Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Референдумға дайындық барысы пысықталды

Референдумға дайындық барысы пысықталды
А.Рысмахан
Алдағы 15 наурызда республикалық референдум арқылы қазақстандықтар еліміздің болашағын айқындау үшін өз таңдауын жасайтыны белгілі. Еліміз үшін аса маңызды саяси науқанды өткізетін күн де таяп келеді. Осыған орай жер-жерде референдумға дайындық жұмыстары күшейтілуде. Кеше облыс әкімдігінде де кеңес өтіп, онда республикалық референдумды өткізуге арналған іс-шаралар жайы пысықталды. Басқосуға Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман, облыстағы құқық қорғау және уәкілетті органдардың басшылары, қала, аудан аумағындағы референдум комиссияларының төрағалары, коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің басшылары қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өтетін алдағы референдум еліміздің саяси өміріндегі маңызды оқиға саналатынын, бұл әрбір азамат үшін ерік білдіруге, ел тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдауына берілген тікелей мүмкіндік екенін сөз етті. Сонымен қатар аталған шараны жоғары деңгейде әрі заң талаптарына сай өткізу басты міндет екенін атап өтті.

– Президент Жарлығымен алдағы 15 наурызда республикалық референдум өтетіні белгілі. Референдумға бір ғана мәселе қойылып отыр. Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұраққа біз жауап беруіміз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін», - деген болатын.

Біз Жарлық шыққаннан кейінгі 12 ақпан күні жиналып, іс-шараларымыз бен жоспарымызды бекіткен болатынбыз. Республикалық референдумға дайындық пен оны өткiзу референдумның орталық комиссиясының қызметiн атқаратын Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктелген болатын. Қазақстан Республикасының Референдум өткізу туралы Конституциялық заңының 24-бабына сәйкес референдум комиссияларының өз өкілеттіктері шегінде қабылданған шешімдері тиісті аумақтағы барлық мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың, сондай-ақ олардың лауазымды тұлғаларының орындауы үшін міндетті. Осыған байланысты республикалық референдумды әзірлеу оған дайындық барысын білу мақсатында облыстық деңгейдегі тиісті мекемелер мен аумақтық референдум комиссияларының жиналысын ұйымдастырып отырмыз, – деді Мұхтар Тілдәбекұлы.

Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Құрманбековтің айтуынша, өңірде референдумға дайындық жұмыстары күнтізбелік жоспарға сай жүргізілуде. Өңірде дауыс беру құқығына ие 721 993 адам тіркелген екен.

– 22 ақпанда референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімі Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің тиісті фактісімен учаскелік референдум комиссияларына ұсынылды. Облыс әкімінің басқаруымен облыстық штаб, облыс әкімінің орынбасарларының басқаруымен өңірлік ақпараттық және коммуналдық штабтар құрылды. Сонымен қатар республиканың басқа өңірлерінен келген дауыс берушілер анықталып, тізімге енгізу жұмыстары жүргізілуде. Облыстағы 4 жоғары және 42 орта арнаулы оқу орнында 48 мыңға жуық студент бар. Олардың 30 мың 324-і дауыс беру құқығына ие. Бүгінде басқа өңірден келіп білім алатын 742 студент тізімге алынды. 26 вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорында 5 мыңға жуық жұмысшы бар. Оның ішінде дауыс беру күні жұмыс орнында болатын 1124 жұмысшы тізімге енгізілді. Дауыс беру күні әскери бөлімде болатын 1480 әскери қызметкердің тізімі нақтыланды. Дауыс беру күні еліміздің басқа өңірлерінде болатын 1412 сайлаушы тізімнен уақытша шығарылды. Дауыс беру күні облыс аумағында болатын өзге өңірлерден келген 5691 азамат тізімге енді. Тұрғындардың дауыс беруін ұйымдастыратын 513 референдум учаскесі қажетті жабдықтармен қамтылса, олардың 21-і жабық учаскелер санатында. Күнтізбелік жоспарға сәйкес осы жылдың 17-20 ақпанында облыстық және өңірлік БАҚ-та референдум учаскелерінің шекаралары, аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының құрамы жарияланды. Осы жылы Тараз қаласында 1 учаске құрылды және бесеуінің шекарасы өзгертілді. Сонымен қатар Тараз қаласы мен Мойынқұм, Талас аудандарында 4 сайлау учаскесі орналасқан нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде және Мойынқұм ауданында бір сайлау учаскесі орналасқан ғимарат апатты жағдайда деп танылуына байланысты басқа ғимаратқа ауыстырылды. Жалпы облыста 525 референдум комиссиясы бар. Референдум комиссияларында 10 бос орын болған, ол орындар толықтырылды. Учаскелік комиссиялар өз жұмысын 20 ақпаннан бастады, – деді Серік Сәтбекұлы.

Жиын барысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сөз алып, облыс бойынша 12 аумақтық сайлау комиссиясының 84 мүшесі және 513 учаскелік сайлау комиссиясының 3 577 мүшесі қызмет көрсететінін сөз етті.

Жалпы кеңес отырысында осы секілді референдумды ұйымдастыру, өткізу тәртібі, заң талаптарын сақтау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіру мәселелері әңгіме өзегіне айналды. Сонымен қатар дауыс беру процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету бағытындағы міндеттер тақырыпқа арқау болды.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар