Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекет басшысы XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады

Мемлекет басшысы XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады
Ақорда
Ақорда резиденциясында XXV Қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды arainfo.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде Қазақстан үшін бұл Олимпиаданың орны ерекше екенін айтты. Президент отандасымыздың мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алып, көк Туды Олимп шыңына көтергенін ерекше жетістік ретінде бағалады.

– Отандасымыз Михаил Шайдоров тамаша өнер көрсетті. Мәнерлеп сырғанаудан алтын медальға ие болып, көк Туымызды Олимп шыңына көтерді. Сондықтан Михаилға алғысымды білдіріп, құтты болсын дегім келеді. Сіздер қажырлы және табанды еңбектің арқасында Михаилды мықты спортшы, нағыз дарын иесі ретінде бүкіл әлемге паш еттіңіздер. Халқымыз Михаилды мақтан тұтады, ал жас буын одан үлгі алады. Олимпиада жеңімпазы болу – биік мақсат жолында кез келген қиындықты жеңу деген сөз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жеңістің тарихи маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл – Қазақстанның 32 жылдан кейін қол жеткізген тарихи жүлдесі әрі мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынына түскен алғашқы Олимпиада алтыны. Сондай-ақ Президент әлемге әйгілі спортшы Денис Теннің жолын жалғастыратын дарынды жастардың бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев чемпионның әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегіне ерекше тоқталды.

– Станислав Александрович – мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Әкесі, тұңғыш бапкері ретінде Михаилдың мұз айдынындағы алғашқы қадамын жасауға көмектесіп, өмірдің ең қиын сәттерінде әрдайым ұлының жанында болған адам. Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан Республикасының көк Туын әлемнің басты спорт аренасында биік желбіреткен осындай ұлды, отаншыл азаматты тәрбиелегеніңіз үшін Сізге шын жүректен алғыс айтамын. Баспасөз бетіндегі сұхбатыңызды оқып шықтым. Михаилдан мейіріміңізді аямай, талантты перзентіңіздің спорттағы ерекше миссиясына титтей де күмән келтірмей, әкелік парызыңызды адал әрі лайықты атқардыңыз. Биік шыңға апарар бұралаң жолдан бірге өттіңіздер. Енді сол табан ақы, маңдай тердің жемісін көріп, құрмет пен қошеметке бөленіп жатсыздар. Бүгінде халқымыз Сіздерді ардақ тұтады. Отаншылдықтың нағыз үлгісін көрсеткендеріңіз үшін еліміз Сіздерге ризашылығын білдіреді. Жұртшылықтың алғаусыз алғысы мен құрметіне мен де қосыламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы чемпионның бапкері, 1994 жылғы Олимпиада жеңімпазы әрі әлем чемпионы Алексей Урмановқа ыстық ықыласын білдірді. Президент оның кәсіби шеберлігінің арқасында лайықты ізбасар тәрбиеленгенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жетістікке салалық министрлік пен федерацияның, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің елеулі үлес қосқанын айтты. Аталған ұйымды бүгінде әйгілі боксшы, Дүниежүзілік бокс даңқы залына енген Геннадий Головкин басқарады.

Президенттің сөзінше, отандастарымыз Михаилдың еркін бағдарламадан кейінгі күрделі сәттерін ерекше толқумен бақылаған. Алайда спортшы тәуекелге барып, басты бәсекеде жеңісті жұлып алды.

– «Еңбек – бәрін де жеңбек» деген ұлағатты сөзді ұмытпайық. Михаилдың жеңісі мыңдаған жастарды спортпен шұғылдануға жігерлендірді. Бүгінде еліміздегі ұл-қыздар оған қарап бой түзейді, даңқты спортшы болуды армандайды. Демек, Қазақстан жастарының әлемдік спорт биігінде жарқырайтын күні алда, – деді Мемлекет басшысы.

Рәсім барысында Михаил Шайдоров ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Алексей Урманов ІІ дәрежелі «Достық» орденін иеленді. Ал ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әсем Қасанова, жаттықтырушы Станислав Шайдоров және федерация президенті Бауыржан Ералы «Құрмет» орденімен наградталды. Президент Олимпиада чемпиондарының есімі әлем спортының жылнамасына жазылатынын, олардың жетістіктері Халықаралық Олимпиада комитетінің Лозанна қаласындағы музейінде тіркелетінін атап өтті. Енді түрлі елдің туристері Михаил Шайдоровтың 2026 жылғы Олимпиададағы тарихи жеңісі туралы білетін болады.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, екі жылдан кейін атлеттеріміз Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатынын еске салды

– Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті, федерациялар бірлесе жұмыс атқарып, құрама мүшелерін жан-жақты қолдауға тиіс. 2029 жылы Алматы қаласында өтетін Қысқы Азия ойындарына ерекше назар аудару қажет. Ойындар ең жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек. Бұл – Қазақстандағы спорттың дамуына тың серпін беріп, экономика мен туризм салаларына оң ықпал ететін өте маңызды іс-шара, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар