Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Егіс алқаптарын әртараптандыру тығырықтан шығарады

Егіс алқаптарын әртараптандыру тығырықтан шығарады
Автор
Әне-міне дегенше ақпан айының да екінші он күндігіне аяқ бастық. Енді бір айдан кейін наурыз айы туып, жер бусанады. Сол сәтте дала төсінде шаруалар еңбек дүбірін қыздырады. Сондықтан диқандар егін егу науқанына сақадай-сай болуы қажет. Әрі биыл өңірде жауын-шашын аз түсті, салдарынан суайдындарындағы тіршілік нәрінің қоры да, жердегі ылғал да жылдағыға қарағанда мардымсыз. Сол себепті су үнемдеу мәселесі дәл қазіргі уақытта алдыңғы қатарға шығып отыр. Шаруалар бұл ретте суды көп қажет ететін дақылдардан уақытша бас тартып, шөлге шыдамды егін егуге басымдық беруі керек.

Осыған орай және ел өміріне жаңа өзгерістер әкелетін конституциялық реформаны талқылау мақсатында кеше Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен «Конституциялық реформа – ел болашағының негізі» тақырыбында жиын өтті.

Басқосуға салалық басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық ауылшаруашылығы бөлімдерінің басшылары мен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының, «Шу-Талас» бассейіндік инспекциясының, аумақтық және ветеринариялық инспекцияның, «ҚазАгроҚаржы», «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының, өңірдегі қант зауыттарының басшылары қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің төрағалығымен өткен жиында шаруа баққан азаматтардың қандай дақыл түрін егетіні, мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетіні әңгіме өзегіне айналды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылшаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында агроөнеркәсіп кешенін дамыту басты міндеттің бірі. Осы мақсатта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын толыққанды жүктеу және оларды тұрақты түрде отандық шикізатпен қамтамасыз ету міндеті қойылған. Соған байланысты басым ауылшаруашылығы дақылдарын, атап айтқанда қант қызылшасы мен дәндік жүгері өндірумен айналысатын ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен осы жиынды өткізіп отырмыз. Алдымен еліміздің жаңа Конституциясының жобасына қысқаша тоқталып өтейін. Өздеріңізге белгілі осы жылдың 31 қаңтар күні еліміздің жаңа Конституциясының жобасы жарияланды. Еліміздің келешегі, демократиялық, әлеуметтік, құқықтық мемлекет ретінде орнығуы ең алдымен Ата Заңның мазмұны мен маңызына тікелей байланысты. Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасы – дамудың жаңа кезеңіне нық қадам басқанымызды айғақтайтын тарихи маңызы бар саяси-құқықтық құжат. Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Жаңа редакциядағы Конституцияның басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалып, бүкіл Ата Заңның мағыналық өзегіне айналуы. Бұл мемлекеттің болашағы табиғи ресурстармен емес, адами капиталдың сапасымен өлшенетінін білдіретін түбегейлі бетбұрыс. Осы тұрғыда заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні игерген, бәсекеге қабілетті адами капиталға негізделген инновациялық экономикаға кең жол ашылатыны анық. Жаңа Конституция ел дамуының барлық саласына, оның ішінде ауылшаруашылығына да тікелей әсер етеді. Конституцияда жердің, табиғи ресурстардың халық игілігі екені нақты көрсетілуі – аграрлық сектор үшін аса маңызды. Бұл фермерлердің жерге деген сенімін арттырып, ұзақ мерзімді жоспар құруына мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының құқықтарының қорғалуы, еңбек етуге және кәсіпкерлікпен айналысуға тең мүмкіндік берілуі ауылшаруашылығының тұрақты дамуына оң әсерін тигізеді. Мемлекеттің ауылды қолдауға, инфрақұрылымды дамытуға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға жауапкершілігі күшейсе, бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл өмірінің сапасын арттырады. Сондықтан жаңа Конституция – ауылшаруашылығын жаңғыртудың және ауылдың болашағын нығайтудың берік құқықтық негізі деп айтуға болады. Жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданады. Сондықтан әрбір азаматтың бұл референдумға қатысып, өз пікірін білдіруі – ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсететін азаматтық жауапкершілігі. Әрбір азаматтың пікірі маңызды, – деді Ә.Тамабек.

Биыл егіс алқаптарының жалпы көлемін өткен жылмен салыстырғанда 25,5 мың гектарға ұлғайтып, 665,4 мың гектарға егін егу жоспарланыпты. Бұл ретте егіс алаңдарының құрылымын әртараптандыруға ерекше назар аударылып, суды көп қажет ететін дақылдарды суды аз қажет ететін дақылдармен алмастыру көзделген. Оның басты себептердің бірі – 2026 жылдан бастап Ислам даму банкінің қаржыландыруымен облыстағы 76 каналға жөндеу жұмыстарының жүргізілетіні. Аталған каналдардың суару алаңы 51,4 мың гектарды құраса, жалпы ұзындығы – 430,3 шақырым. Бұдан бөлек, «Киров» суқоймасында былтырғымен салыстырғанда жиналған су көлемі 160 миллион текше метрге аз көрінеді. Өткен жылы аталған суқоймада осы уақытта 450 миллион текше метрге жуық су болса, биыл әзірге 290 миллион текше метр ғана су жиналыпты. Төменде жатқан Талас пен Сарысу аудандарында да жағдай мәз емес. «Теріс-Ащыбұлақ» суқоймасында да 46-48 миллион текше метр су болса, былтыр бұл уақытта 86 миллион текше метр су болған көрінеді. Десе де осы жылға арналған егін егу жоспары суқоймаларға жиналатын су көлеміне қарай ақпан айының соңында қосымша қайта қаралады екен.

– 2024 жылы қант қызылшасы 11,2 мың гектар алқапқа орналастырылып, ауа райының қолайлы болуына және фермерлердің агротехникалық шараларды тиімді қолдануына байланысты 600 мың тоннадан астам өнім жиналды. Алайда, өнімді өткізу барысында «Меркі қант зауытының» қуаттылығы жетпей, өнім Жетісу облысындағы «Ақсу қант зауытына» және Қырғыз Республикасына тасымалданды. Бұл ретте өңірдің фермерлері қиын кезеңде бір-біріне түсіністікпен қарап, қолдау көрсетіп, ұйымшылдық танытты. Олардың ынтымақтастығы мен еңбекқорлығының арқасында өңірімізде елеулі жұмыс атқарылды. Өткен жылы қант қызылшасының егістік алқабы екі есеге қысқарып, 6,6 мың гектарға орналастырылды. Жиын-терін науқанында 221 мың тонна қант қызылшасы жиналып, «Меркі қант зауытына» 220,8 мың тонна өнім өткізілді, оның ішінде таза салмақта 202,8 мың тонна қант қызылшасынан 18 мың тоннаға жуық қант өндірілді. 2025 жылдың өнімін субсидиялау үшін 2,5 миллиард теңге шаруаларға төленді. Бұдан бөлек 2026 жылғы өнімді субсидиялауға қарастырылған 2,7 миллиард теңге қаржыдан 2,5 миллиард теңге төленді. Демек, 2026 жылдың өнімін субсидиялауға қаражат 2027 жылы ғана бөлінуі мүмкін. Осыған байланысты биыл дақыл орналастыру кезінде қолда бар қаражатты немесе қарыз алып қант қызылшасын егуге емес, жан-жақты ойластырып барып егуді немесе қаражат қоры 2027 жылға дейін жететініне көз жеткізген жағдайда ғана әрекет етулеріңізді сұраймын. Егер бұл мүмкін болмаса, егіс алқабын әртараптандырып, басқа дақыл түрлерін егу мәселесін қарастырсаңыздар, – деді Әбілхайыр Ғалымұлы.

Басқосуда «Меркі қант зауытының» құрылтайшысы Дәурен Ердебай мен «Тараз қант зауытының» бақылау кеңесінің мүшесі Қанатбек Алиев сөз алып, осы жылы қанша өнім қабылдай алатындарын және оның қабылдау бағасын сөз етті.

– Шаруаларға 2,9 миллиард теңге қарыз болсақ, қазіргі таңда 400 миллион теңгесінен құтылдық. Шаруалармен толық есеп айырысу үшін сырттан келетін қаржыны күтіп отырмыз. Негізінде зауыттың шаруалардың қарызын дер кезінде қайтара алмауына нарықта сырттан келетін қант бағасының арзан болуы әсер етті. Алдағы бір-екі айдың ішінде зауыттың шаруаларға берешегі толық өтеледі. Қазіргі уақытта білікті мамандарды тарту арқылы зауыттың қуаттылығын 3 мың тонна шикізат қабылдауға көтеру жұмысы жүріп жатыр. Былтыр қант қызылшасының әр келісіне 13 теңгеден баға белгіленсе, биыл екі теңге қостық, – деді Дәурен Иманжанұлы.

«Тараз қант зауыты» да қазір жаңғыртудан өтіп жатса, қазан айында шикізат қабылдай бастайды екен. Оның да қант қызылшасын қабылдау қуаттылығы – 3 мың тонна, әр келісі 15 теңгеден болмақ. Сонымен қатар, басқосуда облыста жүгеріні терең өңдеу бойынша іске қосылатын «Fufeng Group» компаниясының, осы кәсіпорынның тұқыммен, техникамен қамтамасыз ететін серіктес компаниялары және «Тараз индустириалды аймақтағы» трактор зауыты мен су үнемдеу құрылғысын шығаратын зауыт өкілдері де сөз сөйлеп, өз шарттарын ұсынды. Мысалы, «Fufeng Group» компаниясы жүгерінің әр келісін 95 теңгеден қабылдауға дайын. Сонымен қатар әр ауданнан бір-бір жүгері қабылдау пунктін ашуды ойластыруда. Сұрақ-жауап барысында шаруалар лизингке техника, қаржы ұйымдарынан несие алу, тұқым мен тыңайтқыш мәселесін шешу, ұңғыма қазу, ол үшін мемлекет тарапынан қанша пайыз субсидия берілетіні секілді көкейдегі сауалдарына жауап алды Мәселен, Байзақ ауданындағы «Досеке» шаруа қожалығының иесі Әлібек Егембердиев былтыр еккен жүгерісінің әр келісін алқап басынан Өзбекстан азаматтарына 100 теңгеден сатқан екен. Осы жағын мәселе етіп көтергенде «Fufeng Group» компаниясының жүгері өсіру бөлімінің менеджері Чжао Гожэнь түсініктеме берді. Оның айтуынша, нарықта жүгерінің келісі 95 теңгеден жоғары болған жағдайда, шаруалардан өнім нарықтағы бағамен қабылданады. Ал баға 95 теңгеден төмен түссе, қабылдау құны 95 теңге деңгейінде сақталады. Сонымен қатар ол елді мекеннің қашықтығына қарай жол шығыны ретінде әр келісіне қосымша 4 теңгеден 10 теңгеге дейін ақы қосылатынын айтты.

Жалпы облыста аталған зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгерінің егіс алқаптарын қосымша 6,7 мың гектарға арттырып, жалпы көлемін 24,9 мың гектарға жеткізу көзделіпті. Осы жылы орта есеппен зауытқа 150 мың тонна өнім өткізу жоспарланған екен. Зауыт өкілдерінің айтуынша, жүгері өнімдері қабылданғаннан кейін, оның ақысы үш күн ішінде төлейді.

Жалпы шаруа қожалықтарын ынталандыру мақсатында басым дақылдар өндірісін субсидиялау бағдарламасы аясында шаруалардың шеккен шығындарының бір бөлігі тиісті субсидиялау нормалары бойынша өтелмек. Осы орайда дәндік жүгері дақылының бір тоннасының субсидиялау нормасы 20 000 теңгені құрайды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар