Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қасиетті рамазан – рухани кемелдік айы

Қасиетті рамазан – рухани кемелдік айы
Коллаж
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстың бас имамы Асқар Зәкіржанұлының қатысуымен Рамазан айына арналған брифинг өтті. Жиынға өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Баспасөз мәслихатында биылғы қасиетті Рамазан айының өту барысы, ұйымдастырылатын іс-шаралар туралы жан-жақты түсіндіріліп, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының халыққа үндеуі жеткізілді. Сондай-ақ діни басқарма тарапынан бекітілген іс-шаралар жоспары таныстырылды.

– Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Бұл айда мұсылмандар ізгі амалдар жасауға, рухани кемелденуге ерекше мән береді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекітті. Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызда аяқталады. Ал наурыз айының 16-сынан 17-сіне қараған түн – қасиетті Қадір түні. 20 наурыз – Ораза айт мерекесі болып бекітілді. Қасиетті айда ауызашарлар ұйымдастырылып, мешіттерде рухани іс-шаралар өткізіледі. Биылғы пітір садақасының мөлшері 735 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (6400 теңге) немесе 4 келі құрмамен (12400 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 4000 (төрт мың) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді. Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты – айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб, – деді Асқар Зәкіржанұлы.

Спикер брифинг барысында қасиетті айда атқарылатын негізгі құлшылықтарға мен ұйымдастырылатын іс-шараларға да тоқталды.

– Қоғамдық ауызашарлар ұйымдастырылып, қайырымдылық шаралары өтеді. Қасиетті Қадір түнінде мешіттерде арнайы бағдарламалар жүргізіледі. Мешіттерде рухани дәрістер, сұрақ-жауап кештері өткізіліп, халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап беріледі. Жастар мен балаларға арналған рухани тәрбиелік бағдарламалар ұйымдастырылады. Рамазан айында жасалған әрбір дұға, әрбір жақсылық ерекше қабыл болатынын ұмытпайық. Бұл ай – рухани тазару мен өз-өзімізді жетілдіру мүмкіндігі. Алла Тағала ниетімізді қабыл етіп, бұл қасиетті айды баршамызға рухани өсу мен жан дүниемізді жаңғыртатын берекелі кезең етсін! – деді баяндамашы.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар