Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Конституциялық реформа жаңғыруға жол ашады

Конституциялық реформа жаңғыруға жол ашады
Юрий КИМ
Кеше М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың қатысуымен оқытушы-профессорлар құрамымен және белсенді жастармен маңызды кездесу өтті. Жиын барысында конституциялық реформалардың мән-маңызы мен алдағы басымдықтар кеңінен талқыланды.

Жиын модераторы Серік Жақсылықұлы маңызды басқосуды кіріспе сөзбен ашып, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мен құқықтық реформалардың қоғам дамуындағы рөліне тоқталды. С.Сәлемов конституциялық реформаға енгізіліп отырған өзгерістерді мемлекетіміздің дамуына, жастардың болашағына және қоғамның жаңаруына тікелей әсер ететін үдеріс ретінде бағалады. Айтуынша, жоба кең көлемде қоғамдық талқылаудан өткен. Конституцияны әзірлеу барысында азаматтардан 10 мыңға жуық ұсыныс түсіпті. Бастысы әрбір адам өз пікірін білдіруге мүмкіндік алған. Нәтижесінде ұсыныстар арнайы комиссия тарапынан сараланып, мазмұнды бөліктері құжатқа енгізілген.

– Бастапқыда Конституцияның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу көзделген болатын. Алайда қоғамдық талқылау нәтижесінде нормалардың 50 пайыздан астамы қайта қаралды. Қолданыстағы құқықтық талаптарға сәйкес, егер нормативтік актінің жартысынан көбі өзгерсе, ол жаңа редакцияда қабылданады. Осы себепті Конституция мәтіні тұтастай жаңартылып отыр.

Жаңа редакцияда адам құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде айқын белгіленген. Азаматтың қадір-қасиеті, құқығы мен заң алдындағы теңдігі негізгі қағидалардың біріне айналды. Мемлекет азамат үшін қызмет ететін институт ретінде нақтырақ айқындалады. Сонымен қатар білім беру, ғылым, мәдениет және инновация салаларына ерекше назар аударылған. Елдің болашағы табиғи ресурстармен ғана емес, ең алдымен адами капиталмен өлшенетіні нақты көрсетілген. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім елдің тұрақтылығының негізі ретінде қарастырылған. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі жалғасып, оның қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлі нақтыланады. Сот жүйесіне, әділет саласына және заң үстемдігін қамтамасыз етуге қатысты нормалар да жаңартылған.

Өңірлерде жобаны түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Арнайы спикерлер тобы құрылып, депутаттар мен сарапшылар халықпен кездесулер өткізуде. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және басқа да коммуникациялық алаңдар арқылы түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда.

Алдымызда тұрған негізгі мақсат – 15 наурызда өтетін референдумға қатысу. Бұл әрбір қазақстандықтың өз пікірін білдіріп, ел болашағы үшін өз таңдауын жасауына берілген мүмкіндік. Сондықтан барша азаматтарды осы маңызды науқанға белсенді қатысуға шақырамыз, – деді Серік Жақсылықұлы.

Одан әрі «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев сөз алып, әділетті қоғам орнату мен жемқорлықпен күрестегі азаматтық ұстанымның маңыздылығын атап өтті.

– Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1995 жылғы Конституция қабылданғаннан бері оған 6 рет өзгерістер енгізілді. Соның ішінде 2022 жылғы конституциялық реформа барысында 33 бапқа 56 өзгеріс енгізілген болатын. Бұл жолғы жұмыс ашық жүргізілді. Барлық талқылаулар ресми сайттарда жарияланып, «eGov» платформасы және «Парламент реформасы» жобасы арқылы халыққа тікелей көрсетіліп отырды. Қазіргі жаңа жоба 96 баптан және 11 бөлімнен тұрады. Ал бұрынғы Конституция 101 баптан және 9 бөлімнен тұрған еді.

Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Оның ең жоғары құндылығы – адам, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Жаңа жобада Конституцияның адамға бағдарланған сипаты күшейтілген.

Қазақстан – унитарлы мемлекет және президенттік басқару нысанындағы республика. 2022 жылғы өзгерістерге сәйкес Президент бір рет қана 7 жылға сайланады. Сондай-ақ Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруына шектеу қойылған. Жаңа жобада мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі – қазақ халқы деп нақты көрсетілген.

Сайлау жүйесін жаңғырту арқылы саяси партиялардың рөлі күшейтіледі. Қазіргі таңда Парламентте алты партияның өкілдері бар. Партиялық бәсекелестікті арттыру көзделіп отыр. Парламент құрылымына да өзгерістер енгізіледі. Бұрынғы Сенат пен Мәжіліс орнына жаңа құрылым – Құрылтай қарастырылады. Парламент 145 депутаттан тұрады және олар пропорционалды негізде, яғни партиялық тізімдер арқылы сайланады. Мұндай жүйе Бельгия, Испания, Финляндия, Швейцария, Болгария, Швеция, Норвегия, Нидерланд, Аргентина, Бразилия, Боливия, Эквадор, Израиль, Индонезия сияқты елдерде қолданылады.

Сонымен қатар 126 адамнан тұратын Халық кеңесі құрылады. Бұл – жоғары консультативтік-конституциялық орган. Оның құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің, ірі қоғамдық ұйымдардың, жергілікті мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері кіреді. Халық кеңесінің мүшелерін Мемлекет басшысы тағайындайды. Бұл орган этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, ішкі саясат пен мемлекеттік идеология бойынша ұсыныстар әзірлеу қызметін атқарады.

Конституцияда отбасы және бала құқығын қорғау күшейтіледі (27-30-баптар). Неке – ер мен әйелдің ерікті әрі тең одағы екені алғаш рет нақты бекітіледі. Ана, әке және бала мемлекет қорғауында болады. Балаларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті ретінде айқындалады.

Қазіргі қоғамның санасы өзгерді, азаматтардың мемлекеттік институттарға қоятын талаптары артты. Сондықтан мемлекет басқару жүйесін жаңғыртып, азаматтардың құқықтарын бұрынғыдан да берік қорғауға міндетті, – деп түсіндіріп өтті Қасымхан Естемесұлы.

Мұнан соң Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев реформалар аясындағы азаматтардың құқықтық кепілдіктері мен жаңа мүмкіндіктеріне тоқталды.

– Жаңа Конституция мәтінінің негізгі ерекшелігі – адам құқықтарына басымдық берілуінде. Атап айтқанда, жаңа Конституцияның 1-бабында Мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілген. Бұл айтылғандар толықтай Конституцияның маңызды басымдықтары мен мәндік тірегіне айналды.

Жобаның 17-бабында: «Өмір сүру құқығы – әр адамның ажыратуға және айыруға болмайтын құқығы» деп танылған. Бұл дегеніміз Конституцияның өзі адамның өмірін қорғауды міндеттейтінін білдіреді. Өздеріңізге белгілі, адам өмірін ең жоғары басымдық деп жариялаған еліміз – 2022 жылы өлім жазасын алып тастады. Қолданыстағы Конституцияның 15-бабында, жаңа жобаның 17-бабында да оған тыйым салынған. Яғни, оны қайта қолдануға оралу мүмкін еместігін айтқым келеді. Ал 18-бабында жеке басқа тиіспеу кепілдігі жекелей түрде бекітілген. Бұл ешкімді өз бетінше бас бостандығынан айыруға жол жоқ екенін білдіреді. Қамауда ұстауға сот шешімімен ғана жол беріледі. Соттан тыс ұстау мерзімдері заңмен айқындалады. Осы бапта Миранда ережелері қарастырылған. Яғни ұстау кезінде әр адамға құқығын шектеу негіздерін түсіндіру міндеттеледі.

Адамның іргелі құқықтарына арналған жобаның 2-бөліміне әділ сотқа деген негізгі кепілдіктер де енгізілген. Мысалы, 19-бапта өзіне, жақындарына қарсы куәлік бермеу және өзінің кінәсіздігін дәлелдемеу құқығы сияқты негізгі нормалар қарастырылған. Бұл нормалар іргелі құқықтарды ең жоғары деңгейде қорғайды. Өзін-өзі кінәлау мен озбырлыққа қарсы конституциялық тосқауыл ретінде қызмет етеді. Осы бапта кінәсіздік презумпциясы қарастырылған.  Қоғам алдында адам, тіпті егер ол қылмыс үстінде ұсталса да немесе кінәсін мойындаса да, сот шешім шығармайынша кінәсіз деп саналуға тиіс. Сондай-ақ 19-бапта әділдік пен жаза мөлшерінің сай болуы секілді халықаралық қағидаларына кепілдік берілген. Олардың ішіндегі ең бастысы – бір әрекет үшін қайта жазалауға жол бермеу.

Қазіргі уақытта әділ сот ісін жүргізудің кепілдіктері адамның негізгі құқықтарын жүзеге асырумен нақты байланысты. Сондықтан жобаның 20-бабында адамның ар-намысына тиісуге болмайды деген жеке кепілдік орын алды. Қазір мұндай кепілдік тек қадір-қасиетке қатысты қолданылады. Бұл ретте осы құқықтарға тиісуге болмайтындығы ғана емес, сонымен қатар заңмен қорғалатындығы да нақтыланады. Бұл – жеке тұлғаны құрметтеу – моральдық талап емес, билік пен қоғамның заңды міндеті екенін мемлекеттің тікелей мойындауы.

Қазіргі заманда жедел цифрландыруды ескере отырып, жобаның 21-бабы жаңа технологиялар жағдайында дербес деректерді қорғауға кепілдік береді. Бұл арқылы цифрлық ортадағы жеке ақпарат қорғалады. Конституция жобасының 23-бабында зияткерлік меншікті қорғау туралы ережелер бекітіледі. Яғни мемлекет адамның шығармашылығы мен зияткерлік еңбегінің нәтижелерін ерекше құндылық деп таниды және өзіне оларды қорғау міндетін алады. Жобаның 24-бабында әр адамның елден тыс жерге шығу құқығы нақтыланып көрсетілген. Енді Конституция жобасында бұл құқықты шектеу заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен ғана жол беріледі екені көрсетілген.

Жобаның 28-бабында сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға ғана емес, одан шығаруға да жол берілмейтін норма бекітілген. Тұрғын үйге қатысты даулар тек сот арқылы шешілуі тиіс және барлық заңды рәсімдер сақталуы қажет. Ал жобаның 33-бабында азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі, бастауыш және негізгі орта білім міндетті. Азаматтардың заңға сәйкес жоғары білім алуға құқығы бар.

Осылайша жаңа Конституция жобасы адам құқықтарын қорғауды күшейтіп, оларды мемлекеттің басты құндылығы ретінде нақты әрі жүйелі түрде бекітеді, – деді Еркін Тілешұлы.

Сонымен қатар жиында тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраны сақтаудың маңызын тілге тиек етті. Сондай-ақ жазушы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт елдегі рухани жаңғыру мен сөз бостандығы төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Ал, профессор Айгүл Кабиева білім мен мәдениет саласындағы өзгерістерге тоқталып, жастарды білім жолында белсенді болуға шақырды.

 

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар