Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Биік адамгершілік пен парасаттылықтың белгісі

Биік адамгершілік пен парасаттылықтың белгісі
Автор
Ербол Қарашөкеев 13 жастағы жеткіншекті қаскөйлерден арашалап қалған Тараз қаласының тұрғыны Нүркен Омаровқа алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың 17 ақпанында Тараз қаласындағы автобус аялдамаларының бірінде екі ер адам жасөспірім қызды көлікке күштеп отырғызуға әрекет жасаған. Дәл осы сәттің куәсі болған Нүркен Омаров қол қусырып қарап тұрмай, батыл қимылға көшіп, мектеп оқушысын ұрлауға оқталу дерегінің алдын алды. Оның жедел әрі табанды әрекетінің арқасында қыз бала қауіптен аман қалды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер жедел түрде анықталып, ұсталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Аймақ басшысы Нүркен Омаровқа жамбылдықтардың атынан шынайы ризашылығын білдіріп, арнайы алғысхат пен қаржылай сертификат табыстады.

– Сіздің жедел әрекетіңіз бен табандылығыңыздың арқасында жасөспірімнің қауіпсіздігі сақталды. Сын сәтте жауапкершілікті өз мойныңызға алып, батыл шешім қабылдауыңыз бойыңыздағы биік адамгершілік пен парасаттылықты көрсетті. Бұл іс-әрекетіңіз өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, азаматтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанудың маңызын айқындап, әрбір азаматтың құқықтық жауапкершілікті терең сезінуі қажеттігін дәлелдеді. Сізге мықты денсаулық, шаңырағыңызға шаттық пен береке тілеймін, – деді Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімі Нүркен Омаровтың ел тыныштығына немқұрайды қарамай, азаматтықтың жарқын үлгісін көрсеткені үшін ата-анасына алғысын жеткізуді сұрады. Бұдан бөлек, ерен ерлік танытқан азаматтың әлеуметтік жағдайына назар аударып, оның тұрақты жұмыспен қамту мәселесін қарастыру жөнінде жауапты тұлғаларға нақты міндет жүктеді.

– Оқиға кезінде қыз баланың қорқып тұрғанын байқап, бір сәт те кідірмей көмекке ұмтылдым. Бұл ісімді марапат үшін емес, азаматтық және әкелік борышым деп санаймын, – деді кездесу барысында Нүркен Омаров.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар