Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Интернет сапасы – стратегиялық басымдық

Интернет сапасы – стратегиялық басымдық
Автор
Қазіргі таңда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы тікелей цифрлық инфрақұрылым деңгейіне байланысты. Әсіресе жасанды интеллектіні (AI) дамыту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын цифрландыру, «ақылды қала» шешімдерін енгізу секілді бастамалар сапалы интернет желісінсіз жүзеге аспайды.

Бүгінгі таңда облыстағы 353 елді мекеннің 265-і немесе 75,1 пайызы 4G желісімен қамтылған. 48 елді мекен (13,6 пайыз) – 3G, ал 40 елді мекен (11,3 пайыз) 2G мобильді интернет желісін пайдаланып отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдегі цифрлық теңсіздікті кезең-кезеңімен қысқарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Аудандар бөлінісінде қарасақ, 4G қамту деңгейі бойынша Байзақ ауданында 40 елді мекеннің 35-і, Жамбыл ауданында 31 елді мекеннің 25-і, Жуалы ауданында 49 елді мекеннің 32-сі, Қордай ауданында 41 елді мекеннің 36-сы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас және Шу аудандарында да 4G желісі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Дегенмен, бірқатар шалғай ауылдар әлі де 2G немесе 3G желісімен шектелуде, бұл – алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі.

Облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Гүлпара Ташенованың айтуынша, облыстағы 357 елді мекеннің 189-ы немесе 52,9 пайызы талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етілген. Ал 168 елді мекенде (49,1 пайыз) талшықты интернет желісі жоқ.

– Талшықты-оптикалық байланыс желісінің болуы – тек интернет жылдамдығын арттыру ғана емес, сонымен қатар мектептер мен ауруханаларда цифрлық сервистерді толыққанды енгізуге мүмкіндік береді. Әсіресе қашықтан оқыту, телемедицина және мемлекеттік деректер базасымен жұмыс істеу үшін талшықты желі – басты инфрақұрылымдық талап. Бұл бағыттағы жұмыстар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Аталған жоба Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен облыс әкімдігінің бірлескен бастамасы ретінде 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде бекітілген. Жоба аясында 2023-2025 жылдары 208 елді мекенде интернет сапасын 4G деңгейге жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта 152 елді мекенде тиісті жұмыстар аяқталған. Байланыс операторлары тарапынан жаңа базалық стансалар орнату жұмыстары да жалғасуда. Атап айтқанда, «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі («Beeline») 89 базалық станса орнатуды жоспарлап, бүгінгі күнге дейін 76-сын іске қосқан. Сол секілді «Кселл» акционерлік қоғамы (Kcell/Activ) 51 станса орнатуы керек болса, 48-і орнатылған. Ал «Мобайл-Телеком Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Tele2/Altel) 68 станса орнатуды жоспарлап, 28-і бойынша жұмыстар аяқталған. Бұл көрсеткіштер жоспардың кезең-кезеңімен орындалып жатқанын білдіреді, алайда кейбір бағыттарда қарқын арттыру қажеттігі байқалады. 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, операторлар қосымша жаңа базалық стансалар орнатуды көздеп отыр. Сонымен қатар жол картадан тыс та бірқатар нысандар іске асырылуда. Мәселен, «Мобайл-Телеком Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 14 жаңа базалық станса орнатуды және 22 стансаны жаңғыртуды жоспарлаған. Сондай-ақ «Кселл» акционерлік қоғамы 23 стансаны модернизациялауды көздеген. Бұл шаралар интернет сапасын жақсартуға және желі тұрақтылығын арттыруға бағытталған. Республикалық автомобиль жолдары бойында антенна-діңгек құрылыстарын (АДҚ) салу да маңызды бағыттардың бірі. 2024 жылы Шақпақата – Отар жолы бойында 449,8 шақырым аумақта 7 АДҚ орнату, 2025 жылы Мойынқұм ауданындағы Хантау – Ақсүйек және Бурылбайтал – Қашқантеңіз жолдары бойында (203 шақырым) 5 АДҚ орнату жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 11 АДҚ бойынша жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өткен. Бұл – жол бойындағы байланыс сапасын арттыру арқылы көлік қауіпсіздігін, логистиканы және төтенше жағдайларда жедел байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді Гүлпара Алашбайқызы.

Соңғы жылдардағы динамика да оң нәтиже көрсетуде. 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетпен қамту 54,6 пайызға артса, 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 62,7 пайызға өскен. Ал 2024 жылы 7 пайыздық өсім тіркелген. Бұл – өңірдегі цифрлық инфрақұрылымның жүйелі түрде дамып келе жатқанын айғақтайды.

Сонымен қатар 5G технологиясын енгізу бағытында да нақты қадамдар жасалуда. 2023-2025 жылдары «Мобайл-Телеком-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тараз қаласында 5G желісін кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлапты. 2024 жылы – 26, 2025 жылы – 27, ал 2026 жылы – 8 базалық станса орнату көзделген. Қазіргі таңда Тараз қаласында 58 базалық станса іске қосылған. 5G желісінің енгізілуі – «ақылды» бейнебақылау жүйелері, өндірістік автоматтандыру, цифрлық қызметтердің жаңа буынын дамыту үшін берік негіз болмақ.

Дегенмен, бірқатар проблемалық мәселелер де бар. Тараз қаласындағы «ақтаңдақтарды» анықтау мақсатында радиожиілік қызметімен бірлескен талдау және өлшеу жұмыстары жүргізіліп, интернет сапасы әлсіз 36 орын анықталған («Kcell» – 14, «Beeline» – 13, «Tele2» – 11). Қазіргі уақытта операторлармен бірлесіп бұл мәселелерді жою жұмыстары басталған. «Kcell» – 1, «Beeline» – 10, «Tele2» 2 нысанда нақты шаралар қабылдаған.

Сонымен бірге байланыс сапасын жақсарту үшін антенна-діңгек құрылыстарын салуға арналған жер телімдерін бөлу мәселесі де өзекті. Мемлекет меншігіндегі жер телімдеріне өтінім беру «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры (ЕГКН)» веб-порталы арқылы онлайн жүзеге асырылатыны байланыс операторларына ескертілген. Бұл рәсімдердің ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Облыста интернет инфрақұрылымын дамыту – тек байланыс сапасын арттыру емес, бұл – жасанды интеллект технологияларын енгізу, цифрлық экономиканы қалыптастыру және халықтың өмір сапасын жақсарту жолындағы маңызды қадам. Жоғары жылдамдықты интернетпен толық қамтылған өңір ғана инновацияға ашық, бәсекеге қабілетті әрі тұрақты дамуға қабілетті болмақ. Сондықтан атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, шалғай елді мекендерді толық қамту – алдағы кезеңнің басты басымдығы болып қала береді.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар