Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шығармашылық көкжиекті кеңейткен «Best Practices»

Шығармашылық көкжиекті кеңейткен «Best Practices»
Автор
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде білім беру мен кәсіби қызметтегі үздік тәжірибелерді насихаттау, оқушылар мен жастарға кәсіптік бағдар беру, сондай-ақ олардың болашақ мамандықты саналы түрде таңдауына ықпал ету мақсатында «Заманауи өнердегі жаңашылдық: шеберлік сыныптары негізінде шығармашылық көкжиектерді кеңейту» тақырыбында облыстық Best Practices ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында шеберлік сыныптары арқылы шығармашылық бағыттағы заманауи әдістер мен инновациялық тәжірибелер таныстырылды. Қатысушылар тәжірибелі мамандардың жұмыс тәсілдерімен танысып, кәсіби шеберлікті арттырудың тиімді жолдары жөнінде мол мағлұмат алды.

Бағдарлама аясында сурет пен қолөнер саласындағы дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімі кеңінен насихатталды. Суретшілер көрмесі ұйымдастырылып, қылқалам шеберлерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде ұлттық нақыштағы шығармалармен қатар заманауи бағыттағы жұмыстар да қойылып, өнердегі сабақтастық пен ізденіс айқын көрініс тапты.

Сонымен қатар керамика мен гипстың шығармашылық мүмкіндіктері таныстырылып, қолөнершілер арнайы шеберлік сыныптарын өткізді. Қатысушылар материалдармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп, тың тәсілдер арқылы тәжірибелік дағдыларын жетілдірді.

Жүннен бұйым жасауға арналған шеберлік алаңында идеяны жүзеге асырудың толық процесі көрсетілді. Шеберлер жүн өңдеу технологияларын, ұлттық өрнек пен заманауи дизайнды ұштастыру жолдарын түсіндіріп, қатысушыларға тәжірибелік бағыт-бағдар берді.

Құрақ құрау өнері де назардан тыс қалмады. Сәндік-қолданбалы өнер шеберлері ұлттық қолөнердің тәрбиелік және мәдени маңызын кеңінен тарқатып, құрақ құраудың әдіс-тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті.

Іс-шараның маңыздылығына тоқталған университеттің шығармашылық мамандықтар факультетінің деканы Айгүл Құрманбекова бұл бастама өнер бағытындағы білім беру бағдарламаларын заманауи талаптарға сай жетілдіруге бағытталғанын жеткізді. Оның айтуынша, іс-шара аясында жұмыс берушілер, мектеп мұғалімдері мен шығармашылық мамандық студенттері бір алаңда бас қосып, тәжірибе алмасты. Жұмыс берушілер өз өнімдері мен жобаларын таныстырып, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар жөнінде нақты ұсыныстар білдірді. Бұл өз кезегінде жоғары оқу орнына болашақта қандай мамандар даярлау қажеттігін айқындауға мүмкіндік береді. Аталған мәселелер «Білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету және жетілдіру» тақырыбындағы «дөңгелек үстелде» кеңінен талқыланды.

Іс-шараға аудандардан да арнайы келген қатысушылар болды. Мойынқұм ауданынан келген ұстаз, қолөнер шебері Жазира Кеңесқызы ұлттық өнерді дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.

– Шеберлік сыныптарына қатысу – біз үшін үлкен мүмкіндік. Бұл жерде студенттермен бірге отырып, өз өнерімізді көрсетіп, тәжірибе алмасамыз. Мен құрақпен, соның ішінде ши құрақпен айналысамын. Ши құрақтың мәні тереңде. Әр бөлік бірігіп, тұтас дүние құрайды. Сол сияқты біз де бірлік арқылы ұлт болып ұйысамыз. Өнер арқылы жастарды біріктіріп, ұлттық болмысымызды дәріптеу – менің ұстаз ретіндегі басты мақсатым, – деді Жазира Кеңесқызы.

Іс-шара аясында денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту мәселелері де қамтылды. Тараз қаласындағы №10 орта мектеп пен №49 мектеп-гимназияның денешынықтыру пәнінің мұғалімдері заманауи жаттығу әдістерін таныстырып, тәжірибелік шеберлік сыныптарын ұйымдастырды.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар