарасқан мерекенің мәнін терең ұғынған құтты шаңырақтар қасиетті Қордай өңірінде де аз емес. Солардың ішінде татулықты босағасының тұмары етіп, отбасылық құндылықтарды биік қоя білген Сергей мен Индираның шаңырағы – нағыз өнегелі отау. Қос жүректің үндестігінен құралған бұл отбасы берекелі бірліктің, таусылмас сыйластықтың және мемлекетіміздің басты байлығы болған ұлтаралық татулықтың жарқын көрінісі іспеттес.
– Мен орыс ұлтының өкілімін. Бірақ өзімді ешқашан бұл елге бөтен сезініп көрген емеспін. Қазақ халқы мені әрдайым өз бауырындай қабылдап, құшағын айқара ашты. Қай ортада жүрсем де, жұмыста болсын, көрші-қолаң арасында болсын ешқандай бөлінушілікті, жатсынуды сезінбедім. Керісінше, әрдайым шынайы құрмет пен жылы ықыласпен қарсы алатын.
Қазақ азаматтарының кең пейілі мен дархан мінезіне талай мәрте куә болдым. Олар үшін ұлтқа бөлу емес, адамгершілік пен сыйластық бірінші орында тұрады. Қуанғанда бірге қуанып, қиындықта бірге қолдау білдіріп, бір дастарқан басында бас қосып отырған сәттерде өзімді осы қоғамның ажырамас бір бөлігі ретінде сезінемін. Мен үшін Қазақстан – тек туған жерім ғана емес, ортақ үйіміз, – дейді Сергей Натальченко.
Осыдан 13 жыл бұрын Индира Сейдахметова жақындарына тұрмысқа шығатыны туралы жаңалықты жеткізеді. Болашақ жарының есімін айтқан сәтте бәрі үнсіз қалған. Күйеу бала ретінде қазақтың қарапайым қара баласын күткен олар үшін қызының таңдауы тосын жағдай болды. «Демек, тағдыр» деп келісімін берген әкесі екі жасқа ақ батасын берген. Ал бүгінде Сергей Индираның туыстарының арасында «ең керемет күйеу бала» атағына ие.
– Ата-анам мен бауырларым Сергейді ешқашан ұлтына қарап қабылдаған емес. Олар үшін адамның қай ұлттан екені емес, оның қандай адам екені маңызды. Әкем мен анам әрдайым адамгершілік, тәрбие, сыйластық сияқты қасиеттерді бірінші орынға қояды. Сергейді де сол қасиеттеріне қарап бағалады. Оның отбасымызға деген құрметін, маған деген шынайы сезімін көріп, жылы қабылдады.
Біздің шаңырақта ұлтқа бөлу деген түсінік болған емес. Ең бастысы – адалдық, жауапкершілік және бір-біріне деген құрмет. Сондықтан ата-анам үшін Сергейдің ұлты емес, оның азаматтығы мен адамдық болмысы маңызды болды.
«Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, шаңырақ көтерген алғашқы жылдары бізге де талай сынақтан өтуге тура келді. Жас отбасы болған соң, мінезімізді ұштастырып, бір-бірімізді түсініп, ортақ шешімге келуді үйрендік.
Пәтер жалдап тұру, баспанасыз жүру – жас отбасылардың көбіне таныс жағдай. Біз де бұл кезеңді бастан өткердік. Армандаған өз үйімізге қол жеткізу үшін көп еңбек еттік, талай қиындықты еңсердік. Бірақ сол қиындықтар бізді шыңдап, отбасы ретінде одан әрі жақындата түсті. Қазір өз үйіміз бар. Біз үшін жай ғана баспана емес, жанымыз тыныштық тауып, өзімізді бақытты сезінетін мекен. Өйткені ондағы әр дүниеге маңдай теріміз сіңген. Алғашқы сызбасын жасаудан бастап, перделерін таңдауға дейін бәрін ақылдасып, өз қолымызбен атқардық, – дейді Индира.
Ерлі-зайыптылар өмір сүріп жатқан әрбір күнді көктен келген сый ретінде қабылдайды. Бірнеше жыл бұрын дәрігерлер Сергейге ауыр диагноз қойыпты. Тағдырдың ауыр сынына ұшыраған оған бұл сәтте көңіліне медет болып, демеп, қолдау көрсеткен де – отбасы.
– Ол кезде үлкен ұлым Азат әлі бала еді. Бір күні кіп-кішкентай алақанын жайып «Менің әкем әрқашан жанымда болсыншы» деп дұға жасап отыр екен. Мені аман алып қалған баламның дұғасы деп санаймын. Сонымен қатар, жұбайым Индира балаларымызға тек өзіміздің ғана емес, екі ұлттың да бай мәдениетін үнемі үйретіп отырады. Ұлттық дәстүрлерді, салт-дәстүрлердің мәнін, әдет-ғұрыптарды түсіндіреді, сондай-ақ әр ұлттың тағамдарын, әндерін, ойындарын таныстырады. Осы арқылы балаларымыз өз тамырларын білумен қатар, басқа халықтарды да сыйлай білуді үйренеді. Индираның осы тәрбиесі балалардың санасына сәуле шашып, жүректеріне әртүрлі мәдениетке деген қызығушылық пен құрмет сезімін сіңіреді, – дейді Сергей Натальченко.
Сергей мен Индираның отбасы – әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлерді үйлестірген, сыйластық пен адамгершілікті бірінші орынға қойған үлгілі шаңырақ. Мұндай шаңырақ әрбір қоғам үшін үлгі боларлықтай, өйткені ең басты байлық – бұл адамдары бір-біріне шын жүректен сенім артып, бірге өмір сүретін отбасы.
Сымбат ҚУАНЫШ




