Ақын шығармашылығында адам жанының тазалығы мен ар-ождан мәселесі ерекше орын алады. Мұқағали үшін поэзия өмірді, адамды сүюдің бір түрі еді. Ол жасандылықтан аулақ болып, шындықты бүкпесіз айтуға ұмтылды. Сондықтан да оның өлеңдері халықтың жүрегіне жақын, жаттауға жеңіл, мәңгілік рухани азыққа айналды.
Қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Мұқағали – мәңгілік жыр» тақырыбында тағылымды жыр кеші өтті.
Әдеби кеш ақынның «Алтын қорда» сақталған өз даусымен оқыған «Мавр» поэмасынан үзіндімен басталды. Мұқағалидің жүрек тербеген үні жиналған қауымды бір сәтке уақыт кеңістігінен ажыратып, ақынның рухани әлеміне жетеледі. Ортаға «Пай-пай, өмір» өлеңімен ақынның образында, оның дауысын айнытпай салып кіріп келген Алмас Қырғызалиев кереметтей әсерді жандандыра түсті. Бұл сәтте оқушылардың жүрегінде бір-бір шырақ жанғандай болды.
Кешті жүргізген Ринат Нұрақбаев Мұқағали поэзиясының қазақ руханиятындағы айрықша орнын атап өтіп, ақын жырларының бүгінгі ұрпақпен үндестігін айшықтады. Одан әрмен жыр кеші арнайы қонақ, дәстүрлі әнші, сазгер, республикалық «Мұқағали оқулары» байқауының жеңімпазы Алмас Қырғызалиевпен сұхбатқа ұласты. Ол ақын поэзиясының өзінің шығармашылық жолындағы маңызына тоқталып, Мұқағали сөзіне жазылған әндерін орындады. Көрермен жүрегіне жол тапқан әуезді әндер кештің көркін аша түсті.
Кеш барысында Мұқағали Мақатаев пен Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық байланысы да кеңінен сөз болды. Қос алыптың рухани үндестігі нәтижесінде дүниеге келген әндердің бүгінгі таңда халықтық мұраға айналғаны атап өтілді.
Сонымен қатар «ALEM» кәсіби білім беру колледжінің студенттері ақын поэзиясынан сахналық көрініс ұсынып, жас ұрпақтың Мұқағали жырларына деген ықыласын көрсетті. Өлең оқыған жастардың әрқайсысы ақын сөзін өз жүрегінен өткізіп, көрерменге жеткізе білді.
Жас қаламгер, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерлан Нұрланұлы Мұқағалидің «Күндестік құрысын», «Күрсінбеші» өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақынның дикторлық шеберлігі мен дауыс мәдениетін айқын сездірді. Ал журналист Ерман Әбдиев Мұқағали туралы естелігімен бөлісіп, достық туралы әнін орындады.
Сондай-ақ Жамбыл политехникалық жоғары колледжі студенттерінің поэзиялық қойылымы кештің мазмұнын аша түсті. Жастардың орындауындағы өлеңдер ақын мұрасының өміршеңдігін тағы бір дәлелдеді.
Жыр кеші әдеби караокемен аяқталып, барша көрермен «Есіңе мені алғайсың» өлеңін бірге орындады.
Назым ҚОЖАМАР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі




