Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таразда 300-ден аса жыр білетін талант тұрады

Таразда 300-ден аса жыр білетін талант тұрады
Автор
Облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында 300-ден аса жыр-термені жатқа айтатын Бекарыс Көштаев есімді жас талант қызмет атқарады. Бекарыстың жадында тұтастай жыраулар дәуірі сақталып тұр десекте артық айтқанымыз емес.

Бекарыс Жәнібекұлы орталықта жыршы боламын деген жас таланттарға дәріс беріп, білгенін үйретеді. домбыра тартқызады.

Кейіпкеріміз Байзақ ауданы, Тегістік ауылының тумасы. Дарынды жас домбырашы, әрі күйші. Ол П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде білім алған. Халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері.

– Қазақтың жыр-термелері – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани, тарихи әрі тәрбиелік мәні терең асыл мұрасы. Бұл жырларда өмір мен өнер, адамгершілік пен тағдыр, ел мен тарих жайлы толғаныстар, жыраулардың өсиет-нақылға толы ақыл-кеңесі, кең тынысты эпикалық дүниелер тоғысқан. Әдетте олар домбыра немесе қобыздың сүйемелдеуімен, өзіне тән мақамы мен ырғағына салып орындалады. Жырдың да жыры бар – кейбір дастандарды он бес күн бойы жырлайтын кездер болған. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырын мен қысқартып емес, бар болмысымен, кеңінен жырлап айтқанды жөн көремін. Оның ішінде баяндау да бар, сақау қатынның сөзі де бар, сан алуан кейіпкердің мінезі мен үні бар. Жыршы сол кейіпкерлердің әрқайсысына еніп, образын сомдап шығуы тиіс. Ертеде «көк жәшік» жоқ заманда халық сыртқа шығып, алқақотан отырып, жыршы-термешілерді тыңдаған. Бұл – бүгінгі теледидар көргенмен тең әсер берген рухани дүние еді. Сонда тыңдарман неге жалықпаған? Себебі жыршының дауысы, мақамы мен ырғағы, кейіпкерді шебер сомдауы, жырды төгілтіп, шабылтып, кейде үздіге орындауы көрерменнің жүрегін баурап алған. Сол үшін жұрт бір орнынан тапжылмай, ұйып отырып тыңдаған. Осындай ұмытылып бара жатқан дәстүрді қайта тірілтіп, өзіме де, өзгеге де рухани шабыт сыйлап жүргеніме шын жүректен қуанамын, – дейді Бекарыс.

Терме – ғибрат пен өнегеге толы, тағылымды сөздерден түзілетін асыл жанр. Ол ырғақтық құрылысы жағынан көбіне жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде айтылады. Терме дәстүрі ерте замандардан бастау алып, ғасырлар бойы үзілмей жалғасып келеді.

Бүгінде бұл мұра заманауи үлгіде жаңаша сипат алып, тыңдаушысына қайта жол тауып отыр. Сол дәстүрдің жалғастырушыларының бірі – осы Бекарыс сынды дарынды өнер иелері. Олар көне мен жаңаны ұштастыра отырып, терменің рухын бүгінгі күнге лайық жеткізіп жүр.

С.НҰРБОЛҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар