Меркі ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Аудан бойынша 2025 жылы еңбекке жарамды мүгедектігі бар 1 680 адам тіркелген екен. Оның ішінде 419-ы тұрақты жұмыспен қамтылса, 3 адам кәсіптік оқытуға жіберіліпті. Субсидияланатын жұмыс орындары арқылы да бірқатар азамат еңбекке араласуда. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындарына – 1 адам жіберілсе, «Жастар тәжірибесі» бойынша 3 адам еңбек жолын бастаған. Ақылы қоғамдық жұмысқа – 21, «Алғашқы жұмыс орнына» – 2, «Күміс жас» жобасына 4 адам тартылған. «Бастау бизнес» жобасы аясында 52 тұрғын кәсіпкерлік негіздерін оқып, 19-ы қайтарымсыз грант иегері атанған екен. Аудандық мансап орталығы арқылы қайтарымсыз қаржы алғандардың ішінде Меркі ауданы, Жамбыл ауылдық округінің тұрғындары да бар.
– Жамбыл ауылдық округіне Талдыбұлақ, Тұрлыбай, Жеміс-жидек, Жамбыл ауылдары қарайды. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 64 046 гектарды құрайды. Округ аумағында облыстық маңызы бар 3 шақырым жол, аудандық маңызы бар 10 шақырым жол және ауылішілік 54,5 шақырым көше бар. Халықтың басым бөлігі мал өсіріп, егін егумен айналысады. Округ бойынша 161 шаруа қожалық тіркелген. Егістік жер көлемі 8 775 гектар болса, 2 319 гектары суармалы алқап, 1 491 гектары жайылым. Халық санына тоқталсақ, округ бойынша барлығы 2 112 үй болса, тұрғындар саны – 10 530. Оның ішінде Жамбыл ауылында 1 348 түтін, 6 776 адам тұрады. Әлеуметтік жағдайы төмен 30 отбасы тіркелген, 241 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Ауылда жұмыссыздықты азайту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Әсіресе әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындар мәселесі басты назарда. Мәселен, Жамбыл ауылының тұрғыны Салтанат Дүйсебай былтыр күзде алған қайтарымсыз қаржыға сауынды сиыр сатып алып, сүт өнімін өндірумен айналысуда, – дейді ауылдық округ әкімі Тұрар Досеке.
Негізінде мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант көлемі көп болмаса да ауылдағы ағайынның қол қусырып қарап отырмай, бір іспен айналысуына үлкен демеу болып отырғаны шындық. Бала күтімімен үйде отырған кейіпкеріміз үшін бұл өз кәсібін бастап, аз да болса адал еңбекпен табыс табуына айтарлықтай ықпал етуде. Ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған С.Дүйсебай мемлекет көрсеткен осындай қолдаудың игілігін көріп отырғанына риза екенін айтады. 2022 жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіптік оқудан өткен оған оқу барысында бизнес-тренерлер кәсіптің қыр-сырын үйретіп, есеп-қисап жүргізуді, қаржыны қалай жұмсауды, жоба жасап, нарықты зерттеуді меңгертіпті.
Курсты аяқтаған соң қолына сертификат алған болашақ кәсіпкер бірнеше рет қайтарымсыз грантқа өтінім беріп, бағы жанбаған. Дегенмен табандылық танытып, құжатқа, басқаға қатысты талаптарды бұлжытпай орындап, жобасын комиссия алдында сәтті қорғапты. Осылайша былтыр 1 миллион 500 мың теңге көлемінде грант ұтып алған. Қаражатты ойға алған ісін жүзеге асыру үшін 3 сауынды сиыр сатып алуға жұмсаған.
– Отбасымызда төрт бала тәрбиелендік. Ата-анам қарапайым шаруа адамдары болды. Еңбектің қадірін кішкентайымыздан біліп өстік. Өзім 1992 жылы Жеміс-жидек ауылында дүниеге келдім. 2009 жылы Тараз қаласындағы бір кәсіптік лицейдің табалдырығын аттап, онда бағдарламашы мамандығын игердім. 2010 жылы аудандағы Жамбыл ауылының жігітіне тұрмысқа шықтым. Қазір үйде күйеуім, енем және қайынсіңліммен бірге бір шаңырақ астында тұрып жатырмыз. Күйеуім бір шаруашылықта мал бағады. Енем ауылда шағын шаштараз ашып, сол арқылы табыс тауып отыр. Үйдегі 9-сыныпта оқитын қайынсіңлім жас та болса қолқанатым. Төрт баланың анасымын, 13 жастағы қызым ерекше күтімді қажет етеді. Грант қаржысына үш сауынды сиыр сатып алсам, негізінде өзімізде бұрыннан бір сиыр болған. Өткен жылдың күзінде алған сиырлар сол кезде суала бастаған еді. Ал жаз бойы жалғыз сиырдың сүтін сауып, одан түрлі сүт өнімдерін дайындап, саудаладым. Бір сиырды екі мезгіл сауғанда күніне 10 литрге дейін сүт алатынмын. Сүттен айран, қаймақ, сары май, құрт жасап саттым. Құрттың келісін 2500 теңгеден, қаймақты 3500 теңгеден, сары майды 4000 теңгеден өткіздім. Өнімді көбіне көршілер мен таныстар күнде үйден өздері келіп алып кетіп жүрді. Ауылда қолдан жасалған табиғи өнімге сұраныс жоғары, – дейді ол.
Қара күзде күйеуі малын бағып жүрген шаруашылық құмдағы қыстауға көшкен екен. Өмірлік серігі төрт сиырды шаруашылықтың малына қосып, өзімен бірге ала кеткен көрінеді. Қазір малдың қыстан аман шығуын күтіп отыр. Көктем шыға сиырлар бұзауласа, малды қайтадан қолда ұстап, оны сауып, кәсібін жандандыра түспек. Салтанаттың есебі бойынша, төрт сиырдан ерте көктемнен қара күзге дейін айына 500 мың теңгеге дейін табыс табуға болады екен.
– Біз жас кезімізден шаруаларға жалданып мал бақтық. Малдың жайын, күтімін отағасы екеуміз де жақсы білеміз. Алдағы уақытта малды төлі есебінен көбейте отырып, жиналған қаражатқа тағы да сауын сиыр алсам деген жоспарым бар. Кәсіп аясы кеңейсе, өндіретін өнім көлемі де ұлғаяр еді. Қазір біз тұрып жатқан үйімізде жалға алу есебінде отырмыз. Анамыздың сіңлісі ауыл шетінен «Өздеріңе бір баспана салып алыңдар» деп жер берген. Сол жер теліміне баспана салу ісін де қатар бастадық. Үй-жай, қора-қопсыны сол жерден салып, болашақта кәсібімізді сол жерде дөңгелетсек деген ниетіміз бар – дейді Салтанат Нұрбайқызы.
Ерекше қажеттілігі бар баланың күтушісі бола жүріп табыс көзін тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған меркілік қайсар ана үшін мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Ең бастысы, ол ауылда отырып-ақ адал еңбекпен күн көруге болатынын дәлелдеп, көпке үлгі болып келеді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Меркі ауданы



