Жиында сөз алған спикерлер Жаңа Конституцияның мемлекетіміздің ұзақ мерзімді мүдделерін көздейтін стратегиялық құжат екенін ерекше атап өтті. Құжатта әсіресе білім беру саласы мен жастардың жан-жақты дамуына басымдық берілген. Жаңа конституциялық модель экономикалық өсімді шикізатқа тәуелділіктен арылтып, негізгі қозғаушы күш ретінде адами капиталды – білім, ғылым, мәдениет пен инновацияны алға шығарады. Мемлекет ғылыми және шығармашылық еркіндікке кепілдік бере отырып, идеялардың ашықтығы арқылы прогреске жол ашуды көздейді.
Мұқаш Ескендіров мемлекеттің зайырлы сипаты мен білім беру жүйесіндегі теңдік қағидаты білімге бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етіп, даму кеңістігін идеологиялық қысымнан қорғайтынын ерекше атап өтті.
– Білім берудің конституциялық кепілдігі – ғылым мен адами капиталды дамытудың іргетасы. Конституция жобасының 33-бабында азаматтардың міндетті бастауыш және орта білім алуына кепілдік берілген. Сонымен қатар, конкурстық негізде жоғары білім алу құқығы бекітіледі. Бұл – әр азаматтың сапалы білім алуға заңмен қорғалған құқығы бар деген сөз. Осы ретте оқу орындарының оқытушыларына сапалы білім беру міндеті жүктеледі. Студенттерге де үлкен жауапкершілік артылады. Білім бәсекесі күшейген заманда еліміздің болашағы – білімді жастардың қолында, – деді депутат.
Әбутәліп Мүтәлі Жаңа Конституциядағы маңызды бағыттардың бірі – цифрландыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституция мәтінінде алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы енгізіледі.
– Конституциялық модель адамды, оның өмірі мен қадір-қасиетін мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп тануға негізделген. Барлық билік институттары азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты басымдық ретінде қарастырады. Конституция жеке өмірге қол сұқпаушылық кепілдіктерін күшейтіп, жеке және цифрлық деректерді қорғауды қамтамасыз етеді, – деді ол.
Дауыл Бейсенқұлов жаңа Ата Заң жобасында білімді елдің басты құндылығына айналдыру арқылы жастар үшін теңдессіз мүмкіндіктер ашылатынын айтты. Жыл сайын 80 мыңға жуық студенттік грант бөлінуі, «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жоғары стипендиялар тағайындау және әлемнің үздік зертханаларында тағылымдамадан өту мүмкіндігі жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға жол ашады.
Басқосуда өңірлік Жалпыұлттық Коалиция мүшесі Гулам Умаров та сөз сөйлеп, маңызды мәселелер бойынша ойын ортаға салды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




