Жыл сайын әлемнің көптеген елдерінде Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының шақыруы бойынша 1 наурызда Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні атап өтіледі. Мереке табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу ісіндегі елдердің күш-жігерін үйлестіруге, халықты, АҚ қызметтерін ықтимал экстремалды жағдайларға дайындауға бағытталған және белгілі бір ұранмен өтетінін атап өткен жөн. Биыл «Тұрақты және қауіпсіз болашақ үшін экологиялық тәуекелдерді басқару» ұранымен өтеді.
Брифингте Айгүл Қуатқызы «Көктемгі кезеңдегі қауіпсіздік: су басу қаупінің алдын алу, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында баяндама жасады.
«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мәліметі бойынша, облыс аумағында ауа райы жағдайына жүргізілген көп жылғы мониторинг деректеріне сәйкес, жердің қату деңгейі Тараз қаласында 12 – сантиметр, Қордай ауданында – 30 сантиметр.
– Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдарымен елді мекендерден қарды шығару жұмыстары жүргізілуде. Жалпы облыста су тасқыны қаупі бар аймақта (178 152 тұрғыны бар 32638 үй) 42 елді мекен орналасқан. Су тасқынына қарсы жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижелері бойынша 34 елді мекеннің су басу қаупі жойылды және 2 елді мекенде қауіп барынша азайтылды. «Шоң-Қақпа» су қоймасынан Талас өзеніне қауіп төндіретін 6 елді мекенге жергілікті атқарушы органдармен өзен арнасының жағалауын нығайту жұмыстары, табанын мехникалық тазалау және судың бағытын өзгерту жұмыстары жүргізіліп, қауіп төмендетілді. Облысқа үлкен қауіп төндіруі мүмкін «Шоң-Қақпа» су қоймасынан Талас өзеніне тасталған суды қауіпсіз өткізу және көлемін азайту мақсатында елді мекендерді су басуы ықтимал 8 учаске анықталып, жергілікті атқарушы органдарымен өзен арнасын нығайту жұмыстары жүргізілді, – деді Айгүл Шахабаева.
Көктемгі су тасқыны кезеңіне төтенше жағдайларды жою үшін 1927 адам, 485 техника, 132 су айдау құралы, күштер мен құралдар топтамасы үнемі дайындықта тұр. Төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, яғни 290 инженерлік техника, 25 зардап шеккен халықты эвакуациялауға арналған техника және 964 жеке құрам дайындалыпты.
Қазіргі уақытта облыстың өзендерінде су деңгейі тұрақты және күнделікті мониторинг жүргізілуде.
Сымбат ҚУАНЫШ




