Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Наубайханада нанның түр-түрі әзірленеді

Наубайханада нанның түр-түрі әзірленеді
Автор
Біз күнделікті өмірде әдемі ғимараттарға сүйсінеміз, дәмді астан ләззат аламыз және сапалы жиһаздың рахатын көреміз. Алайда осы игіліктің барлығын өз қолымен жасаған жұмысшы мамандардың еңбегі көбіне еленбей қалып жатады. Шын мәнінде, бұл мамандар – қоғамның тірегі, нағыз «алтын қолды» жандар.

Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен ауылында көп жылдан бері шағын ғана наубайхананың жұмысы қызып, айналасына нан иісі мен береке таратқан бір орталық бар. Бұл істің басында жүрегі жылуға, бойы қуатқа толы Перизат Юсупова есімді кейіпкеріміз тұр. Кәсіпкердің жолы жеңіл болмаған. Уақытында «Нұркен» жеке кәсіпорнының басына бұлт үйіріліп, тығырыққа тірелген сәттер де болды. Қолдаудың аздығы мен ресурстардың тапшылығынан бұл кәсіп жабылудың аз-ақ алдында тұрды. Алайда мұндай қиын сәтте Перизат еңсесін түсірмеді. Ол үшін бұл наубайхана жай ғана табыс көзі емес, бүкіл отбасының тірегіне, маңдай терімен келген өмірлік мұратына айналған болатын.

Тағдырдың сан қилы сынына қасқая тұрып, қиындықты мүмкіндікке айналдыра білген келіншек бүгінде заманауи технологияның тілін тауып, наубайхана ісін жаңа белеске көтерді.

– Нан пісіруді ғана емес, дәмді тоқаш, бәліштердің жасалу жолын меңгеріп, өнім түрін бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік алдым. Кезінде жабылудың аз-ақ алдында тұрған шағын цехымыз бүгінде қуатты өндіріс орнына айналды. Қазіргі уақытта наубайханадан аптасына бір тоннадан астам өнім шығарылып, облыстың бес бірдей ауданы мен Тараз қаласының сауда сөрелеріне жөнелтіледі, – дейді П.Юсупова.

Перизат өз ісін дөңгелетіп қана қоймай, ауылдың бес бірдей анасын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұндағы әрбір тоқаш пен тәтті бәліш тек табиғи өнімнен дайындалады. Әрбір өнім тұтынушыға деген шексіз құрметпен әзірленеді. Сондықтан да болар, Жасөркен ауылының наны мен тәттілерінің дәмі бөлек, хош иісі алыстан аңқиды.

Бұл кәсіпорынды нағыз отбасылық құндылықтардың алтын діңгегі деуге болады. Перизаттың жұбайы мен бала-шағасы істің сыртқы ұйымдастыру жұмыстарына, яғни тасымал мен сауда-саттыққа тікелей атсалысады. Олар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарудың шынайы үлгісін көрсетіп, кәсіпті жұмыла жүргізіп келеді. Отбасылық бірлік пен өзара қолдау – кәсіптің тынысын ашып, алға жылжуына үлкен серпін беруде.

Бүгінгі жетістікке тоқмейілсімей, Перизат ендігі кезекте өз тәжірибесін ауыл жастарына мұра етіп қалдыруды көздеп отыр. Ол жас буынға кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, оларды жаңа белестерге қанаттандыратын арнайы шеберлік сағаттарын өткізуді жоспарлап қойған. Өзі биікке шыға отырып, өзгенің де жолын ашу, жастарға бағыт-бағдар беру –отансүйгіштіктің ең жоғары көрінісі екені даусыз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар