Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дінмұхамедті еске алуға арналған дода

Дінмұхамедті еске алуға арналған дода
Юрий КИМ
Таразда велоспорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем кубогының иегері әрі Азия чемпионы Дінмұхамед Ұлысбаевты еске алуға арналған I республикалық ашық турнир басталды. 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында өтіп жатқан додаға еліміздің барлық өңірінен келген спортшылар қатысуда.

Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ғали Райымқұлов сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды.

– Дінмұхамед Ұлысбаев – халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, қазақ спортының мерейін үстем еткен біртуар тұлға. Оның спорттағы қажырлы еңбегі мен бағындырған биіктері келер ұрпақ үшін үлгі болып қала бермек. Мұндай жарыстардың өтуі – ел есіндегі саңлақтарымызға көрсетілген шынайы құрмет пен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі, – деді Ғали Әуелбайұлы.

Ал турнирді ұйымдастырушы №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Нұрлан Саурықовтың айтуынша, Дінмұхамед Ұлысбаев та аталған мекеменің маңдайалды түлегі болған.

– Дінмұхамед Ұлысбаев – біздің мектептің мақтанышы, түлегіміз еді. Ол осыдан үш жыл бұрын, нағыз толысқан, үлкен белестерді бағындыратын шағында денсаулығына байланысты өмірден озды. Сондықтан бауырымызды еске алуға арналған бұл республикалық турнирді ұйымдастыруды біз өзімізге парыз санадық. Жарыстың басты мақсаты – Дінмұхамедтің есімін ұлықтау ғана емес, сонымен бірге кейінгі толқын жастарға жол сілтеп, оларға үлкен мотивация сыйлау. Биыл алғаш рет өтіп жатқан турнирге еліміздің барлық өңірінен 135-тен аса таңдаулы спортшы қатысуда. Өзіміздің спорт мектебінен де 20-дан аса шәкіртімізді қостық. Алдағы уақытта турнирді дәстүрлі шараға айналдырып, жыл сайын өткізіп тұру жоспарымызда бар. Сол арқылы өңіріміздегі велоспорттың деңгейін көтеріп, Дінмұхамедтей саңлақтардың жолын жалғайтын чемпиондарды тәрбиелегіміз келеді, – деді ол.

Бес күнге созылатын бұл бәйгеде спортшылар түрлі дистанциялар бойынша бақ сынайды.

Мәртебелі меймандар қатарында Дінмұхамед Ұлысбаевтың анасы Рабиға Әденова да болды. Ол ұлын сағынышпен еске алып, жиналғандарға өз ризашылығын білдірді.

– Димашымның арманы өте көп еді. Италияда өткен жарыстарда жеңіске жетіп, Қазақстанның көк байрағын желбіреткенде, Азия чемпионы атанғанда төбеміз көкке жеткендей болды. Оның ең үлкен мақсаты – Олимпиада шыңын бағындыру болатын. «Анашым, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға қатысып, бағымды сынап көргім келеді» деп айтушы еді. Алайда жиырма төрт жасында сұм ажал оны ортамыздан алып әкетті, – деді Рабиға Әшірәліқызы.

Айта кетейік, Дінмұхамед Ұлысбаев 2023 жылы 24 жасында АҚШ-та жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болған.

Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар