Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қалың қар қозғалысты қиындатты

Қалың қар қозғалысты қиындатты
А.Қартабай
Биыл Әулиеатаның қысы жылдағыдан бөлек болды. Осы уақытқа дейін табиғат көктем шығып кетердей жаймашуақ мінез танытса, осы аптаның сәрсенбісінде алдымен толассыз жаңбыр жауып, соңы қарға ұласты. Үздіксіз, бірнеше күн бойы майдалап жауған қар қазір тізеден асады. Қала көшелері мен аулалар ақ ұлпаға оранып, адам түгілі техникалардың жүріп-тұруы қиындады.

Облыста ауа райының күрт бұзылып, қалың қар түсуіне байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес жолдарды тазалау және қысқы күтіп-ұстау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті маңызы бар автожолдарды қысқы жағдайда ұстауға 21 мердігерлік ұйым тартылып, 178 арнайы техника жұмылдырылған. Облыс бойынша алдын ала дайындалған 14 925 тонна құмның 9 658 тоннасы және 1 500 тонна тұздың 920 тоннасы қолданыста.

– Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына қызмет көрсету үшін 11 мердігерлік ұйыммен келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта олардың қорында 5 350 тонна құмның 3 477 тоннасы және 535 тонна тұздың 340 тоннасы сақтаулы. Қысқы жұмыстарға 85 жол техникасы мен арнайы жабдықтар тартылған. Аудандық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға 10 мердігерлік ұйым жауапты. Бұл бағытта 93 арнайы техника жұмыс істеуде. Тараз қаласының көше желілерін қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады. Қазіргі таңда мекеме күшейтілген режимге көшкен. Жолдарды тазалау жұмыстарына құрылыс компанияларының техникалары тартылуда. Қажет болған жағдайда қосымша ауыр техниканы жалға алу үшін қосалқы ұйымдармен келісімшарттар жасасу қарастырылған, – делінген баспасөз қызметі таратқан ресми мәліметте.

«Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің басшысы Ғалымжан Қайназаровтың айтуынша, қалада қалың қар жаууына байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшіп, жұмыстар тәулік бойы жалғасқан. Алдағы күндерде де ақ ұлпа толастамауы мүмкін деп болжанып отырған көрінеді.

– Қала тұрғындарының қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылдың 10-11-ақпанында жауған қарды күреу және инерттік материалдарды себу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 270 шарты метр құм, 90 тонна тұз пайдаланылды. Жұмыстарды орындауға 486 жұмысшы және 62 арнайы техника жұмылдырылды. Қазіргі кезде мекеме қоймасында 3 350 шаршы метр құм және 692 тонна тұз қоры бар. Алдағы кезеңге қажетті инерттік материалдар жеткілікті, – дейді Ғалымжан Уәлиханұлы.

Табиғат тосын мінез танытқан шақта облыс құтқарушылары да күшейтілген режимде жұмыс атқарып жатыр. Қардың қалың жаууы, боран, қатты жел және көріну қашықтығының төмендеуіне байланысты өңірдегі бірнеше республикалық маңызы бар автожолдарда шектеу енгізілген. Облыстық төтенше жағдайлар депатраментінің ресми өкілі Карина Карташованың айтуынша, 2026 жылғы 11 ақпанда сағат 17:30-дан бастап Қордай ауданында «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 159-238-шақырымы бойындағы Кенен ауылы мен Қайнар ауылының арасы, жаңа және ескі Қордай асуы арқылы өтетін учаскеде жүк көліктері мен жолаушылар тасымалдайтын көліктердің қозғалуына шектеу қойылған.

– Сол күні сағат 08:30-дан бастап Жуалы ауданында да ауа райының қолайсыздығына байланысты «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 593 пен 534-шақырымы аралығында Түркістан облысының шекарасы мен Айша бибі ауылы арасында жүк автокөліктерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Күйік асуында да жүк көліктері мен жолаушылар тасымалдайтын көліктерге уақытша шектеулер қойылды. Осы уақытта төтенше жағдай қызметкерлері өңір жолдарында бірнеше авариялық құтқару жұмыстарын жүргізді. Жуалы ауданында техникалық ақауға байланысты жолда қалған жеңіл автокөлік жолаушыларына көмек көрсетіліп, адамдар жақын маңдағы елді мекенге жеткізілді. Шу ауданында дала жолында балшыққа батып қалған жүк көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы қауіпсіз жерге шығарылды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде барлығы 7 адам эвакуацияланды. Зардап шеккендер тіркелмеді, медициналық көмек қажет болмады. Құтқарушылар аса қажеттілік болмаса, жолаушыларды әзірге алыс жолға шықпауға шақырады. Төтенше жағдай орын алса, 112 немесе 101 нөмірлеріне хабарласу керектігін еске саламыз, – деді К.Карташова.

Құтқарушылармен қатар облыстық полиция департаментінің қызметкерлері, жол патрульдік полиция батальоны және арнайы жасақ өкілдері де трассаларда тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Жолдың қолайсыздығына байланысты қарға батып қалған немесе жол жиегіне шығып кеткен көліктер шығарылып, жүргізушілерге жан-жақты көмек көрсетілуде.

– Қардың қалың түсуіне байланысты 11-ақпаннан бастап «Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» халықаралық автодәлізінің Қордай асуы арқылы өтетін жаңа айналма жолында барлық көлік түрлерінің қозғалысы екі бағытта да уақытша тоқтатылды. Қордай асуының ескі бөлігіндегі «Алматы-Ташкент» автожолында жүк көліктеріне шектеу енгізілді. Сонымен қатар Айша бибі ауылы мен Түркістан облысының шекарасы аралығындағы учаскеде де қозғалыс жабылды. Осыған байланысты 11-13 ақпан күндері өңір аумағындағы республикалық маңызы бар трассаларда шамамен 1 500 жүк көлігінің қозғалысы шектелді. Оның ішінде Айша бибі ауылы маңында 300-ге жуық жүк көлігі, Қордай ауданында екі бағытта шамамен 500 жүк көлігі жол бойында қалды. Олардың жүргізушілері үшін жылыту пунктері ұйымдастырылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Полиция департаментінің қызметкерлері, жол патрульдік полиция батальонының инспекторлары және жылдам қимылдайтын арнайы жасақ мамандары трасса бойында үздіксіз жұмыс атқаруда. Қарға батып қалған, жолдың шетіне шығып кеткен автокөліктер шығарылып, жүргізушілерге практикалық көмек көрсетілді. Жолдың қолайсыздығына байланысты қауіп туындаған учаскелерде автокөліктер колоннамен, патрульдік экипаждардың бақылауымен жүргізілді. Полиция қызметкерлері жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көліктердің қауіпсіз тұрақтауын бақылауда ұстап отыр. Қауіпті аймақтарда сүйемелдеу ұйымдастырылып, төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары күшейтілді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция тәулік бойы кезекшілікте, – дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.

Облыстық полиция департаменті біз сөз еткен бағыттарда қозғалыс әлі де жабық екенін еске салады. Мамандар азаматтарға жолға шығар алдында ресми ақпарат көздерін тексеріп, ауа райы жағдайын ескеріп барып, жоспар құруды ұсынуда. Негізгі міндет – жолда қалған адамдарды қауіпсіз жерге шығару және барлық жүргізушінің қауіпсіздігін сақтау.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар