Жиында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарды қысқы күтіп-ұстау, суқоймаларының жағдайы, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, мал қыстату орындарындағы ахуал, жемшөп қоры мен қысқы отынмен қамту мәселелері жан-жақты қаралды. Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің, сондай-ақ тиісті департаменттер, басқармалар мен кәсіпорын басшыларының есептері тыңдалды.
Облыс әкімі соңғы екі күнде өңір аумағында қар толассыз жауып жатқанын атап өтті. «Қазгидромет» болжамына сәйкес алдағы күндері де қар жауып, екпінді жел соғып, күннің күрт жылынуы күтіледі. Бұл қардың тез еруіне және су басу қаупінің артуына әкелуі мүмкін.
– Тұрғындардың қауіпсіздігі – басты міндет. Барлық жұмыс адам өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталуы тиіс. Апаттық жағдай туындаған кезде әрекет ету алгоритмі қатаң сақталуы қажет. Әр қызмет өз құзыреті аясында жедел әрі нақты жұмыс істеуі керек. Алдын алу шараларын күшейтіп, тәулік бойы мониторинг ұйымдастыру қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жиын қорытындысы бойынша ауа райы болжамын күн сайын бақылауда ұстау, суқоймаларындағы су көлемін тұрақты қадағалау, су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету, елді мекендерден қарды уақытылы шығару, сел қаупі жоғары аймақтарға тұрақты зерделеу жүргізу тапсырылды.
Сонымен қатар арық-атыздар мен су өткізу құбырларын қар мен мұздан тазалау, жолдар мен көпірлердің жай-күйін бақылауда ұстау, көлік пен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғындарға алыс жолға шықпау жөнінде ескерту жұмыстарын күшейту міндеттелді.
Бұдан бөлек, Сарысу ауданының Жаңатас қаласында қатты желден зардап шеккен тұрғын үйлердің шатырын қалпына келтіру жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтау міндеті жүктелді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі



