Жиында кәсіпкерлікпен қатар өндірісте, қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген жұмысшылар мен еңбек адамдарының рөлі де сөз болды. Кездесуді ашқан өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтай облыстың қарапайым тауар алмасудан технологиялық әріптестікке көшуге дайын екенін айтты.
– Нидерланд елі аграрлық сектордағы тиімділігімен үлгі саналады. Өңір тек технология сатып алумен шектелмей, басқару мәдениетін меңгеріп, әлемдік деңгейдегі аграрлық білім жүйесін енгізуге ниетті. Бұл бағыттағы өзгерістер ең алдымен ауылшаруашылығында еңбек етіп жүрген жұмысшылар мен еңбек адамдарының біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде өңіріміз дәстүр мен жаңашылдық тоғысқан алаңға айналып отыр, ал Нидерланд даму институттарының қолдауы кәсіпкерлермен бірге қарапайым еңбек адамы үшін де жаңа мүмкіндіктер ашпақ, – деді Е.Атымтай.
Кездесуде мәдени байланыстарды нығайту мәселесі де назардан тыс қалмады. Туризм, сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова екі елдің арасындағы табиғи сабақтастыққа тоқталды. Ол Нидерландтың символына айналған әйгілі қызғалдақтардың түп-төркіні Әулиеата өңірінде өсетін Грейг қызғалдағынан бастау алатынын атап өтті. Сонымен қатар Елшіні алдағы қызғалдақ фестиваліне шақырып, ұлттық брендке айналған гүлдің тарихи отанын өз көзімен көруге ұсыныс жасады.
Айгүл Ақшалова өңірлік сауданы дамыту мен қолөнершілерді қолдау кооперация арқылы жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын да жеткізді. Оның айтуынша, арақашықтық пен кедендік рәсімдерге қарамастан, тәжірибе алмасу мен өзара сенім кез келген инвестициядан құнды, себебі оның игілігін кәсіпкерлермен бірге қарапайым еңбек адамдары да көреді.
Шетелдік делегация үшін тағы бір назар аудартқан көрсеткіш – облыстағы кәсіпкерлердің 51 пайызы әйелдер екені. Елші мұндай белсенділік деңгейі Еуропа елдері үшін де қызықты тәжірибе екенін атап өтті. Бұл көрсеткіш өңірде өз кәсібін ашып қана қоймай, жұмыс орындарын құрып, көптеген жұмысшыларды еңбекпен қамтып отырғанын білдіреді.
Сондай ақ «Бір ауыл – бір өнім» жобасының кеңеюі, мемлекеттік қолдау тетіктері, жеңілдетілген несиелеу және кәсіпкерлер палатасы арқылы бизнес пен банк секторының өзара іс қимылы туралы айтылды. Жоба аясында ауылдағы еңбек адамдары мен шағын өндіріс жұмысшылары жергілікті өнімді өңдеп, нарыққа шығаруға мүмкіндік алып отыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ



