Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Су тасқыны қаупі бар аймақта 42 елді мекен орналасқан

Су тасқыны қаупі бар аймақта 42 елді мекен орналасқан
Автор
Кеше «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысы өтті. Жиынға облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының, Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Шу-Талас» бассейндік инспекциясының жауапты мамандары қатысты.

Отырысты кеңес төрағасы Жұмахан Танкебаев ашып, жүргізді. Жиында партияның «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы және өңірдегі көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары сөз болды.

Ақпан айының алғашқы онкүндігінде партиялық бақылау комиссиясының арнайы жұмысшы тобы өңірде су тасқынын алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын зерделеген болатын. Осыған орай жиында комиссия мүшесі Алпамыс Қазыбаев атқарылған зерделеу жұмыстарының нәтижесімен бөлісті. Баяндамашының айтуынша, облыста көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында бірқатар ұйымдастыру шаралары қабылданған. Облыс әкімдігі тарапынан арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, жедел штаб құрылған, кезекшілік кестелері бекітіліп, өңірдегі жағдай тұрақты бақылауға алынған.

– «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының көпжылдық мониторинг деректеріне сәйкес, өңірге түскен қар жамылғысы қауіпті деңгейден аспайды деген болжам бар. Дегенмен таулы аймақтарда көлбеу ағындардың пайда болу қаупі сақталып отыр. Осыған байланысты елді мекендер маңындағы каналдар мен арық жүйелерін тазалау, су бұру жұмыстары жүргізілуде. Өңірлердегі зерделеу қорытындысы су тасқыны қаупі әлі де өзекті екенін көрсетті. Өткен жылы Қордай ауданында жауын-шашын салдарынан Беріктас пен Соғанды ауылдық округтерінде 219 тұрғын жарық пен газдан ажырап, «Береке» шаруа қожалығы аумағынан 671 бас ұсақ мал мен 10 жылқы суға ағып кеткені тіркелген. Биыл ауданда зардап шеккендерді қабылдайтын 50 пункт бекітілгенімен, халықты дер кезінде хабардар ету жүйесі толық жолға қойылмаған. Жоспарланған 57 құлақтандыру жүйесінің небәрі 11-і ғана орнатылған. Сонымен бірге Масаншы, Қарасай, Қарасу, Ноғайбай және Үлкен Сұлутөр елді мекендері сел қаупі бар аумақ ретінде айқындалған. Т.Рысқұлов ауданында су басу қаупі бар 7 елді мекен бар. Соңғы үш жылда ауа райының күрт өзгеруі мен қар суының әсерінен Абай, Құлан, Жақсылық, Көкдөнен, Құмарық, Өрнек, Жарлысу, Әбжаппар, Ақыртөбе және Тереңөзек ауылдары зардап шеккен. Ауданның қауіпсіздік паспорты бойынша таудан келетін Мақпал, Шөңгер, Қарақат, Қарақыстақ, Көкдөнен және Шалсу өзендерінде сел жүру қаупі жоғары. Шу ауданында 2022 жылғы шешіммен құрылған жедел әрекет ету жасағында 80 адам мен 22 техника бар. Ауданда 23 эвакуациялық қабылдау пункті белгіленіп, арнайы генераторлар, мотопомпалар, құм қоры және техникалар әзірленген. Жалпы 102 сушаруашылығы нысаны есепке алынған. Зерделеу барысында «Көкқайнар Ақсу» автожолы бойындағы көпірді нығайту қажеттілігі де анықталды, себебі су деңгейі көтерілген жағдайда шайылып кету қаупі жоғары. Меркі ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 60 адамнан тұратын шұғыл әрекет ету жасағы құрылған. Ауданда 24 су бөгеті, Меркі және Аспара өзендері және «Ленинжол» суқоймасы бар. Қаулыға сәйкес ондаған эвакуациялық пункт жасақталып, «Ақермен 1,2» және «Кеңес 4» суқоймаларында жөндеу жүргізілген. Дегенмен суқоймаларының түбін тереңдету және иесіз «Кеңес 1», «Кеңес 2», «Кеңес 3» нысандарын коммуналдық меншікке алу қажеттілігі туындап отыр. Жалпы зерделеу нәтижесі таулы аймақтардағы елді мекендерді ерекше бақылауда ұстап, қауіпті учаскелердегі алдын алу жұмыстарын күшейту қажет екенін көрсетті, – деді Алпамыс Шәменұлы.

Мұнан соң «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Бауыржан Ибрагимов сөз алып, суқоймаларының қазіргі ахуалына тоқталды. Мекеменің теңгерімінде жалпы сыйымдылығы 136,6 миллион текше метрді құрайтын 113 су нысаны бар. Оның ішінде 76 суқоймасы және 37 бөгет есепке алынған екен.

– Маусымдық су деңгейі көтерілетін кезеңде барлық нысанның техникалық жағдайы мен су көлемі тұрақты бақылауда ұсталады. Суқоймалары мен бөгеттердің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін жыл сайын жоспарлы жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүргізіледі. Бұрнағы жылы облыстық бюджеттен бөлінген 39,735 миллион теңге есебінен 9 суқоймасында жөндеу жұмыстары атқарылып, қосымша 53,055 миллион теңгеге 10 суқоймаға көпфакторлы зерделеу жүргізілді. Ал былтыр 6 суқоймасын ағымдағы жөндеуге 39,4 миллион теңге қарастырылып, Жуалы ауданындағы «Көктөбе», Қордай ауданындағы «Майбұлақ», Меркі ауданындағы «Кеңес 4», Талас ауданындағы «Юбилейное», «Майтөбе» және «Пионер» суқоймаларында жоспарланған жұмыстар толық аяқталды. Сонымен қатар «Кеңес» және «Қошқарата» суқоймаларына көпфакторлы зерттеу жүргізу үшін 20 миллион теңге бөлініп, жыл соңына дейін тиісті зерттеу аяқталған. Атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығы ескеріліп, биыл коммуналдық меншіктегі Сарысу ауданындағы «Қаратас» және Талас ауданындағы «Дулатбай» суқоймаларына күрделі жөндеу жүргізу мақсатында бюджеттік өтінім берілді, – деді Бауыржан Бекмахамбетұлы.

Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бегзат Қамбаров өңірдегі құтқару қызметтерінің әзірлігі, қауіпті учаскелерге жүргізілген мониторинг және елді мекендердің қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстар жөнінде баянда жасады. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, облыста су тасқыны қаупі бар аймақта 42 елді мекен орналасқан. Бұл елді мекендерде 178 152 тұрғыны бар 32 638 үй есепке алыныпты. Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде 34 елді мекендегі қауіп толық жойылып, 2 елді мекенде су басу қаупі едәуір төмендетіліпті.

– «Шоң Қақпа» суқоймасынан Талас өзеніне қауіп төндіруі мүмкін 6 елді мекенде өзен жағалауын нығайту, арнайы механикалық тазалау және судың бағытын өзгерту жұмыстары жүргізіліп, тәуекел азайтылды. Су тасқыны қаупін төмендету мақсатында өзен бойындағы 8 қауіпті учаске анықталып, жағалауды бекіту шаралары қолға алынды. Екінші учаскеде тау тасымен жағалау нығайтылып, Талас өзенінің табаны ұзындығы 150 метр, ені 30 метр аумақта тазаланып, арнасы түзетілді. «Алматы-Ташкент-Термез» республикалық автожолының сол жағалауында өзен арнасы бұрылып, ұзындығы 60 метр дамба 1,5-2 метрге көтерілді. «Денсаулық» саяжайы маңында да жағалауды бекіту жұмыстары жалғасуда. Осы жылғы көктемгі кезеңге дайындық аясында жалпы ұзындығы 82,55 шақырым болатын 8 ирригациялық бағыттағы 7 канал тазаланып, арық жүйелері мен 5,64 шақырым дренаж арналары қазылды, 11 далалық көпір ауыстырылып, су өткізу жүйелері кеңейтілді. Облыс бойынша зардап шеккен тұрғындарды қабылдауға арналған 396 пункт дайындалып, 119 мың адамды орналастыруға мүмкіндік жасалды. Қосымша 32 шатыр, 890 төсек және 460 төсек орын әзірленіп, тамақтандыру мен арнайы техниканы тарту бойынша 58 келісімшарт жасалған. Көктемгі кезеңде жағдай күрделенген жағдайда халықты эвакуациялау алгоритмдері пысықталып, күштік құрылымдармен өзара іс-қимыл тәртібі нақтыланды. Жедел ден қою үшін облыс көлемінде 1 927 адам, 485 техника және 132 су айдау құралы тұрақты дайындықта тұр. Оның ішінде төтенше жағдайлар департаментінен 146 қызметкер, 32 техника, 35 су айдау құралы, 19 жүзу құралы және 492 байланыс құралы жұмылдырылған. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан 964 адам мен 290 инженерлік техника, 25 эвакуациялық техника әзірленді. Қажет болған жағдайда жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының 311 инженерлік техникасы мен 1 034 адамы тартылуы үшін келісімшарттар жасалған, – деді Бегзат Сейтбекұлы.

Жиын соңында көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстар жинақталып, жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді. Қатысушылар өңірдегі су тасқыны қаупін төмендету үшін өзара үйлесімді жұмыстың маңызына тоқталып, алдағы кезеңде де дайындық шаралары жалғасатынын жеткізді.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар