«Бала тәрбиесі – ортақ жауапкершілік: отбасы, мектеп, қоғам» тақырыбында ұйымдастырылған жиынның мақсаты – өскелең ұрпақ тәрбиесінде отбасы, білім беру ұйымдары мен қоғам арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту.
Маңызды басқосуға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мүтәлі, құқық қорғау, білім салаларының қызметкерлері, психологтар және ата-аналар қатысты.
Форумның ашылу салтанатында сөз алған Серік Сәлемов бала тәрбиесі әр отбасының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін айтып, жұртшылықты бірлесе әрекет етуге шақырды.
– Бала тәрбиесі әрдайым мемлекет назарындағы өзекті мәселе. Баланың жүрегіне мейірім ұялатып, бойына ізгілік дарытып, жақсы мен жаманды айыра алатындай парасат иесі етіп өсіру маңызды. Халқымыз ежелден ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, адал еңбек, уәдеге беріктік секілді қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жетті. Бүгінгі міндет сол аманатқа адал болып, заман талабымен ұштастыра білу. Заңды сыйлайтын, еңбектен қашпайтын, сөзіне де ісіне де жауап беретін жас өссе, елдің іргесі берік, келешегі кемел болмақ. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың үйлесімді дамуы мен олардың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету бүкіл елге ортақ міндет екенін талай рет атап өтті. Бұл міндет сөз жүзінде ғана емес, нақты іс арқылы орындалуға тиіс. Қазір елімізде «Адал азамат» атты бірыңғай тәрбие бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бағдарламаның мәні мектеп ата-ана және қоғам арасындағы байланысты күшейтуге негізделген. Өйткені тәрбиенің өзегі отбасында қаланады, ал мектеп сол үдерісті жүйелеп, дұрыс бағыт береді, – деді Серік Жақсылықұлы.
С.Сәлемовтың айтуынша, өңірде осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсететін орталықтар жұмыс істейді. Отбасы мен мектептің байланысын нығайтатын «Отбасы мектеп» және «Мектеп өмірінің бір күні» жобалары жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар ата-аналардың білім беру үдерісіне белсендірек араласуына мүмкіндік беруде. Өткен оқу жылының өзінде ата-аналардың қатысуымен жүздеген іс-шара ұйымдастырылып, мыңдаған оқушы қамтылған.
Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров отбасы институтын заңнамалық тұрғыда қолдау мәселесіне баса назар аударды. Депутат сондай-ақ заңға деген құрмет тұлға бойында бала жастан қалыптасуы тиіс екендігін жеткізді. Бұл пікірді Парламент Мәжілісінің депутаты Әбутәліп Мүтәлі де қолдады.
Өз кезегінде сөз алған ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев жиынға қатысушылардың назарын конституциялық кепілдіктер мәселесіне аударды.
– Елімізде баланың қауіпсіздігіне, білім алуға және жан-жақты дамуға деген құқығы жоғары деңгейде бекітілген. Алайда, осы құқықтардың іс жүзінде орындалуы әуелі отбасынан бастау алады. Мәселен, әрбір ата-ана баласын бағып-қағып қана қоймай, перзентінің құқығын қорғауға және бойына адами қадір-қасиетті сіңіруге міндетті. Жалпы қоғамдағы құқықтық мәдениет – мемлекет пен отбасының бірлескен тәрбиесінің жемісі, – деп атап өтті ол.
Облыс прокурорының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға көмекшісі Данияр Кемелхан құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларының өзектілігіне тоқталды.
Ал облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манас Әбдікәрімов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
– Біз мектептермен және ата-аналар қауымдастығымен бірлесіп, жүйелі алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Түсіндіру жұмыстары барысында арнайы фильмдер көрсетіліп, жасөспірімдермен тұрақты кездесулер ұйымдастырылады. Бұл шаралар жастардың құқықтық сауатытылығын арттырып, заңды құрметтеу дағдысын нығайтуға ықпал етеді, – деп атап өтті М. Әбдікәрімов.
Облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы Нәзима Жұбандықова ата-аналардың белсенді ұстанымы қаншалықты маңызды екеніне ерекше тоқталды.
– Бүгінгі таңда ата-ана – мектептің сенімді серіктесі. Біз отбасылардың басын қосып, өзара тәжірибе алмасамыз, тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып, балалардың құқығын қорғаймыз. Отбасы мен мектеп арасындағы байланыс неғұрлым тығыз болса, тәрбие жұмысының нәтижесі де соғұрлым жоғары болмақ. Баланың өміріне үнемі араласып, оның ортасын жақсы білу – әрбір ата-ананың басты міндеті, – деді ол.
Форум барысында ата-аналар көкейде жүрген сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.




