Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының деректеріне сәйкес, өңірде жаңартылатын энергия көздері саласы 2010 жылдан бері тұрақты дамып келеді. Алғашқы кезеңде қуаты 2 мегаватт болатын екі нысан пайдалануға берілсе, 2015 жылы олардың саны 9-ға жетіп, жалпы қуаты 114 мегаватты құрады. 2021 жылы 17 нысан іске қосылып, олардың қуаты 387,8 мегаваттқа дейін артты. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 22 нысанға жетіп, жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрады.
Қазіргі таңда облыста жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 6 су электр стансасының қуаты 24,4 мегаватт болса, 10 жел электр стансасының жалпы қуаты 275,65 мегаватт, ал 6 күн электр стансасының қуаты 271,25 мегаваттты құрайды. Бұл көрсеткіштер Жамбыл облысының республикадағы жасыл энергетика саласында алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі екенін көрсетеді.
2024 жылдың алғашқы 10 айының қорытындысы бойынша облыста жаңартылатын көздерден сағатына 642,5 миллион киловатт электр энергиясы өндірілген. Соңғы жылдары жүзеге асқан ірі жобалардың қатарында қуаты 100 мегаватт болатын «Жаңатас» жел электр стансасы, сондай-ақ «Тасөткел» су қоймасындағы қуаты 9,2 мегаватт болатын су электр стансасының екінші кезеңі бар. Сонымен қатар Жамбыл ауданында қуаты 50 мегаватт «AEC ASA» күн электр стансасы іске қосылса, Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 мегаватт болатын үш жел электр стансасы пайдалануға берілді. Ал 2024 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 мегаватт «Шоқпар» жел электр стансасының құрылысы аяқталды.
Алдағы жылдары өңірде жаңа ірі жобаларды іске асыру жоспарланған. Мойынқұм ауданында Францияның «Total Eren» компаниясы қуаты 1 гигаватт болатын жел электр стансасын салуды көздеп отыр. Сондай-ақ Сарысу және Талас аудандарында Біріккен Араб Әмірліктерінің «Masdar» компаниясы тағы бір 1 гигаватттық жел энергетикасы жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда. Сонымен қатар 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамыту картасы әзірленіп, 2028 жылға қарай қуаты 2,5 гигаватт болатын 24 нысанға жеткізу жоспарланған.
Жалпы алғанда, жаңартылатын энергия жобалары өңірді экологиялық таза электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек, бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инвестиция тартуға және аймақ экономикасының дамуына оң әсерін тигізуде. Осылайша Жамбыл облысы жасыл энергетиканы дамытуда еліміздің маңызды орталықтарының біріне айналып келеді.
«AR-AI»-ақпарат




