Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бабын тапқанға – балық та байлық

Бабын тапқанға – балық та байлық
Автор
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы» Үкіметтің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №208 қаулысымен елімізде 2030 жылға дейінгі мерзімде балық шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы бекітілген еді. Баянды бағдарламаның балық өсіруді мақсат етіп жүрген шаруаларға ықпалы мол болды. Талас өзенінің жағалауында орналасқан осы жылдан бастап балық шаруашылығын дамытуға ниет білдіруші шаруашылықтар қатары арта түсті. Солардың бірі – біз сөз еткелі отырған Жанат Шайділдаева басқаратын «Ақ-мол – 2017» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі.

Кәсіптің түрлері көп. Әркім өзі қалаған кәсіпті айналдырып, содан табыс тауып жатады. Жанатта көп ойланып, жыл бойы тоқтаусыз ағып жататын өзеннің жағасында тұрып жатқандықтан екінің бірі қолға ала бермейтін балық өсіруді таңдайды. Ал бұған жоғарыда аталған арнайы бағдарламаның қабылдануы сеп болғандай. Сөйтіп, барлық құжаттарын дайындап, 5 миллион теңге қайтарымсыз грантты ұтып алады. Бұл 2021 жылдың күзі болатын. Сол күннен бастап тынымсыз еңбек басталады. Алдымен Сарыкемер ауылының күншығыс жағындағы өзен жағасынан 3 гектар жерді сатып алып, оны тазалайды. Жанаттың өз үйі мен 11 гектар жері де осы маңға жақын екен.

Біз кооперативтің балық өсіру алаңына келгенімізде Жанат балықтарына жем шашып, оларды құстардан қорғап жүр екен. Кәсіпкер атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып, тоғандарды аралатып, көрсетті. Тоғандардың бір шетінен үлкен құбыр арқылы таза су Талас өзенінен келіп жатса, екінші жағындағы арнайы қойылған монах (шлюз тәрізді) арқылы ластанған сулар сыртқа шығарылуда.

– «Білмейтін жердің ой-шұқыры көп» демекші, жаңа кәсіптің өз қиындықтары бар екен. Мен бұған дейін жеріме егін егіп, саудамен айналысқан едім. 2022 жылы жеңілдетілген пайызбен 15 миллион 800 мың теңге несие алып, жұмысқа кірістік. Алдымен көрші ауылдардан көріп, үйренгеніміз бойынша 6 жасанды балық тоғанын дайындадық. Тоғандардың тереңдігі 3 метр болса, көлемі әртүрлі. Ең кішісі келешекте шабақтарды өсіруге дайындалды. Тоғандар суы уақытылы ауыстырылып тұрады. Біз тоғандарға алғашқы шабақтарды 2024 жылы Түркістан облысындағы Шардарадан әкеліп, жіберген едік. Алайда ол күтімі дұрыс болмады ма, өнім бермеді. Қайтадан ізденуге тура келді. Сөйтіп, өткен жылы Шайқорық ауылынан 2 тонна сазан, карп шабақтарын әкеліп суға жібердік. Оларға алғашқыда жергілікті «BM Agroproduct» кәсіпорнының жемін берсек, кейіннен өзіміз өсірген жүгеріні майдалап берудеміз.

Біздің басты мақсатымыз – халықты экологиялық таза, сапалы балық өнімдерімен қамтамасыз ету. Бұл ретте жылына 90 тонна балық өнімдерін шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді Жанат бізбен әңгімесінде.

Кооператив мүшелері Бейбіт Камалиденов пен Айнұр Шайділдаева мұндағы ең жауапты жұмыс – балықты құстардан қорғау жұмыстарымен айналысады екен. Сондай-ақ оларға суларды уақытылы ауыстырып отыру да бекітілгенін білдік.

Әңгіме арасында Жанат Екінісқызы келешекте шабақ шығаратын цех ашу, аналық балықтан жасанды жолмен алынған уылдырықтан карп, сазан шабағын өсіру, құсты үркіту үшін пневмопугач қолдану, көктем шыға тағы 3 адамды жұмысқа тарту ойларында бар екенін айтып қалды.

Бабын тапқанға балықта табыс көзі. Міне мұны жете түсінген кәсіп иесі Жанат Шайділдаева басқарған кооператив мүшелері өз табыстарын тасыту жолында аянбай еңбек етуде.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
журналист,

Байзақ ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар